ЖАС ТАЛАПҚА ЖӨН СІЛТЕЙМІН ДЕСЕҢІЗ…

0

Өткен жылы бастау алған «Жастар корпусын дамыту» жобасы Қазақстанның Павлодар, Қарағанды, Оңтүстік Қазақстан және Алматы сынды төрт облысын қамтып үлгерді. Елбасы келесі жылды жастарға арнауды ұйғарғандығын ескерсек, бұл мәселенің өзектілігі артуда.

2017-2020 жылдарға көзделген игілікті істің мақсаты жас толқынды қоғам тіршілігіне тарту, сондай-ақ күнделікті өмірде пайдалы қызмет дағдыларына оқыту арқылы олардың бойында бұққан дарын қырларын ашу болып отыр. Бұл жерде 14 пен 29 жас аралығындағы жастар құрамы назарға алынбақ. Әсіресе, қуантатыны, оқы­май­тын және жұмыс істемейтін немесе жұмыс істейтін, бірақ кедейлік кебін киген өскелең ұрпақ өкілдеріне ерекше көңіл бөлінбек.
Биыл жоба Ақтөбе, Шығыс Қазақ­стан, Жамбыл, Қостанай, Қызы­лорда, Солтүстік Қазақстан өңірлерінде жүзе­ге асырылып, былтырғы 2000 қаты­су­шы­дан бөлек, 3500-ден астам адамға қолдау көрсету жоспарлануда.
«Жобаның бірінші бағыты төрт бөлікке тармақталып, жастар топтары­на әлеуметтік жобаларды іске асыруға 1 000 000 теңгеге дейінгі гранттар және қатысушыларға әлеуметтік шәкірт­ақы­лар ұсынылады. Сонымен қатар жас азаматтар өмірлік маңызы бар дағды­ларды дамыту мен жобаларды басқару бойынша оқытылып, осал топтармен арнайы жұмыс істеледі. Тиімді ақпа­рат­тық-түсіндіру науқаны жүргізіліп, кері байланыс орнатылады. Әлбетте, міндетті түрде, түйткілдерді тарқатуға күш салынады», – дейді шарапатты шаруа­ны бірлесе тындыруға кіріскен Білім және ғылым министрлігі мен Халық­аралық қайта құру және даму банкінің сарапшылары.
Жоба қатысушылары өмірлік маңызы бар дағдылар мен жобаларды басқарудың бағдарламасы бойынша үш кезеңдік оқытудан өтеді, яғни алты ай бойы өз әлеуметтік жобаларын іске асырады, сондай-ақ ай сайын шәкірт­ақы: ЖОО түлектері – 60 000 теңге, қалған барлық қатысушылар 40 000 теңге алады. Сонымен қоса, талапты жастарға жөн сілтеуші тәлімгерлер тағайындалмақ.
«Іргелі басылымдар арқылы қазақ жастарының жобаға белсенді қатыс­қа­нын қалаймыз!» – дейді жобаны Үй­лес­тіру агенттігінің жетекшісі Вера Ким.

Тәңірберген АРҒЫН

Дереккөз: Айқын