Әңгіме: Ғабиден Қожахмет | Мұғалиманың ізі

0

— Не болды, жаным?! Тағы да түсіңнен шошыдың ба?! Тағы да сол түсіңе қыздарың кірді ме?! Кішкене демалшы, жаным!

— Ұйықтай алмаймын, Берден! Ұйықтай алмаймын! Осы бір он үш қызды уайымдап ұйықтай алмаймын енді! Жүрші, аулаға шығып келейік! Жүрегім бір түрлі болып тұр, Берден!

***

— Міне, көрдің бе, жаным? Көше деген тым-тырыс қой.

— Сонда да көшені бір жағалап қайтайықшы, Берден!

— Жаным-ау, осылай күн сайын ұйықтамай көше жағалаймыз да жүреміз бе?!

— Ренжімеші енді, Берден!

— Жаным-ау, ол қыздарды несіне уайымдай бересің?! Жанында мамалары бар емес пе?

— Мамаларға сенуге болмайды, Берден! Қыз деген шығып кетейін десе, терезенің көзінен де шығып кете береді. Анау не, Берден?! Ағараңдап тұрған анау не, Берден?!

— Мынау ма?! Жаным-ау, есек емес пе?! Міне, жарықты жағып көрсетейін бе? Ақ есек екен. Жанында қодығы да бар.

— Құдайым-ай! Көзіме ақ фартук елестеп кеткенінші!

— Жаным-ау, қыздар түнде ақ фартук киіп жүрмейді ғой?

— Сен олардың не киіп жүретінін қайдан білейін деп едің, Берден?!

— Жаным-ау, осылай түнімен жүре береміз бе енді? Саған ұйықтау керек қой! Азанда сабағың бар емес пе?

— Алты сабағым бар, Берден.

— Әне, көрдің бе?! Саған ұйықтау керек. Бұлай жалғаса беретін болса, денсаулығыңды құртасың ғой.

— Денсаулықты ойлайтындай болып жүрмін бе, Берден? Көзімді жұмсам болды, он үш қызым біреумен кездесіп тұрғандай көрінеді.

— Сонда да саған көз шырымын алу керек, жаным!

— Жарайды, Берден! Ренжімеші енді! Мені сүйіп қосылдым деп едің ғой?

— Сүйіп үйлендім дедім ғой, жаным! Сүйіп үйлендім!

***

Арада уақыт өтеді. Баяғы он үш қыз 10, 20, 30 жылдыққа келеді.

— Өй, бар болғырлар! Келдіңдер ме? Он үшің де түгел келдіңдер ме? Баяғыда сендерді уайымдап өліп қала жаздайтын едім.

— Бізді несіне уайымдай бердіңіз, апай? Жігітпен жүргізбейтін едіңіз ғой?

— Жігітпен жүріп неғылайын деп едіңдер?! Бәленің бәрі сол жігітпен жүруден басталады. Бір ұлы педагог айтқан: «Махаббат деген сөзді естігенде басқа қыз-келіншектердің жүрегі толқыныстан дір ете қалатын болса, мұғалиманың жүрегі қорқыныштан дір ете қалады» деп.

— Бітіріп кеткен ұлдармен сөйлесіп тұрғанымызды көрсеңіздер, жиналыстан
жиналыс.

— Бәленің бәрі сол бітіріп кеткен ұлдардан келеді ғой өзі.

— Өзіміздің кластың ұлдарымен де сөйлестірмейтін едіңіздер?

— Олармен не сөйлесейін деп едіңдер? Отырған жоқсыңдар ма бір кластың ішінде атысып-шабысып, бір-бірлеріңе қағаз лақтырысып ойнап.
Маған сыйлық әкелдіңдер ме? Өздерің шет елге шығып, келіп жүр екенсіңдер.

— Апай, соңғы қоңыраудағы әндерді айтайықшы!

— Айтамыз! Неге айтпайды екенбіз?!

— Апай, соңғы қоңырауда қуанып жүрдіңіз ғой? Бізден құтылғаныңызға қуанып жүрдіңіз бе?

— Сендерден құтылғаныма қуанып нем бар? Жауапкершілік деген болады.

— Бізге еш уақытта мұғалім болма деуші едіңіз ғой?

— Соны сендер тыңдайтын ба едіңдер? Болыпты ғой мына қыз! Сен қыз мұғалім болыпсың ғой?

— Апай, ізіңізді қуып жүрмін ғой.

— Менің ізімді несін қуасың, қарағым?! Менің ізім осы ауылдың көшесінде қалды ғой. Сендер үшін түн ұйқымды төрт бөлген апаймын мен.