Рух жаңғырды | «Айқын» газеті
Тәуелсіздікпен бірге қасиетті қазақтың асқақ рухы жаңғырды, жасампаз жаңа ұрпақ түледі. Қазақ елі қарқынды алға басып, жаңа ғасырдың көшбасшылары қатарына ұмтылуда.
Мұндағы Тұңғыш Президент, Қазақстанның негізін қалаушы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі әлемге аян. Ұлы даланың еркін даусын төрткүл әлемге тыңдату Нұрсұлтан Назарбаевқа бұйырған екен, бұл тағдыр тартуы болса керек. Ұлы дала ұланы ретінде жастайынан атқа мініп, домбыра тартып өскен Елбасымыздың халқым деп соққан сезімтал жүрегіне сүйсінемін, мұны жасыра алмаймын. Ол – елі үшін туған ерекше тұлға.
Жалпы, өнері ұлы болмай, мемлекет ұлы болмайды. Бұл ретте тәуелсіз еліміздегі мәдениет пен өнерге, әдебиетке деген қамқорлық айрықша. Жаңа заманда кітап оқылмайды деген бекер сөз. Батыста, көрші Ресейде миллиондаған таралыммен таралып жатқан туындылар жетерлік. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ әдебиеті жауһарларының әлемнің жетекші алты тіліне аударыла бастауы, әлем әдебиетінің үздік үлгілерінің қазақ тіліне тәржімалануы осы бағыттағы ұлы қадам деп білеміз.
Елбасы және еліміз еркіндіктің көк туын қазақтың қыран мінез қайсарлығы арқасында биіктете береріне сенімдіміз әрі тілекшіміз.
Ақұштап Бақтыгереева,
ақын, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты
Дереккөз: Айқын