Варшава геттосындағы көтеріліске қатысқан соңғы адам қайтыс болды
Израильде 1943 жылы Варшава геттосында болған көтеріліске қатысқан соңғы адам — Симха Ротайзер-Ротем 94 жасында дүниеден өтті.
Казик деген лақап атымен танымал Симха Ротайзер-Ротем 1943 жылы нацистер басып алған Варшава қаласындағы еврей геттосында көтеріліс жасаған еврейлер жасағының мүшесі болған. Нацистер көтерілісті қатыгездікпен басып, геттодағы 10 мыңнан астам адамды қырып-жойған, 50 мыңға жуық адамды ажал лагеріне айдаған.
Көтеріліс кезінде 19 жаста болған Симха Ротем 1943 жылы мамырда көтерілістің соңғы күндері геттодағы адамдарды құтқаруға қатысқан, геттодан кәріз желісі арылы ондаған адам құтқарылған. Кейін ол Варшавада 1944 жылы тамызда болған көтеріліске де қатысқан, ал Екінші дүниежүзілік соғыс аяқталғаннан кейін Ротем Палестинаға қоныс аударған. Ол өмірінің соңына дейін Израильде, Иерусалим қаласында тұрған. Оған Варшава қаласының құрметті азаматы атағы берілген.
Дереккөз: Азаттық