Тарифтер жаппай төмендемек | «Айқын» газеті
Алдағы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Қазақстанның барлық өңірінде коммуналдық қызметтердің тарифтері төмендейді. Бұл туралы Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясында жария етілді.
Ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен Ұлттық экономика вице-министрі Серік Жұманғарин Елбасының 2018 жылғы 7 қарашада Қауіпсіздік кеңесінің отырысында тарифтерді төмендетуге және тариф қалыптастыру ісінің айқындылығын күшейтуге қатысты берген тапсырмаларының орындалу барысын баяндады.
Оның айтуынша, 12 қарашадан бастап, барлық өңірде халықпен кері байланысты жолға қою жұмысы ұйымдастырылған. Атап айтқанда, «Нұр Отан» партиясының, әкімдіктердің, қоғамдық бірлестіктердің өкілдерін және журналистерді шақыра отырып, ТКШ саласындағы түйткілді мәселелер бойынша 102 қоғамдық қабылдау өткізілген. Бұл қабылдаулар жұмысына 3 мыңға жуық адам қатысып, арыз-шағымын жеткізген. Бұдан бөлек, «қауырт желі» телефондары ұйымдастырылған.
– Келіп түскен өтінімдер мен арыз-шағымдарды қарау қорытындысы бойынша сондай-ақ монополистердің негізсіз алған кірістерін анықтап, оларды тұтынушыларға қайтару мақсатында 55 монополисті жоспардан тыс тексеру жүргізілуде. Тағы 15 жоспардан тыс тексеріс басталу сатысында тұр, – деді С.Жұманғарин.
Вице-министр қазіргі кезде қолға алынған шаралар арқасында барлық өңірде коммуналдық қызметтердің, соның ішінде сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, электрмен жабдықтау, жылумен және газбен қамту тарифтері төмендетілетінін мәлімдеді.
Ұлттық экономика министрлігінің ақпаратына сәйкес, биылғы 20 желтоқсандағы жағдай бойынша үш өңірдің тұрғыны үшін жылу тарифтері төмендетілген. Нақтырақ тоқталсақ, жылу құны Ақмола облысында – 36,8%-ға (үйдің шаршы метрі үшін 116,1-ден
73,4 теңгеге дейін), СҚО-да – 1,1%-ға (114,7-ден 113,4 теңгеге дейін), Семей қаласында (ШҚО) 2,8%-ға (70,1-ден 68,2 теңгеге дейін) арзандапты.
Бұған қоса, 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, қалған 14 өңірдің тұрғындары осы игілікке қол жеткізбек. Бұл ретте ең аз төмендеу Қарағанды облысында – 2,2%, ал ең жоғарысы Түркістан облысында 15,3%-ға дейін. Нәтижесінде, халықтың жылумен қамту қызметінен үнемдейтін қаржысы шамамен 6 миллиард теңгені құрайды.
– Бұған дейін шекті тарифтер аясында 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап, барлық өңірде қызметтің бүкіл бес түрі бойынша (су, кәріз, электр, жылу және газ) тарифтердің қымбаттауын жоспарлаған едік. Енді антимонополиялық органның және жергілікті атқарушы органдардың табиғи монополиялар субъектілеріне қатысты жүргізген бірлескен жұмысының нәтижесінде 1 қаңтардан кейін тарифтер көтерілмей, керісінше, төмендейді деп күтіп отырмыз, – деді Серік Жұманғарин.
Оның мәліметінше, алдағы 1 қаңтардан Ақтөбе облысының тұрғындары үшін жылу тарифін 10%-ға (шаршы метріне 129,25-тен 116,33 теңгеге дейін) төмендету көзделген. Бұған қоса, «Ақтөбе ЖЭО» АҚ-ның жылу энергиясын өндіру қызметіне өтемдік тарифтің бекітілуіне орай, жылу тарифі 2019 жылғы 1 ақпаннан бастап, тағы 10%-ға (116,33-тен 104,7 теңгеге дейін) арзандауы күтілуде. Осылайша, жалпы алғанда, 2019 жылы Ақтөбеде жылу тарифі 19%-ға (129,25-тен 104,7 теңгеге дейін) кемуі тиіс.
Сумен жабдықтау саласында қазірдің өзінде Жамбыл облысында су тарифі 22%-ға (текше метрі үшін 52,3-тен 40,8 теңгеге дейін) қысқартылды. 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап қалған 16 аймақта тұрғындар үшін тарифтер 3%-дан 22,7%-ға дейін төмендемек.
Елбасының қатаң сынынан кейін газбен жабдықтау саласында да бой бермей кеткен тарифтің беті бермен қарауда. Ұлттық экономика министрлігі келесі жылдың 1 қаңтарынан бағаның төмендеу деңгейі 3,3%-дан 17,5% аралығында болатынын мәлім етті. Соның ішінде алматылықтар үшін газ бағасы енді 12%-ға (текше метрі үшін 29,8-ден 26,2 теңгеге дейін), Шымкент қаласы мен Түркістан облысында – 6%-ға (30,7-ден 28,9 теңгеге дейін), Жамбыл облысында 6%-ға (24,3-тен 22,8 теңгеге дейін) арзан болады. Сөйтіп, газбен жабдықтау қызметтеріне шығындалатын халық қаражатының шамамен 5 миллиард теңгесі үнемделмек.
Бағасы тоқтаусыз басқа шауып, төске өрлеген электрмен жабдықтау қалың бұқараның қалтасын қағатын бір сала екені жасырын емес.
– Күні кеше ғана Энергетика министрлігі стансалардағы бағаның төмендегені туралы ақпаратын жариялады. Жүргізілген жұмыстар арқасында энергиямен жабдықтаудың түпкілікті тұтынушыға арналған бағасын стансадан кейінгі тізбек бойынша төмендету мүмкіндігі пайда болды. Өйткені электр энергиясының бөлшек бағаларындағы стансалардың үлесі 60%-ға дейін жетеді, – деді вице-министр.
Айтқандай, 2015 жылы бекітілген бесжылдық шекті тариф аясында электр энергиясын өңірлер арасында сым желілермен жеткізетін KEGOC АҚ-ның тарифінің де 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 12%-ға, яғни 2,4-тен 2,8 теңге/кВтсағатқа дейін қымбаттауы жоспарланған көрінеді. Дегенмен сынға ұшыраған Табиғи монополияларды реттеу, бәсекелестікті және тұтынушылардың құқығын қорғау комитеті KEGOC АҚ-мен келіссөз жүргізіп, тарифті өсірмей, сол қалпында 2,4 тг/кВтасағат деңгейінде қалдыру туралы уағдаласыпты.
Жаңа жылдан бастап еліміздің барлық өңірінде халық үшін электр қуатының бағалары төмендейді деп күтілуде. Арзандау ауқымы 1,7%-дан 22,32%-ға дейінгі аралықты қамтиды. Соның арқасында электрмен жабдықтау қызметінен ел 7,8 миллиард теңгеге жуық қаржы үнемдемек.
Бизнес, яғни заңды тұлағалар үшін электр энергиясының бөлшек бағалары 8 өңірде 1,7%-дан 18%-ға дейін төмендемек. Сөйтіп, тұтынушылардың жалпы қаражат үнемдеуі электрмен жабдықтау саласында шамамен 14,5 миллиард теңгені құрайды.
«Айта кету керек, тарифтердің осы арзандауы халықтың ай сайын коммуналды қызметке төлейтін орташа төлем чегінің көлемін төмендетуге жол ашады. Мәселен, ауданы 60 шаршы метрлік 2 бөлмелі пәтерде тұрып жатқан, үш адамнан құралған отбасының төлем қағазындағы сомасы былайша кемиді: Алматы қаласында мұндай отбасы орта есеппен коммуналдық қызметтерге 14 483 теңге шығындап келсе, 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап, орташа төлемі 13 128 теңге болады немесе ай сайын 1 353 теңгеге азаяды. Астанада орта есеппен коммуналдық қызметтер үшін төлемі 10 666 теңге болса, алдағы 1 қаңтардан орташа 9 604 теңгені құрайды немесе ай сайын 1 062 теңгеге төмендейді, – деді С.Жұманғарин.
Шымкентте 60 шаршы метрлік үйдегі бұл үнемдеу айына 1 340 теңгеге, Ақтөбеде – 1 068 теңгеге, Оралда – 1 035 теңгеге, Қызылордада – 865 теңгеге, Таразда – 806 теңгеге, Өскеменде – 313 теңгеге, Петропавлда 383 теңгеге жетпек.
Вице-министр бұдан былай коммуналдық тарифтер көлемі монополистер жұмысының сапа, сенімділік және тиімділік көрсеткіштеріне байланыстырылатынын да қосты.
Елдос СЕНБАЙ
Дереккөз: Айқын