Полицияның науқасты апара жатқан жедел жәрдемді неліктен тоқтатқаны анықталуда
2018 жылғы 23 желтоқсан 22:46 717
АСТАНА. ҚазАқпарат — Атырау облысында науқасты қалаға апара жатқан жедел жәрдем көлігін полицейлердің неліктен тоқтатқаны анықталуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Айта кетсек, бұдан бұрын әлеуметтік желіде қолданушылардың көңілін күпті еткен видео тараған болатын. Видео «жол полициясы науқасты апара жатқан жедел жәрдем көлігін тоқтатты» деген жазбамен тарап жүр.
Көптің наразылығын тудырған видеоға қатысты ҚР ІІМ Ішкі жəне сыртқы коммуникациялар департаментінің директоры Алмас Садубаев түсініктеме берді.
«Видеода түсіп қалғандай, полиция қызметкерлерінің жедел жәрдем көлігін тоқтату жағдайы, шынында да, Атырау облысының аумағында 22 желтоқсанда тіркелген. Қазіргі уақытта аталмыш жайға байланысты қызметтік тексеру жүргізіліп жатыр. Азаматтардан мән-жайдың анықталуын күтуді, жарты минуттық ролик бойынша полиция қызметкерлерін кінәлауға асықпауды сұраймыз. Полицияның басты міндеті — қазақстандықтардың өмірін қорғау. Полиция қызметкерлері жедел жәрдем көлігін негізсіз тоқтатпайды», — дейді Алмас Садубаев.
ІІМ өкілінің хабарлауынша, жедел жәрдем көлігі арнайы сигналсыз, жол жүру ережесін бұза отырып қозғалған болса, полиция қызметкерлерінің оны тоқтатып, мән-жайды анықтаудан басқа амалы жоқ.
«Мұның бәрі салондағы азаматтардың, сонымен бірге науқастардың амандығы үшін тексеріледі. Күрделі жағдайлар туындай қалса, науқасты медициналық мекемеге жеткізу үшін қағаз жұмыстарды қоя тұрып, нақты шаралар қабылданады», — дейді ІІМ өкілі.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz