Ресейде екі жасар сәбидің асқазанынан бес сантиметрлік шеге шықты
Мәскеу қаласының дәрігерлері екі жасар қыздың асқазанынан бес сантиметрлік шеге алып шықты деп хабарлайды РИА Новостиге сілтеме жасаған NUR.KZ.
З. А. Башляева атындағы балалар ауруханасына екі жасар қыз бала түскен. Бүлдіршіннің анасы оның күдікті зат жұтып қойғанын байқаған.
Үйде жөндеу жұмыстары жүріп жатқандықтан, әйел адам дәрігерлердің көмегіне жүгінуді жөн көрген.
«Баланы рентгенге түсіріп, асқазанында ұзын бөгде заттың барын анықтадық. Дәрігерлер бүлдіршінді ота жасау бөлмесіне апарып, асқазан мен ас қорыту жүйесінің жоғарғы бөліктерінің эндоскопиялық зерттеуін жүргізген.
Нәтижесінде ешқандай кесу мен тілусіз, кішкене науқастың асқазанынан бес сантиметрлік шеге алынды», — деп хабарлады Мәскеу қаласының денсаулық сақтау департаментінің өкілдері.
Дәрігерлер ата-аналарға балалардың шағымына көңіл бөлуге шақырады. Себебі бөгде затты жұтқан балалардың көпшілігі қорқып қалады, сондықтан олар себепсіз жылап, мазасызданады.
Сонымен қатар бөгде затты жұтқан кезде ауыз қуысының шырышты қабатына зақым келуі мүмкін.