Астанада Ержан Жаубайдың фотокөрмесі өтті
Астана, BAQ.KZ. 21 желтоқсанда ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруыме «Алтын Тұғыр – 2018» атты ұлттық спорт үздіктерін марапаттау кеші өтті. Жиын барысында Argymaq.kz сайтының Бас редакторы, BAQ.KZ ақпарат агенттігіндегі әріптесіміз Ержан Жаубай «Үздік фотограф» аталымы бойынша марапатталып, Argymaq.kz порталы түсірген фотолардан көрме ұйымдастырылды.
Argymaq.kz порталы іске қосылғанына алдағы 2019 жылы 5 жыл болады. Сайттың құрылуына, бүгінге дейін тоқтаусыз жұмыс істеп тұруына бірден-бір себеп – қазақ халқының өзі кие тұтар жылқыға деген сүйіспеншілігі.
«Фотоаппарат арқалап жүргенде мықты картина жасайын немесе фотокөрме өткізейін деген ой болмағаны анық. Тек сайтқа салар мақала, сұқбаттарымыздың әдемірек, шынайырақ шығуы үшін кадр ұстасақ деген мақсат қана болды. Осы мақсатта 4 жылдан астам уақытта фотоаппарат объективіне 40 мыңға тарта кадр ілініпті», — дейді Ержан Жаубай.
Фотосуреттердің авторы Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарияланғанша қазақ жылқысына аса мән берілмей келгені туралы айтты.
«4 жыл ішінде жылқының айналасында әңгіме қозғап, атбегілермен, жылқытанушылармен, тарихшылармен, жылқы шаруашылығы өкілдерімен сұқбаттасып, пікір алмастық. Талай кітапты ақтарып, талай мақаланы сүзгіден өткіздік. Оның сыртында қаншама сайыстардың көрермені, жазарманы болдық. Осы кездердің барлығында фотоаппаратымыз қолымыздан түскен жоқ десек – артық айтқандық емес. Елбасының мақаласында айтылған «Атқа міну мәдениеті» еліміздің біраз азаматына ой салғаны анық. Әрине, бұл бастаманың құр даңғаза, науқаншылдыққа ұласып кетпегені жақсы», — дейді ол.
Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!
Ұқсас сілтемелер:
Дереккөз: BAQ.KZ