Қызылордада қарақұйрық атқандар 12 млн теңге төлейтін болды
2018 жылғы 27 желтоқсан 21:42 234
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат — Қызылорда облысында полиция қызметкерлері аң аулау барысында Қызыл кітапқа енген 2 қарақұйрық және 33 қоян атып алған жергілікті тұрғындарға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Бұл оқиға Қызылорда облысы Жалағаш ауданына қарасты Жаңадария ауылы аумағында болған. Қызылорда облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасының табиғатты қорғау полиция бөлімінің қызметкерлерімен жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында табиғатқа елеулі залал келтірген тұрғындар қолға түсті. Олар мінген «Тоуоta Land Cruiser» маркалы автокөлігін тексеру барысында 2 қарақұйрық, 33 құм қояны, екі дана 12 калибрлі 1 ұңғылы мылтықтары заттай дәлел есебінде алынды.
«Осыған байланысты күдікті 32-33 жастағы екі азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабының 4-бөлігімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілді. Жинақталған материал Жалағаш аудандық сотына жолданған. Жалағаш аудандық сотының үкімімен Н.Ж. мен Е.Х. азаматтарға 2 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды. Осы мерзімде олар пробациялық бақылауға алынған. Сондай-ақ, сотталушылардан мемлекет пайдасына 8 млн. 729 мың 978 теңге және келтірілген залал үшін 3 млн. 284 мың 378 теңге өндіруге үкім шығарылған. Соған орай «Тоуоta Land Cruiser» маркалы автокөлігі, екі дана 12 калибрлі 1 ұңғылы мылтықтары мемлекет пайдасына тәркіленді», — деп хабарлайды Қызылорда облысы Полиция департаментінің Баспасөз қызметі.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысына сәйкес қарақұйрық аңы — жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерінің тізбесінде бар. Оған қоса Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz