Ой кемесі | «Айқын» газеті

0

Шамасы 2003 жылдың ақпан-наурызы. Қасым Аманжол екеуміз ол кезде Қазақ радиосында әдеби хабар жүргіземіз. «Рахат Мамырбек деген саяси сараптамашы жігіт» деп Қасым таныстырды. Хабарды ол кезде таспаға жазады. Тоң сияқты сіресіп әрең ашылатын ауыр есікті дыбыс студиясы бос емес екен. Рахат пен біз студияның ауыз бөлмесінде қаз-қатар тізілген орындық­тарға қатар отырып қалыппыз.

Екі мыңыншы жылдардың басында «сараптамашы», әсіресе, ресми киініп жүретін қайсыбір журналистерді «саяси сарап­та­машы» деп атау сәнге кірген. Аласа бойлы, үстінде қара водо­лазкасы, арқасында рюкзагы бар биязы жігіт оларға ұқсамады.
Қасым Рахатты әңгімеге тар­тып, сол кезде жүріп жатқан екі мемлекет арасындағы қақтығыс туралы сұрады. Біз хабарда айта­тын сөзімізді жұптап, өз ойымыз­бен отырғанбыз.
– Жалпы, әлемде мемлекет­тер екітүрлі болады. Ұлттық негіздегі, ата-бабасының қаны тамған жерді ешкімнің аяғына таптатпайтын елдер болады. Сосын, әртүрлі этностардан құралған азаматтық негіздегі мемлекеттер. Ұлттық идентификациясы мықты ел на­мысын бермеуге тырысады, – деп, Рахат бұрын естімеген бір байлам­дарды айтып жатты.
Кіп-кішкентай жігіттің мұн­дай теорияларға негізделген үлкен ойына таң-тамаша болдым. Тіпті сол ойды «үшке екіні қоссаңыз, бес болады» деген сияқты оп-оңай, әдепкі дүниедей айта сал­ғаны одан сайын қайран қалдыр­ды. Қабат-қабат жатқан қай­­шы­л­ықты құбылыстарды әлем­­дік тарих, өркениетті даму заң­дылықтарымен талғап, тапқан шындығын қарапайым ғана әңгі­ме қылып шерте салу Рахаттың тұнған бойы мінезі екен. Сол құбылыстардың табиғатының нәзік қатпарларына ізетпен зер салуды оның жаны сүйетін.
Рахат сөйтсек, радиода «Ой түйін» деген авторлық хабар жүр­гізеді екен. Рюкзагын асып, таңғы алтыда жұмысқа келеді де, екі көзін компьютерден алмай қатады да қалады. Кірген-шыққан елмен шаруасы жоқ, саусақтары ғана перне­тақтаның үстінде арлы-берлі ойнақтайды. Бар ынта, бар зейін мониторда ашылып тұрған word-та. Содан тапжылмай тура төрт сағат отырып, он минуттық «Ой түйінін» жазып шығады. Күнде-күнде. Аптасына кемі бес, әйтпесе, алты рет. Сағат оннан он минут өткенде принтерден шығарған үш-төрт парағын ұстап Рахат студияға кіріп бара жатады.
Басқашалау ойларды, назарға іліге бермейтін шетін мәселелерді Рахат экс­прессиямен түйдек-түйдек айта баста­ғанда, Қазақ радиосының тұрақты тың­дар­ма­ны­ның бәрі құлақтарын түре қа­­ла­­тындай елестейтін. Такси болып жүр­ген талай жігіттерден «Ой түйінді» жолдың шетіне арнайы тоқтап тұрып тыңдай­тынбыз де­генді естідік. «Ой түйіннің» бір ха­барын Премьер-министр жаз­дырып алып, қайта тыңдауға сұра­тыпты. Ұлттық, мемлекеттік, қо­ғам­­дық күрделі мәселе­лерді қа­ра­­пайым тілмен жеткізетін «Ой түйін» сол такси айдаған жігіттер мен Премьер-министрге дейінгі қалың қазақтың ұйып тыңдайтын хабары еді.
Зиялы қауым да Рахаттың мұзжарғыш кемедей соны пікірлерін бірден аңғарып жатты. Сондай бір разы көңілге біз де куә болған едік. 2004 жылдың мамыр айында Семейдегі Абай музейінің дирек­торы Төкен Ибрагимов ағамызға хабарластым. Қазақ радиосынан екенімді, Абайдың дүниеден оз­ғанына 100 жыл толуы қар­саңында сұхбат беруін сұрадым. Ағамыз келісті. Сосын: «Әй, ана сендердегі Рахат Мамырбек деген жігіт ­«сот­талып кетейін» деп жүрген жігіт», – деп, Төкен аға өзіне тән сырбаз дауысын созып, кеңк-кеңк күлді. «Сотталып кетейін деп жүр» деге­нім – бейнелеп айтқаным ғой. Мұндай тегеу­рінді, ешкімнің ойы­на келмейтін басқаша ұғым, бөтен ой екінің бірінде бола бермей­ді», – деп ілтипатын білдірген еді.
Рахат екі жыл шамасында «Ой тү­йіннің» бірнеше жүз хабарын дайындады. Әттең, радионың қо­рында Рахаттың сол хабарларының бірде-біреуі сақталып қалмапты…
Рахатты елге танытқан, білімі мен қабілетін әйгілеген – «Күл­төбе» бағ­дарламасы. 2004 жылдың қыркүйегінде «Күлтөбенің» ал­ғаш­қы хабары жазыл­ғанда, Рахат – жиырма алты жаста. Қазіргі қазақ телевизиясында 26 аз жас емес, бірақ интеллектуалдардың пікір­лесу клубын биік деңгейде жүргізу үшін телегей-теңіз білімді демесек те, пайымды азамат керек. Рахат сол үдеден шыға білді. Жасы қырық-елудегі ғалымдар мен сая­саттанушылардың ортасында түрі тым жас көрінбесін деп, Ғалым Доскен ағамыз Рахатқа көзәйнек кигіздірді.
Еліміздің түкпір-түкпіріне та­райтын «Қазақстан» ұлттық ар­насының кешкілік уақыттағы ха­барын жүргізудің жауапкер­шілігін Рахат жан дүниесімен сезінетін. Сол «Күлтөбе» Рахатты тез есейтті. Бұған дейін университеттің саясаттану ма­мандығында жиған білімі, Ұлттық ғылым акаде­мия­сының аспирантурасында оқып, жазып жүрген «Жаhандану дәуі­ріндегі ұлттық идентификация» тақы­рыбындағы ізденістері нағыз сынға, пікірталасқа түсетін кез келген. Рахаң іштей ширығып, жанын жеп, томсарған күйі алдағы хабарларының тақырыбы мен оған шақырылатын қонақтарды, қойылатын сұрақтарды қайталай ой­ланып жүретін. Әшейін кезік­кен адамға жайраң қағып аман­дасып, қал-жағдайын сұрасатын, эфирде жымиып қана отыратын Рахат ой тереңіне кеткенде тіпті өзгеше қалыпқа енетін. «Ой түйін­нен», бәлкім, одан да бұрын қа­лыптасқан әдет бойынша Рахаң ол күндерде мүлде басқа әлем, басқа кеңістікте параллель өмір сүріп жүргендей болатын. «Бар жиған-тергенім өткен хабарда жанып кетті», – деп қалжыңдап, арасында үстеліне бір уыс «Красный мак» конфетін қойып алып, жанталасып кітап оқиды. Шетелдік ірі автор­лардың адамның ойы түгілі, тісі батпайтын кесек еңбектерінің күн сайын бір кітабын бітірмесе, жаны тағы байыз таппайды. Кей күндері түнгі екі-үшке дейін отырып, екі кітапты қатар бітіріп үлгеретін. «Әр кітаптан бір сөйлем ғана түйінді ой шығады ғой», – дейтін ондайда Рахаң. Міне, сөйтіп жүріп «Күлтөбеге» қазақ қоғамында принципті түрде талқылануы тиіс ірі мәселелерді шығарды. Апталық хабарлардың бәрінде талданып жататын күнделікті тақырып­тарға көп барған жоқ. Мәселені филосо­фия тұрғысынан талқылап, қона­ғынан концепциялы шешім сұрау­ды, қажет жерінде сол шешімдерге қарай өзі бағыттауды, қоғамдық құбылыстардың қайшылығын анықтауды Рахат бір сәтке де на­за­рынан тыс қалдырмайтын. Қазақ­тың қалалық ұлтқа айналуы, қазақ идеясы, аумақтық және әлемдік саясат, мемлекеттің негізгі ұстын­дары, ұлттық модернизация, гло­бал­ды трансформация, индус­трия­лы және постиндустриялы қо­­ғамның ерекшеліктері, саяси инсти­туттардың дамуы, демо­кра­тиялық принциптер, технар­лар­дың ойы, футу­рологтардың па­йымы сияқты тіркестер Рахаттың әр хабарында айтылып жата­тын. Рахат қойған сұрақтарға аузы дуа­лы саналатын талай профес­сорлар тұщымды жауап таба алмай қиналатын.
«Күлтөбе» әуелгіде интеллек­туал­дардың пікірлесу клубы, яғни тұрақты қатысушылары бар фор­мат ретінде ойластырылған хабар еді. Міне, сол ойлар мен пікір­лер­дің шарпысуына ака­демик Асқар Жұмаділдаев, саясаттанушы Әзім­бай Ғали, тарихшы Гулжауhар Кө­кебаева сияқты азаматтар ғана со­ңына дейін шыдас берді. Бұл Ра­­­хат­­тың «Күл­төбені» аса жоғары дей­гей­ге көтергенінің белгісі болса керек.
Аяулы дос, қадірлі дос Рахат ту­ралы, жадырап күлгенде адам­ның бүкіл жан дүниесін ерітіп жі­бе­ретін, кең жүректі Рахаң тура­лы әлі талай естелік айтуға болады. Әттең, сол естеліктің ешқайсысы да ой кемесі болып қалқыған Рахатты ортамызға қайта әкеле алмайды.

Болат Мүрсәлім

Дереккөз: Айқын