Жамбыл облысында бір отбасын қырып салған қойшыға қатысты сот үкімі шықты
Жамбыл облысында бүтін бір отбасын қырып салған қойшы 21 жылға бас бостандығынан айырылды. Сот төрағасы қаскөйдің әрекетіне қатысты осындай үкім шығарды, деп хабарлайды КТК арнасы.
Белгілі болғандай, ер адамның бойында психикалық ауытқу бар екен. Өз сөзінде ешкімді өлтіргісі келмегенін айтыпты.
«Ол адамдарды өлтіру туралы ойым болған жоқ дейді. Оның жауаптарымен сот келіспейді, өйткені адамды балғамен бастан ұрса, пышақты денесіне тықса, адам өлтіруге ой болмаған деп сенуге болмайды ғой», – дейді сот төрағасы Азамат Тілепов.
Сот төрағасы айыпталушыға 21 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.
Еске сала кетсек, 4 ай бұрын Шу қаласының 48 жастағы тұрғыны жергілікті шаруа қожалығының 48 жастағы басшысы мен оның 16 және 17 жастағы балаларын өлтіріп тастаған еді. Қайғылы оқиға Далақайнар кентінен 12 шақырым жердегі «Үш қызыл» учаскесіндегі таулы аймақта орналасқан шаруа қожалығында болды. 48 жастағы ер адамның денесі үйдің ауласынан, қыздың мәйіті бөлмелердің бірінен, ал ұлының денесі үйден 150 метр қашықтықта бұталардың арасынан табылды. Сонымен қатар, күдікті ұсталған кезде одан мотоцикл, ноутбук, ұялы телефон және марқұмдың ақшасы тәркіленді.
Источник: Stan.kz