Тарих бізден басталған жоқ, бізбен аяқталмайды

0

2018 жылғы 28 желтоқсан 22:53 491

 Назарбаев Қытаймен қарым-қатынас туралы: Тарих бізден басталған жоқ, бізбен аяқталмайды


АСТАНА. ҚазАқпарат — Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев отандық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында Қазақстан мен Қытайдың қазіргі қарым-қатынасы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент Қазақстанға жұмыс істеуге келген Қытай азаматтарынан қорықпау қажеттігін айтты.

«Қытай мен Қазақстанның қазіргі қарым-қатынасы жоғары деңгейде. Одан қорқатын ештеңе жоқ. Тарих бізден басталған жоқ, бізбен аяқталмайды. Мың жылдан астам тарихымызда қанша адамдар, қанша ұлттар құрып, жоғалып, сіңіп кеткендері толып жатыр. «Қара қытай қаптаса, сары орыс нағашыңдай болады» деген мақал бар. Оны айтып жатқандары дұрыс емес. Мен осында не қарап отырмын соны қарамай? Жаппай бізге келіп жатқаны, қаптап жатқаны, басып жатқаны жоқ. Оның барлығы заңмен, келіссөзбен келісілген. Өндіріс салатын болса, мысалы бізде жоқ мамандар — 500 адам келеді, тізім береміз. Зауыт біткен соң, 500 адам қайтады. Ол келісілген мәселе, бір адам да қалмайды», — деді Президент.

Сонымен бірге, Президент 200 млн-нан астам қытайдың басқа елдерде тұратынын, көптеген қалаларда чайнатаун бар екенін атап өтіп, Қазақстанда ондай аудандардың жоқ екенін айтты.

«Қазір Қытай — Америкадан кейінгі екінші орындағы өте мықты өркендеп өсіп келе жатқан ел. Технология мен техникасын бірге алып келе жатыр. Ақпараттық технология, жасанды интеллект, компьютерлік технологиялар — барлық жағынан Қытай озып кетпесе, бірдей келе жатыр. Сондықтан, оларға жасап жатқан қысымның барлығы — соны ары қарай болдырмау үшін, бір жағы сескенгеннен», — деді ол.

Елбасы Батысқа шығатын жолдың Ресей арқылы, шығысқа жол — Қытай арқылы жүретінін еске салып, көршілес елдермен барынша тығыз қарым-қарынас орнату қажеттігін баса айтты.

«Сондықтан, біз қолдан келгенше, Си Цзиньпин мырзаның «Бір белдеу — бір жолын» қолдап отырмыз. Ол біздің «Нұрлы жол», «Жаңа Жібек жолының» жалғасы болып саналады. Соның арқасында барлық инфрақұрылымды жасап жатырмыз. 60-қа жуық жаңа өндіріс орындарын Қазақстанда салуды айттым. Жай емес, бүгінгі заманға сай өндіріс болуы керек. Олардың ескісін алайын деп отырған жоқпыз. Содан кейін біздің жастарымыздың Қытайда оқу мәселесі. Қарым-қатынас болғандықтан, ағылшын тілінен кейін жастарға Қытай тілін білу керек. Ашығынан, шынымен айтқанда ешқандай қауіп жоқ деп санаймын. Керісінше, жұмысымызды көбейтуіміз керек. Қытаймен қарым-қатынасты нығайтамыз, көршілік жағдайымызды түзей береміз. Интеграцияны жүргізе береміз», — деп өз сөзін түйіндеді Нұрсұлтан Назарбаев.

 

 

 

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz