Сириядан АҚШ әскерін әкету туралы құжатқа қол қойылды

0

АҚШ әскерін Сириядан әкету туралы құжатқа қол қойылды деп хабарлайды АҚШ ақпарат құралдары Пентагон мәлімдемесіне сүйене отырып. Аталған құжат Америка әскерін Сириядан әкетудің тәртібі мен мерзімін анықтайды.​

Қорғаныс министрлігіндегі құпия ақпарат көзіне сүйенген CNN телеарнасы 23 желтоқсанда қорғаныс министрі Джеймс Мэттистің құжатқа қол қойғанын хабарлады. Бұл құжат Америка әскерін Сириядан әкетудің тәртібі мен мерзімін анықтайды. Ондағы ережелер бірнеше аптадан кейін жүзеге асырыла бастауы мүмкін.

Бұған дейін АҚШ президенті Дональд Трамп арнайы мәлімдеме жасап, «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы соғыстағы «тарихи жеңістен кейін» барлық америкалық әскерилер «Отанына қайтады» деп айтқан еді.

«Біз ИМ-ді жеңдік, біз оларды талқандап, кәдімгідей күйреттік. Қазір әскеріміздің үйге оралатын уақыты келді» деді Трамп желтоқсанның 19-ы күні Twitter-де жариялаған видеоүндеуде.

Трамптың шешімін республикашылдар да, демократтар да, бұрынғы үкімет жетекшілері, халықаралық одақ мүшелері де сынаған. Солардың бірі демократ Джек Рид президент мұндай шешім қабылдай отырып, одақтас күрдтер алдында «сатқындық» жасады деп айыптаған. Президенттің кейбір оппоненттері бұл аймақта ықпалын күшейткен Иран мен Ресейге жеңісті қолдан береді деп қауіптенген.

Франция президенті Эммануэль Макрон 23 желтоқсанда Трамптың шешіміне «қатты өкінетінетінін» айтып, «одақтас ел сенімді ақтауы тиіс» деп айтқан. Бұған дейін Трамп айналасындағы саясаткерлер де оны шешімінен бас тартуға көндіруге тырысқан.

Ал Ресей сыртқы істер министрлігі АҚШ-тың Сириядан әскерін шығару туралы шешімі осы елдегі жанжалды саяси жолмен реттеу перспективасына жол ашады деді. Бұған дейін Ресей Сирия президенті Башар Асадтың үкіметі құптамайтындығы себепті америкалық әскердің Сирияда болуға құқы жоқ деп бірнеше рет мәлімдеген.

АҚШ Сириядағы әскери әуе операцияларын 2014 жылы бастап, 2015 жылы жаяу әскерін жіберген. Қазіргі кезде Сирияда екі мыңға жуық америкалық әскери бар, олардың көпшілігі – ИМ тобына қарсы күресіп жатқан күрд және араб жасағымен бір альянстағы арнайы әскери бөлімшелер. Сириядағы АҚШ әскерінің үлкен бөлігі елдің солтүстік-шығысында орналасқан. Америкалық әскерилер осы аудандарда «Ислам мемлекеті» тобынан азат етуге болысқан, бірақ аймақта қарулы қарсылық танытып жатқан содырлар әлі бар.

Сириядағы АҚШ әскерилері мінген техника

Сириядағы АҚШ әскерилері мінген техника

Трамп АҚШ әскерін Сириядан шығаратынын мәлімдеген соң қарсылық ретінде қорғаныс министрі Джеймс Мэттис отставкаға кететінін мәлімдеген. «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы ғаламдық коалициядағы АҚШ уәкілі Бретт Макгурк те отставкаға кететінін айтқан.

23 желтоқсанда Дональд Трамп Мэттистің міндетін уақытша қорғаныс министрінің орынбасары Патрик Шэнахан атқаратынын жеткізген. Трамп Twitter-дегі парақшасында «Қорғаныс министрінің өте талантты орынбасары Патрик Шэнахан 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап министр міндетін атқарады. Патрик министрдің орынбасары ретінде, оның алдында Boeing компаниясындағы қызметінде көп жетістікке жеткен. Ол тамаша басқарушы бола алады» деп жазды.

АҚШ-тың қорғаныс министрі Джеймс Мэттис

АҚШ-тың қорғаныс министрі Джеймс Мэттис

Сирияда 2011 жылы наурызда үкіметке қарсы наразылықты биліктің басып-жаншуынан басталған және 400 мыңға жуық адамның өмірін қиған қарулы жанжал кезінде Мәскеу мен Тегеран Асад режиміне қолдау танытып келеді. Жанжал кесірінен миллиондаған сириялық азамат үй-жайын тастап бассауғалап кетуге мәжбүр болған, көптеген тарихи орындар күйреп, қиратылған. 2014 жылы экстремистік күштер Сирия мен Ирактың ауқымды бөлігін бақылауына алып, «халифат» құрғандарын жариялаған. Қазіргі кезде «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы содырлары Иракта бақылауында ұстаған территориядан айрылған, бірақ ара-тұра шабуыл жасап отырады.


Дереккөз: Азаттық