Шынар (Әнші Димаш Құдайбергенге)
Ұлы Дала ұлыған,
Ғасыр қалды табанда.
Әз әуені,
(мәуесін…)
Үлестірген,
жалаңға.
Өрең тұтас өртенген,
Өскін шығып,
өсерге.
еліктеген – ессізге,
елжіреген,
есерге.
Тақыр,
тамшы қалдырмай.
түгел жұтты,
тандырлап.
Қаңғырлаған қу тағдыр,
Бос шелектей даңғырлап…
Алдаспанға айналмас,
Селеу созса,
сырықтан.
Құлдық қамыт,
қырық қат.
«Бесік жырын» ұмытқан.
Өріс,
ғашық өртеңге,
гүл өседі, тас тесіп.
Күн нұрына шапшиды,
Бәсекелес,
бәстесіп.
Жаттың арзан,
даңғыры.
Талғам бұзды,
сорым боп.
Шырмауықтың ішінде,
Шынар өсер орын жоқ!
Болмыс,
нілдей бұзылып.
Босап қалса,
(Жұт, қайғы!)
Сандуғашы сарайдың,
Бұлбұл үнін ұқпайды!
Таза тұма,
Тұнығы.
Жанға сіңіп, жайланар.
Алпыс екі тамырмен,
«Құлақтан кіріп,
бойды алар»…
Қаталаған,
Қақталған.
Сіміреді құныға.
Мақшар-мүлгі әуездің,
Діл суардым нұрына.
Шыр айналған,
көбелек.
(Бәйшешекті сақтады…)
Жер бетінен,
шарқ ұрып,
Дауысыңды таппадым!
Көк аспанда ақ қыран,
Әуелер,
мың айналым.
Қоңыр Дала сазының,
Сүзіп іштің,
қаймағын!
Мыңжан Байжанин