Қазақстандық биші жігіт Ресейдегі шоуда үшінші орын алды (фото, видео) — новости Казахстана
Алматылық биші жігіт Александр Ли ресейлік «Танцы» шоуында үшінші орын алды деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Бесінші рет өткізіліп жатқан байқаудың ақтық кезеңі сенбі, 22 желтоқсанда өтті. Үздік бишінің есімі төрт айға созылған сыннан кейін белгілі болды.
Бесінші маусымның басты жүлдесін 21 жастағы ресейлік Алексей Летучий иеленді, оған үш миллион рубль (шамамен 15 миллион теңге) мөлшеріндегі сыйлық берілді.
Екінші орынды 25 жастағы израильдік қыз Юваль Ламай алды. Тель-Авивте туған қыз 12 жастан бимен айналысады екен. Мектептен кейін әскерге барып, одан кейін кәсіби хореограф болуды ұйғарады.
Қазақстандық бишіге үшінші орын бұйырды. Алматылық жігіттің айтуынша, байқаудың арқасында талантын көрсетіп қана қоймай, ол жаңа достар тапқан.
Саша Лидің жасы 26-да. Ол Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. 13 жасынан бидің хип-хоп, C-Walk түрімен айналысқан. Қазір бидегі сүйікті бағыты – контемпорари.
Ли YinYang Crew би командасының құрамында өнер көрсетеді. Сонымен қатар, ол «Биле, Қазақстан!» қазақстандық шоуының бишісі.