АТАУ НЕГЕ АУЫСПАЙДЫ? | «Айқын» газеті
Бетпақдаладан Тянь-Шаньға, Шудан Қаратауға дейінгі аумақты ен жайлаған, аумағы 144,2 мың шаршы шақырым болатын Жамбыл облысының бір түкпірінде Гранитогорск деген ауыл бар. Табиғаты сондай әсем. Тауды жарып аққан бұлағының өзі бұл өлкенің сұлулығынан хабар берсе керек. Шатқалы мен асуында бабаларымыздың ізі қалған қастерлі аймақтың орысша атауы әлі күнге мызғымай тұр.
Қазақтың ән өнерінде өзіндік ізін салып, қараша халықтың басынан өткен жағдайларды сазбен суреттеп, ғажап әуеннен ескерткіш орнатқан Алтынбек Қоразбаев осы өлкеде туып-өскен. Тұмса табиғатты аймақтан бабаларының қалай қуылғанын, жаттың қолына қалай өткенін жастайынан естіп есейіпті. Содан болса керек, жанына қатты батады. Қазақстанның Халық артисімен таяуда осы мәселеге орай арнайы жолықтық. Алтынбек ағамыз Гранитогорск атауын өзгерту туралы Елбасының өзіне жүзбе-жүз айтқанын, Президенттің бұл ұсынысты қолдағанын әңгімелеп берді.
– Жамбыл облысы Меркі ауданындағы таудың бөктерінде, Аспара өзенінің бойында Гранитогорск деген мекен бар. Онда 300-400-ге тарта түтін бар. Ол жер ата-бабамның ата қонысы болған. Сонау 1930 жылдары орыс отаршылдары келіп, шұрайлы жерді жаулап алған. Әкем айтып отыратын, «жалғыз мылтықпен аспанға тарсылдатып ататын» деп. Сөйтіп, қазақтың бәрін қорқытып, қуған ғой. Ол жерде Қоңырбай деген атамның қыстағы болған. Қыстауға бес-алты ата болып келіп, таудың әр түкпіріне ыңғайлап орналасады екен. Содан орыстардан қорқып, үш шақырымдай төмендегі Қызылсай деген сайға көшіп кетеді.
Биыл маусым айында Елбасы жылдағы әдеті бойынша ауыз бекіткен адамдарды жинап, ауызашар берді. Екі күн бұрын Ақордадан жігіттер хабарласып, «Алтеке, Елбасының өзі шақыртып отыр. 1 маусым күні Президент ауызашар береді. Сол шараға келуіңіз керек. Ол кісіден кейін сіз сөз сөйлейсіз», – деді. Бас мүфти болды аталған іс-шарада. Елбасыға Ермахан Ыбырайымов пен ассамблеяның тағы бір мүшесі жақынырақ отырды. Президент ортамызға келіп, елмен амандасқаннан кейін маған бұрылып: «Алтеке, Қызылсайға барып тұрасың ба?» – деді. Шынымды айтайын, жүрегім жарылып кете жаздады. Себебі, сол Қызылсайда туғанмын. Балалығымның балдырған кезеңі, есейіп етек жиған шағым сол өлкеде өтті ғой. «Қызылсайды қайдан білесіз?» – деппін. «Ой, Алтеке-ау, сен әндеріңнің біразында «Қызылсай» деп айтып жатасың ғой. Туған жерің екенін білемін», – деді. Елбасының осыншалықты пайым-парасатына куә болып, қатты қуандым. Сол қуанғаннан жоғарыдағы туған жеріме қатысты түйткілді мәселенің бірін қалдырмай, айтып бердім. «Аға, туған жерім – Қызылсайдан ары үш шақырымдай жердегі мекенге орыстар Гранитогорск деп өздері ат қойып алған. 60-жылдары мен сол Гранитогорскінің мектеп-интернатында оқығанмын.
Енді малшының баласымын ғой. Қызылсайдағы төртжылдық мектепті тамамдағаннан кейін бәріміз сол мектеп-интернатқа барып оқитын едік. Сол кезде Гранитогорскіде 95 пайыз орыстар мекендейтін. Есімнен кетпейді, алты-ақ үй ғана қазақ болатын. Міне, сол Гранитогорскінің атауын ауыстыра алмай жүрміз. Осы мәселе бойынша мен облысты басқарған төрт әкімге ашық хат жаздым. Біріншісі – Серік Үмбетов. Одан кейін Бөрібай Жексембинге өтініш қылдым. Үшінші ретте қазіргі Энергетика министрі Қанат Бозымбаевқа, содан соң Кәрім Көкірекбаевқа да хат жолдағанмын. Төртеуінен де еш қайран болмады. Бозымбаев қызметтен кеткеннен кейін қазіргі әкім Асқар Мырзахметовке де хат жаздым. Әлі күнге еш нәтиже жоқ.
Елбасы «Ендеше, ол жердің атын не деп қояйын деп жатырсың?» – деді. «Аға, ол жер атам Қоңырбай ақсақалдың қыстағы болатын. Қоңыр деп қойсақ қалай болады? Қоңыр деген сіздің де жайлауыңыз бар. Қоңыр деген ансамбль бар. Жалпы, қазақтың табиғатын ашып тұрған атау ғой», – дедім. «Әә, өзіңнің бабаңа бүйрегің бұрып тұр-ау. Одан да Аспара деп неге қоймайсың?» – деді. Төменгі жақта Аспара деген ауыл бар екенін айтып едім, «Онда Аспара бұлақ» деп қой», – деді. Міне, Гранитогорскінің жаңа атауының қалай болатынын Елбасының өзі айтып берді. Президентпен ортада болған диалогтың бір сөзінің қатесі жоқ. Қалай болды, солай жеткізіп тұрмын. Қазір ел-ел, жер-жердің бәрі жаппай өзгеріп жатыр ғой. Орыс атаулары алынып, қазақтың тарихы берілетін уақыт келді емес пе?! – дейді Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Алтынбек Қоразбаев.
Қазіргі таңда кеңес заманында орнығып қалған атаулардың тақтан түсіп, қазақша тарихи атаулардың қайта салтанат құрып жатқаны белгілі. Бұған биліктің өзі мүмкіндік беріп отыр. Осы жылдың басында Президент Әкімшілігі идеологиялық мағынасы ескірген көшелерді, қайталанатын атауларды тарихи жер-су атауларымен ауыстыру туралы тапсырма да берген болатын. Осы жайлы ақпарат іздеп отырып, Меркі аудандық әкімдігі сайтындағы ұсынысқа тап болдық. Онда Меркі ауданы Андас батыр ауылдық округі Гранитогорск ауылындағы мағынасы ескірген «70 лет Октября» көшесін «Бірлік» деп атау туралы тұрғындар ұсыныс білдіріпті. Мұны округ басшылығы қолдап, көше атауы ауыстырылған. Бірақ ешкім ауыл атауын ауыстыруға қатысты ұсыныс жолдамапты. Мұның сырын да білдік. Бірақ оны кейінірек тарқатайық. Әзірге облыстық тілдерді дамыту басқармасы өкілінің пікірімен бөліскіміз келеді.
– Президент Әкімшілігінен 150 тарихи тұлғаның есімі және 298 дәстүрлі атаулар (Тәуелсіздік, Бейбітшілік, т.с.с), 70 жер-су атауларының тізімі келген. Наурыз айынан бері сол тізімге байланысты жұмыс істеп жатырмыз. Алтынбек ағаның бұған дейін жазған хатына да солай жауап бергенбіз. Гранитогорск ауылында басқа ұлттың өкілдері көп тұрады. Бастапқыда атауды өзгерту туралы жұмыстар жүргізілген кезде ауыл адамдары қарсы шығып, жұмыс тоқтап қалған. Әйтпесе, Меркі ауданы бұл шаруаны қолға алып еді. Қазақстан Үкіметінің 138 қаулысы бар. Ол бойынша жергілікті тұрғындардың да пікірлері ескерілуі тиіс. Ол жерде орыс ұлтының өкілдері көп тұрады. Осылайша, халықтың қарсылығынан оны ауыстыра алмағанбыз, – дейді Ономастикалық жұмыс бөлімі басшысы Нәбира Сулиманова.
Облыстық әкімдік өкілінің пікірін интернеттегі деректер де растайды. 2009 жылғы дерек бойынша ауылда 1000-нан астам адам тұрады. Тұрғындардың басым бөлігі – орыс ұлтының өкілдері. Мәселенің анық-қанығын біле түспекке Андас ауылдық округі әкіміне де телефон соқтық. Ауыл халқының өжет мінез танытып, ауыл атауын қызғыштай қорғап отырғанын, оған жергілікті атқарушы биліктің әзірге тісі батпай отырғанын да түсінгендей болдық.
– Ауыл атауын ауыстыруға жергілікті халық наразы. Сол ауылдың өзінде 20 көше бар. Бәрінің атауы орысша. Соңғы уақытта халыққа түсіндіріп, күресіп жүріп үшеуінің атауын қазақшаладық. Осының бәрі бізге оңай тиіп жатқан жоқ. Көшеде бес-ақ үй болса, соның төртеуі орыс. Олар бірден қарсы шығады. «Ленина», «60 лет», «40 лет» деген көшелер бар. Бәрін бірдей қазақшалап тастауға уақыт керек. Біртіндеп реттеледі деп ойлаймын. Ауыл атауын қазақшалау үшін жергілікті тұрғындардың келісімі керек. Шыны керек ол келісімге қалай қол жеткіземіз, ол жағы белгісіз. Ол жақта тұратын қазақтардың өзі орысшаланып кеткен. «Зачем?», «Не надо» деп шығады, – дейді округ әкімі Бейбітбек Әлімбекұлы. Әрине, орысша атаудан арыла алмай отырған елімізде елдімекен көп. Гранитогорск – соның бірі ғана.
Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жарияланғанына жылдан асты. Жақында «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарық көріп, онда тарихымызды түгендеу, ұлттық болмысымызды айшықтау мәселесі ашық айтылған. Қазақтың дархан даласындағы әрбір ауыл, ауданына батырларымыз бен билеріміздің, мемлекет қайраткерлерінің есімдері беріліп, тарихи-идеологиялық әділдік салтанат құрып тұрса, қанеки. Бұл тұрғыда ауылдық, аудандық, облыстық әкімдіктер белсене атсалысып, ауыл атауын қазақшалау жергілікті халықтың намысын жығып, көкірегін тіземен басу емес, тәуелсіз мемлекеттің дербес өзіндік саясаты екенін ұғындыруы қажет сияқты. Атауды қазақшаламай, ата-баба рухын қалай разы етерміз?
Абай АЙМАҒАМБЕТ
Дереккөз: Айқын