Ұлттық мүдде заңмен қорғалуы керек

0

Лоңрид.

1986 жылғы Желтоқсан көтерілісіне шыққан жастарды аямай жазалағанын мақтан еткен Юрий Юрин айналасындағы дау біраз нәрсені көрсетті.

Ол Аружан Саин қорында істейді екен. Оның сөзінше Юрин біраз балаларға көмектескен. Сол себепті қандай айып тағылса да, қордан шығармайды. Юрин бұрын да шовинистік сөздерімен көзге түсіп жүрген екен.

Егер Батыс елдерінде мұндай жағдай болса қалса, айыпталушы жұмыстан сол сәтте шығар еді.

— Жұртқа қырындады деген Кевин Спейси «Карточный домик» сериалының бас кейіпкері болса да, одан қуылды

— Еврейге қарсы сөз айтқаны үшін Джон Гальяно бірден Кристиан Диор сән үйіндегі арт-директор қызметінен қуылды. Британия берген орденін қайтарып алды.

— Вайнштейнді өз компаниясы мен бауыры жұмыстан шығарып жіберді.

Яғни, әлемде имидж, репутация бәрінен де жоғары. Бізде ол ақша, қызмет, орденнен соң 7-8-ші орындарда. Аружан Саинның қызметіне еш сөзім жоқ, оның балаларға көмегі орасан. Бірақ Юриннен бас тартпағанына таңым бар.

Юрин сол уақыттың заңына сәйкес ешбір ереже бұзбады, тек міндетін атқарды деп кейбір өз қазақтарымыз оны қорғаштап жатыр. Кезінде Германияның СС қызметкерлері де өз заңдарын бұзбады. Бірақ Израильдың Мосадын ол мало волнует. 2000жж дейін оларды әлем бойынша аңдып, аулады, жазалады.

Бұл жағдай нені көрсетті? Әлі күнге Желтоқсан оқиғасына тарихи баға берілмеді және жастарды жазалаған басшылар, әскер, милиция өкілдеріне қандай айып, жаза тағылу керек деген сұрақ әлі ашық. Жауабы жоқ.

Осы ФБ-да өзге ұлт өкілдерінің шовинистік пост, комментері аз емес. Тек дау көтеріліп, қыспаққа алғанда, парақша менікі емес, біреу бұзды деп сөзінен сальто атып, секіреді.

Меніңше, оның бәрін заң аясында жазалау керек. Егер біреудің шовинистік сөздері «ұлтаралық араздық тудырғаны» сотпен дәлелденіп, оған ірі айыппұл салынғаны немесе бас бостандығынан айрылғаны белгілі болса, бұл осындай ойда жүргендерді он есе ойландыруға жақсы сигнал болады.

Бұл ешкімді қорқыту, үркіту емес. Тек заңның қолданылуы ғана.

Алайда Батыс елдеріндегідей арамызда бірден сотқа беріп, жылдам қозғалатындар аз. Көпшілігіміз Бас прокуратураның аккаунтын тэгтейміз де қоямыз.

Мүмкін краудфандинг негізінде «Ұлттық мүддені қорғау» қорын құру қажет шығар. Жұрт салған ортақ ақшаға заңгерлерді жалдап, «ұлтаралық араздық тудырған» азаматтарды заңмен жауапқа тартуға болар ма еді? Олар тек өзге өкілдері емес. Паспортында қазақ деп жазылғандары да жетіп артылады.

Ал қалған қаражатқа кейбір тарихи фактілерді зерттеуге тарихшыларды жалдауға болады. Мәселен, сол Юрин «мен шекара күштерінде қызмет еттім» деп сөзін өзгертіп жатыр. Архивпен оның 1986 жылы Желтоқсанға келгені дәлелденсе, жағдай мүлдем басқа болар еді.

Меніңше, ұлттық мүдде тек постпен, комментпен, мақаламен емес, енді кәсіби түрде, заң аясында, мамандармен қорғалуы керек!

Бұл келешектегі Крымнаш, Донбасс секілді пәлелердің алдын алар еді.

(Нұрмұхаммед Байғараев Facebook парақшасынан)