Алматы облысында жетімнен тартып алынған үйді прокурорлар қайтарып берді

0

2018 жылғы 25 желтоқсан 13:30 0

ТАЛДЫҚОРҒАН.ҚазАқпарат —  Алматы облысына қарасты Ескелді ауданының тұрғыны 2009 жылы қайтыс болып, оның кәмелетке толмаған төрт баласы жақын туысқанына қомқоршылыққа берілген. Алайда қамқоршы ана балаларға мемлекет тарапынан берілген пәтерді де, жәрдемақыны да мақсатсыз пайдаланғанын облыстың прокурорлары анықтады, —  деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған орай, жетім балалардың ішінен кәмелетке толған үлкені Құқық қорғау қызметтері орталығына көмек сұрап келді. Шағымданушының сөзінше,  2015 жылы жергілікті атқарушы органмен мемлекеттік тұрғын-үй қорынан жетім балаларға пәтер берілген.

«Алайда, қамқорлыққа алынған балалардың мүліктік құқықтарын бұза отырып, қамқоршы осы пәтерге өзінің қызын кіргізген. Ал жетім балаларды асырауға және тұруға қалыпты жағдайы жоқ өзінің үйіне орналастырған. Прокурорлармен өтініш берушінің уәждері мұқият қаралды. Сондай-ақ қорғаншылық және қамқоршылық органдарымен бірлесіп, қанағаттанарлықсыз деп танылған отбасылардың тұрғын-үй тұрмыстық жағдайларына тексеріс жүргізілді. Балаларды асырауға ай сайын мемлекеттен беріліп отырған жәрдемақыны қамқоршы мақсатсыз пайдаланғаны анықталды»,  — деп мәлімдеді Алматы облысы прокуратурасының баспасөз қызметі.

 Қабылданған шаралардың нәтижесінде жетім балалар мемлекеттен берілген  пәтерге оралды. Ал жақын туыс болып келген  қамқоршы міндеттерін орындаудан босатылып, балалар кәмелетке толған әпкелерінің қамқорына берілді.

Айта кетейік, облыс прокуратурасының Құқық қорғау қызметтері орталығына көмек сұрап келетін  азаматтардың қатары артып келеді. Мәселен, биыл осы орталыққа  2,7 мыңнан астам азамат өтініш білдірген.

 

 

Дереккөз: https://www.inform.kz/kz