Ақтауда шетелдік компания әкімдіктен ақшасын ала алмай жүр — новости Казахстана
Ақтауда қаланы жарықтандыратын шетелдік инвесторлар әкімдіктен өзіне тиесілі ақшаны ала алмай жүр. Жергілікті шенеуніктер шам шығаратын қытайлық компанияға жүздеген миллионға тапсырып беріп алып, кейіннен одан бас тартқан деп хабарлайды «Астана» арнасына сілтеме жасаған NUR.KZ.
Қазіргі таңда екі тарап бір-бірін сотқа берген. Маңғыстау облыстық мамандандырылған экономикалық соты әкімдіктегілердің әрекетін заңсыз деп тапқан. Алайда, инвестор қорғаушысының мәлімдеуінше, шенеуніктер келтірген шығынын өтеуге асығар емес.
«Судья Ақтау қаласы әкімдігінің инвестормен арадағы мемлекеттік сатып алу туралы келісімді бұзу арызын заңсыз деп тапты. Бірақ, олар әлі де тауардың ақшасын төлемей жатыр. Әкімдік өкілдері Қытайға барып, зауытты өз көзімен көрді. Содан кейін ғана екі жақ меморандумға қол қойылды. Кейіннен, тауар Ақтауға жеткізілген соң, тапсырыстан бас тартады. Президенттің өзі шетелдік инвесторларды тартыңдар деп жатқанда, шенеуніктердің бұл қылығын түсінбер емеспіз» , — деді адвокат.
Анықталғандай, қытайлық компания Ақтаудағы 14-ші ықшам ауданға энергия үнемдейтін 81 шам орнатады. Шенеуніктер бұл жаңа шамдардың көмегімен электр энергияны 92 пайызға үнемдеуге болатынын көріп, бүкіл қала көшелеріндегі жарықты ауыстыруға білек сыбана кіріседі.
Бұл ұсынысты облыс әкімі Ералы Тоғжановтың өзі мақұлдаған көрінеді. Жаңа шамдардың видео бақылау, радар, wi-fi, көлік пен ұялы телефонды зарядтау сынды 14 түрлі қосымша қызметі бар. Шетелдік инвесторлар Ақтауға 7 мың 239 шам орнатуы тиіс болған. Алайда, қалаға алдымен екі мың шам жеткізілген. Ол жүк қазіргі таңда қалада тұр.
Қытай компаниясы 500 миллионға жуық теңгеге шығынға батқан. Оған тапсырыс беріп, бір тиын да төлемеген әкімдік себепкер. Әкімдіктегілер өз кезегінде, шетелдік инвесторларды сотқа берген. Даулы оқиғаға қатысты өз пікірін әкімдік өкілдері ертен береміз деп уәде етті.