Сенатта жастарға кәсіптік білім беру мәселесі талқыланды

0

Парламент Сенатында Президент Н.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» және «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауларында белгіленген міндеттер аясында кәсіби білім беру сапасын заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету мәселелері талқыланды. Шараны Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті ұйымдастырды.

Комитет төрағасы Бірғаным Әйтімова Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» Жолдауында кәсіби-техникалық білім беру мәселелеріне ерекше назар аударғанын еске салды. Елбасының Жолдауында «Жұмыс берушілерді тарту арқылы және халықаралық талаптар мен цифрлық дағдыларды ескере отырып, техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламаларын жаңарту керек. «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасын жүзеге асыруды жалғастыру қажет», — деп атап өтілген болатын.

Тіркеудің қолданыстағы тәртібін халықаралық стандарттарға, оның ішінде Еуропа кеңістігіндегі жоғары білім (ESG) сапасын қамтамасыз етудің стандарттары мен нұсқаулықтарына сәйкес жетілдіру үшін Америка, Еуропа және Азия елдерінде мойындалған тіркеу агенттіктері желісін кеңейтуге бағытталған Тіркеу органдарын тану ережесіне өзгерістер енгізілді. Білім беру рейтингтері әлемдік тәжірибеде қолданылатын білім беру сапасын өлшеу құралдарының бірі болып табылады. Білім беру жүйелерінің сапасын бағалау және салыстыру үшін әртүрлі рейтингтер (Quacquarelli Symonds, Times Higher Education AcademicRankingofWorldUniversities) пайдаланылады.

Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдар қызметінің Бірыңғай ережелеріне тәжірибелік-бағдар беруді оқуын қамтамасыз ету үшін жоғары оқу орындарына өнеркәсіптен сарапшыларды тартуға мүмкіндік беретін өзгерістер енгізілді. Бұл ретте оқытылатын пәндерге негізгі білім немесе ғылыми және академиялық дәрежесі сәйкес келуі міндетті емес және оқу орны өзі шешеді.

Жоғары оқу орындары түлектердің еңбекке орналастыру жоспарына елеулі талаптар қойылады. Жоғары оқу орындары мамандар даярлау барысында түлектердің 50 пайызынан астамын жыл бойына жұмысқа орналастыруы тиіс. Бұл шартқа сәйкес келмейтін оқу орындарының лицензиялары тоқтатылатын болады.

Білім берудің сапасын бағалаудың басты құралы тіркеу болып табылады. Қазіргі кезде білім беру ұйымдарының тізімдемесіне 102 жоғары оқу орны енген.

Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мүшесі Бақытжан Жұмағұлов жоғары білім беру саласында әзірге өнеркәсіп пен жұмыс берушілерден алшақ қалып келе жатқанын атап өтті. «Мамандарға сұраныстың негізделген жүйесін ешкім білмейді, ол туралы Мемлекет басшысы бірнеше мәрте тапсырған болатын. Бұл жерде сөзден іске көшетін уақыт келді», — деді сенатор. Ол сондай-ақ тіркеудің маңызды екенін де айтты. «Егерде Білім және ғылым министрлігі өзінің тетіктерін қолдана отырып оған тиімді қолдау білдіріп, кеңінен насихаттаса – ол білім беру сапасын арттыру міндетін адал атқаратын болады», — деді сенатор.

Кәсіптік білім берудің маңызды мәселелерін егжей-тегжейлі талқылағаннан кейін Б.Әйтімова кәсіби білім беруді заңнамалық тұрғыда қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатындығын атап өтті. Дөңгелек үстелдің қорытындысы бойынша осы саланы жетілдіру бойынша ұсыныстар жасалды. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Ұлттық біліктілік жүйесін, кәсіби стандарттарды, кәсіби жоғары білімі бар мамандардың біліктілігін сертификаттау жүйесін тиімді дамыту және құқықтық қолдау; еліміздің және оның аймақтарының нақты қажеттіліктерін қамтамасыз етуге бағытталған кәсіптік стандарттарды және білім беру бағдарламаларын әзірлеуге жұмыс берушілердің қатысуын құқықтық қамтамасыз ету мәселелерін пысықтау; жекеменшік жоғары оқу орындарында студенттерді мемлекеттік білім беру грантының құнына қосымша бірлесіп қаржыландыру мүмкіндігін қарастыру; халықаралық конкурстардың жеңімпаздары үшін бакалавриатта білім беру бағдарламалары үшін мемлекеттік гранттарға қабылдаудың басым құқықтарын анықтау мәселесін қарастыру; «Жоғары білім көшбасшылары» жобасына республикалық бюджеттен бөлінген қаржы бөлу туралы және басқа мәселелер бойынша шаралар қабылдау қажет.

Шараға қатысушы білім және ғылым министрінің орынбасары Асхат Аймағамбетов, денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ләззат Ақтаева, мәдениет және спорт министрінің орынбасары Aқтоты Райымқұлова, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Нұржан Әлтаев, Қазақстан жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Олжас Ордабаев, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры Ақылбек Күрішбаев және басқалар сөз сөйледі.

Қазақстан Республикасы Парламенті
Сенатының Баспасөз қызметі

Abai.kz

Дереккөз: https://abai.kz/