Заңсыз шырша кескендерге салынатын айыппұл 15 есе өсті

0

2018 жылғы 27 желтоқсан 19:10 188

Заңсыз шырша кескендерге салынатын айыппұл 15 есе өсті


ҚОСТАНАЙ. ҚазАқпарат — Қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кескен қостанайлықтар қолға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Жыл сайын 1-31 желтоқсан аралығында қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кескені үшін салынатын айыппұл көлемі 15 есе өсіріледі. Осыған қарамастан шыршаға шүйлігіп, заңды белшесінен басатындар қатары азаяр емес. Жақында полиция қызметкерлері заңсыз шырша кескен Қостанай облысының төрт тұрғынын ұстады.

21 желтоқсанда Пресногорьковка ауылынан бір шақырым жердегі Первомай орман шаруашылығында тәртіп сақшылары Песчанка ауылының екі тұрғынын және Киров ауылының азаматын ұстады.

22 желтоқсанда кешкі уақытта Қостанай қалалық полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне орман күзетшісі жүгініп, Садовый кентінің маңындағы орман шетінен ағаш тиелген арбаны байқағанын хабарлайды. Із кескен полиция қызметкерлері 4 қарағай ағашын тиеген Садовый кентінің тұрғынын қолға түсірді. Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz