Елбасы жаңа жылдық қайырымдылық кешке қатысты
2018 жылғы 28 желтоқсан 22:04 186
АСТАНА. ҚазАқпарат — Елбасы жаңа жылдық қайырымдылық кешке қатысты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Нұрсұлтан Назарбаев қайырымдылық кешке қатысушыларға арнаған сөзінде өтіп бара жатқан жыл бүкіл еліміз үшін жемісті болғанын атап өтті.
— Әлемде еліміздің беделі айтарлықтай нығая түсті. Қазақстанға тартылған инвестиция көлемі 17,5 пайызға артты. Жалпы, экономикамыз 4 пайыздан астам өсті. Бұл — бірлесе атқарған жұмысымыздың нәтижесі. Сондықтан, барлығыңызға алғыс айтамын, — деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы алдағы жылы елімізді одан әрі дамытуға септігін тигізетін көптеген шара өтетінін айтты.
— 2019 жылдан бастап ең төменгі жалақы 1,5 есе өседі. Бұл 1,3 миллион адамды қамтитын болады. Біліктілігін растаған мұғалімдердің еңбекақысы 30 пайыздан 50 пайызға дейін көбейеді. Құқық қорғау органдарының қызметін жақсарту жөніндегі жұмыстар атқарылады. Туризмді ілгерілету үшін де шаралар қабылданады, — деді Елбасы.
Нұрсұлтан Назарбаев келер жылы жастардың әлеуетін дамытуға ерекше мән берілетінін айтты.
— Жастарға арналған арнайы мемлекеттік бағдарлама төрт міндетті жүзеге асыруға бағытталады. Бұл — білім беру, баспанамен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау және патриоттық тәрбие беру мәселелері. Бүгінгі жұмыстардың бәрі болашағымыз үшін жасалуда. Жастардың басты өмірлік бағдары еліміздің тәуелсіздігі болуға тиіс, — деді Мемлекет басшысы.
Соңында Елбасы шараға қатысушыларды Жаңа жылмен тағы да құттықтап, барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке мен табыс тіледі.
Жаңажылдық кешті өткізуден түскен қаражат қайырымдылық мақсатқа жұмсалатын болады.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz