Петропавл қаласындағы форумда Назарбаев қандай мәселені көтерді?

0

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев бүгін Петропавл қаласында өткен Қазақстан мен Ресейдің XV өңіраралық ынтымақтастық форумына қатысты. Бұл туралы Ақорда баспасөз қызметі хабарлайды.

akorda.kz

Фото:akorda.kz

Туризмді дамытудағы жаңа тәсілдемелер мен үрдістерге арналған форумға аймақ және облыс басшылары, мемлекеттік орган қызметінің өкілдері және екі ел кәсіпкерлері қатысты.

Шара қатысушыларының алдында сөз сөйлеген Елбасы форум өзін тиімді мемлекетаралық алаң ретінде көрсеткенін баса айтып өтті.

«Форум құрылғаннан бері екі ел арасындағы маңызды саяси-экономикалық институтқа айналды. Бұл бұрынғы кеңес одағы елдерінің аумағында үлгі тұтар формат ретінде көзге түсті. Өткізілген форумдар аясында 200-ден аса келісімдер мен келісімшарттар жасалды. Осы құжаттардың іске асырылуы аймақтардың дамуына серпін беріп қана қоймай, Қазақстан мен Ресей экономика саласының дамуына септігін тигізеді», — деп мәлімдеді Қазақстан президенті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ресей Федерациясы Қазақстанның стратегиялық одақтасы және сауда-экономикалық әріптесі екенін айтып өтті.

«Ағымдағы жылдың сегіз айында екі ел арасындағы тауар айналымы 11 миллиард доллардан асқан, жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 18 миллиард долларға жетуі мүмкін. Ортақ сауда айналымында өңделген тауарлардың үлесі артып, 82 пайызға жеткені қуантады. Ресей қазақстандық өңделген тауар экспортының негізгі нарығы болып табылады», — деді Елбасы.

Қазақстан президенті мұнайгаз, тау-кен металлургия, агроөндірістік кешен, химиялық өндіріс және басқа салалардағы инвестициялық ынтымақтастыққа тоқталып өтті.

Жаһандық экономикадағы туризмнің маңызын айта отырып, Нұрсұлтан Назарбаев екі елдің туристік әлеуетін жете пайдаланып, оны дамытуға жүйелі шаралар қолдану керек екеніне ерекше тоқталды.

Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда туристердің легін арттыруға және 60 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын ашуға бағытталған туризмді дамытудың бес жылдық мемлекеттік бағдарламасы әзірленіп жатқанын айтты.

«Ынтымақтастықтың екі жақты туризмді дамыту сияқты маңызды бағытына арнайы тоқталғым келеді. Ресейдегідей Қазақстанда да туристер үшін демалысты жақсы өткізіп, тамашалауға болатын көптеген көрікті жерлер бар. Мысалы, ресейліктер, әсіресе, елдің батыс Сібір бөлігіндегі тұрғындар демалу үшін жазда біздің елдегі Бурабайға, Балқаш пен Алакөлге, қыста Алматыдағы Шымбұлақ тау шаңғысы курортына және басқа да жерлерге келеді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы өкілетті органдар тарапынан шешуді талап ететін екі жақты туризмді дамыту саласына қатысты бірқатар жайттарды, соның ішінде туристердің  өтуіне қолайлы болу үшін шекарадан өткізу тәртібін жаңғырту, туристік және көлік-логистикалық инфрақұрылымдарды жетілдіру, Каспий теңізіндегі туризмді бірлесе дамыту, ғарыштық туризмді қалыптастыруға ықпал ету және басқа да мәселелерді атап өтті.

Қазақстан президенті форумның екі жақты өңіраралық іскерлік қатынастарға зор серпін беретініне, Қазақстан мен Ресейді дамытудың жаңа белесіне жол ашатынына сенім білдірді.

akorda.kz

Фото: akorda.kz

Нұрсұлтан Назарбаев форумға қатысушылардың баяндамалары мен ой-пікірлерін қорытындылай келе, Ресей Федерациясының президентіне екі елдің үкіметтеріне туристер легін көбейту үшін ел аймақтарын бір-бірімен байланыстыратын автомобиль, теміржол және әуе қатынастарын дамыту жөнінде бірлескен іс-қимыл жоспарын әзірлеуді тапсыру керектігін айтты.

«Шекараларымыздағы бақылау бекетінен туристердің өтуіне барынша қолайлы жағдай жасау керек. Қазақстан мен Ресей шекараларындағы өткізу бекеттерінің инфрақұрылымы және техникалық тұрғыдан жабдықталуы адамдар мен көліктерді молынан жіберуге сай келмейді. Осыған байланысты, елдеріміздің үкіметтері бұл мәселелерді бірлесе отырып шешуге тиіс», – деді мемлекет басшысы.

Қазақстан президенті көршілес елдермен визалық және көші-қон режимін жеңілдете отырып, Каспий теңізінде туризм жөніндегі ынтымақтастықтың жүйесін құруды, сондай-ақ, медицина және білім саласындағы туризмді дамыту жөнінде шаралар қабылдауды ұсынды.

«Күш біріктіре отырып, әлем тарихындағы бірегей Байқоңыр ғарыш алаңына қатысты туризмді дамыту керек. Бұл мәселелердің кейбірі туризмді дамытуға жауапты министрлердің келесі жылға арналған бірлескен жоспарларына енді», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Мемлекет басшысы сөз соңында «Астана» халықаралық қаржы орталығын іске қосу жөніндегі атқарылған жұмыстардың нәтижелерін атап өтіп, бизнес өкілдерін осы орталықтың және соның базасында құрылған қаржы институттарының жұмысына белсенді атсалысуға шақырды.

Форум қорытындысы бойынша мынадай құжаттарға қол қойылды:

– Қазақстан мен Ресейдің 2019-2021 жылдарға арналған бірлескен іс-қимыл жоспары;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы Өңіраралық және шекара маңы ынтымақтастығының бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары мен перспективті өңірлік бастамалар тізбесі;

– Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі мен Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрлігі арасындағы «Қазақстан-Ресей» шекара маңы ынтымақтастығы бағдарламасын дайындау және іске асыру ниеті туралы меморандум;

– Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрлігі мен Ресей Федерациясының Экономикалық даму министрлігі арасындағы Туризм саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандум;

– Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 1994 жылғы 10 желтоқсандағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өзгерістер енгізу туралы хаттама;

–Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы 2006 жылғы 3 қазандағы Қазақстан Республикасының және Ресей Федерациясының шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттама.