Алматыда Ұлттық кітапхана ұжымы Елбасы Жолдауын талқылады
Ұлттық кітапхана директоры Жанат Сейдуманов семинар қатысушыларына Жолдауды жүзеге асыруға байланысты елдегі кітапхана ісін дамыту бағдарламасын дамыту, сапалы адами капиталды қалыптастырудағы басым тұжырымдамаларды анықтау мен Қазақстан кітапханалары қорын цифрландыру мәселесіне қатысты бірқатар жоспарымен бөлісті.
Семинарға қатысқан республиканың жетекші кітапханаларының басшылары, сарапшылар, облыстық кітапхана өкілдері қазақстандықтардың ақпаратқа қолжетімділігін заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету, сондай-ақ кітапхана жұмысын біріктіру, саладағы мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті іске асыру жөніндегі жаңа бағыттардың жобалары аясында өз пікірлерімен бөлісті.
Семинар қатысушылары сонымен қатар ағымдағы жылы өткен «Кітапхана – қоғамның көпфункционалды, көп деңгейлі әлеуметтік-мәдени институты» бүкілқазақстандық кітапханашылар съезі делегаттарының ұсыныстарын талқылап, алдағы атқарылатын жұмыстар барысына тоқталды.
Алматы қаласы Еңбек инспекциясы және көші-қон басқармасының бас маманы Кайсар Бахытжанов, «Интерпринт» ЖШС оқу орталығының жетекшісі Сауле Қанатова, мемлекеттік жекеменшік әріптестік бойынша сарапшы Қайрат Қасенов, «Technology of imaging» ЖШС директоры Евгений Люц, Алматы қаласы Денсаулық басқармасы Фтизиопульмонология орталығының ұйымдастыру-әдістеме бөлімінің меңгерушісі Қарлығаш Молдахметова баяндама баяндама жасап, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, С.Сейфуллин атындағы Алматы облыстық әмбебап кітапханасының, С.Асфендияров атындағы ҚазМУУ, «Technology of imaging» ЖШС мамандары қатысып, Елбасы Жолдауын іске асыруға байланысты ұсыныстарын білдірді.
Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ