Тен сотында адвокат қылмыстың «тапсырыспен жасалғанын» айтты
Желтоқсанның 25-і күні Алматы қалалық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында спортшы Денис Теннің өліміне қатысты алдын-ала сот тыңдауы басталды. Оған жәбірленуші жақ — спортшының туыстары, адвокаттары, айыпталушы және айыпталушының жақындары, адвокаттары, ақпарат құралдары қатысты. Сот ашық болғанмен процесс басталған кезде Денис Теннің анасы, үш күдікті өздерін фото-видеоға түсіруге рұқсат бермейтінін айтты. Істі судья Кеңшілік Абдельдинов қарап жатыр.
«ІСТЕ ҚАРАМА-ҚАЙШЫЛЫҚТАР КӨП»
Алғашқы сот тыңдауында жәбірленуші жақтың адвокаты Нұрлан Өстеміров сотқа 39 томды істе қарама-қайшылықтар көп екенін айтып, істі қайта қарауға жіберу керектігін айтты. Ол істің тапсырыспен жасалғанын жеткізді.
«Атап айтқанда онда істің тапсырыспен жасалған қылмыс екені айтылады. Сондықтан айыпталушылар қатарында тағы күдіктілер болуы керек» деді ол.
Жәбірленуші тараптың өтінішіне прокуратура өкілі мен қорғау тарабы қарсы болған. Судья Абдельдинов Өстеміровтің шағымын қанағаттандырмағанмен «егер сот барысында жаңа деректер анықталып жатса, қосымша қараймыз» деп айтты.
Теннің өліміне қатысты істе үш айыпталушы бар. Олар — Нұралы Қиясов, Арман Құдайбергенов және Жанар Толыбаева. Қиясов және Құдайбергеновке «Бұзақылық» (192-бап, 2-бөлім) және «Адам өлімі» (99-бап, 2-бөлім) баптары бойынша айыптар тағылған. Ал Толыбаева «қылмысты хабарламау» (434-бап) айыбы бойынша күдікке ілінген. Бұдан бөлек, Құдайбергеновке — «бірнеше рет ұрлық жасады», ал Толыбаеваға — «өзара келісіп ұрлық жасады» деген айып тағылған. Олар жаз айларынан бері қамауда отыр.
Айыпталушылар күдікке ілінген баптардың бірі бойынша өмірлік жаза беру қарастырылғандықтан судья олардың ісін алқа билер қарастыра алатынын айтты. Бірақ айыпталушылар одан бас тартты. Келесі сот отырысы қаңтардың 3-іне белгіленді.
Шілденің 19-ы күні Алматыда қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы, Сочи олимпиадасының қола жүлдегері, Азия ойындарының чемпионы Денис Тен пышақ жарақатынан ауруханада қаза тапқан. Спортшы қала орталығында көлігінің жанында әлдекімдер салған пышақ жарақатынан ауруханаға жеткізілген соң қайтыс болған. Алдын-ала дерек бойынша, ол көлігінің айнасын ұрлаған адамдарды тоқтатпақ болған кезде жараланған.
Спортшының өлімі қоғамда резонанс тудырды. Елде ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымовтың отставкасын талап еткен ұрандар көбейді.
Қарай отырыңыз: Министр Қасымов отставка туралы айтты:
Дереккөз: Азаттық