Қытайлар қаптап, елімізді басып алып жатқан жоқ
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қытайдан ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ деп санайды. Бұл туралы мемлекет басшысы жыл қорытындысы бойынша БАҚ өкілдерімен өткен кездесуінде айтты, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Sputnik Қазақстан сайтының дерегін негізге алып.
Президент Қазақстан мен Қытайдың қазіргі қарым-қатынасы жоғары деңгейде екенін атап өтті.
«Одан қорқатын ешнәрсе жоқ. Бұл дүние, тарих бізден басталған жоқ, бізбен аяқталмайды…Қытайлар қаптап, елімізді басып жатқан жоқ. Мен соны бақыламай, осы жерде не қарап отырмын?! Оның барлығы заңмен, келіссөзбен келісілген. Өндіріс салатын болса, бізде жоқ 500 маман тізім бойынша келеді. Зауыт құрылысы аяқталғаннан кейін, сол 500 адам еліне қайтады. Ол келісілген мәселе», — деді Назарбаев жыл қорытындысы бойынша журналистермен өткен кездесуінде.
Мемлекет басшысы 200 миллионнан астам қытай басқа елдерде тұратынын мысалға келтірді. Қай қалаға бара қалсаң, қытай қалашығы алдыңнан шығады. Ал бізде ондай ештеңе жоқ деді ол.
«Туыстары болатын шығар, үйленетін шығар, не істейсің, бұл енді өмір ғой. Сондықтан қазір Қытай Америкадан кейінгі әлемдегі екінші орында тұрған, өте мықты, өркендеп-өсіп бара жатқан ел. Технология мен техника жағынан бірге келе жатыр. Ақпараттық технология, жасанды интеллект, компьютерлік технология – барлық жағынан Қытай озып кетпесе, артта қалып жатқан жоқ», — деді президент.
Назарбаев Қытай, Ресей секілді көрші елдермен қарым-қатынас жасаспасақ, Қазақстан мемлекет болмай қалатынын айтты.
«Батысқа көбінесе Ресей арқылы шығамыз, шығысқа Қытай арқылы. Ал олармен арада достық қарым-қатынас, сенім болмаса, Қазақстан дамымай, бірден жоқ болып кетеді. Сондықтан біз қолдан келгенше Си Цзиньпин мырзаның «Бір белдеу – бір жол» (Жібек жолы) деген мәселесін қолдап отырмыз. Біздің «Нұрлы жол» батысқа қарай сол «Жібек жолының» жалғасы болып саналады», — деді Назарбаев.
Президент Қытаймен қарым-қатынас болғаннан кейін, жастардың қытай тілін білуі маңызды екенін атап өтті.
«Жастарымыз ағылшын тілінен кейін қытай тілін меңгеруі тиіс. Ашығын айтқанда, ешқандай қауіп жоқ деп санаймын. Керісінше, жұмысымызды күшейтуіміз керек. Қытай да біздің оларға барып жұмыс істеуімізге қарсы болып отырған жоқ. Бірақ, біз өз ішімізді жөндей алмай отырғанда, ол жақта не істейміз? Сондықтан біз қарым-қатынасты нығайтамыз, көршілік жағдайымызды әрі қарай түзеп, интеграцияны жүргізе береміз», — деп түйіндеді сөзін Назарбаев.