Астанада денсаулық браслеттері таныстырылды — Ұлт саулығы|21 Желтоқсан 2018, 21:58

0
21 Желтоқсан 2018, 21:58 155 0

Астана, BAQ.KZ. Дәрігерлер QR-код арқылы сырқат жан туралы ақпарат алады, ал науқастың туғандарына оның жағдайы туралы ақпарат келеді, деп хабарлады Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты.

Пилоттық жоба қаладағы № 4, 9 және 10 үш емханаларда жүзеге асып жатыр. Жоба қатысушылары – 210 диспансерлік науқас. Олар – қант диабетіне, артериялық гипертензияға, созылмалы жүрек ауруларына шалдыққан азаматтар. Қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Қамалжан Надыровтың айтуынша, медициналық көмек білезігі QR-код пен жабдықталған. Кодты оқу арқылы жедел жәрдем дәрігерлері науқас туралы толық ақпарат алады. Бұл, әсіресе науқас тілден айрылып қалған кезде өте маңызды.

«Статистика бойынша қабылдау бөліміне күн сайын 500 науқас ес-түссіз түседі. Осы кезде дәрігерлер науқас жайлы барынша толық ақпарат алуы керек. Бұл дәрігердің барынша тез және нақты көмек көрсетуі үшін маңызды. Қазіргі таңда осындай ақпаратты жинау үшін бірнеше сағат, кей кезде күндер кетеді. Кейде науқастың туыстарына оның жансақтау бөлімінде жатқаны туралы хабарлайық десек, еш мәлімет білмейміз», — деп түсіндірді Қамалжан Надров.

Жоба әлемдік тәжірибеге сүйеніп жасалуда. Мұндай білезіктер бірқатар елде пайдаланылады. Жүйені әзірлеушілер – қазақстандық Abi.kz IT-компаниясы.

«Қолында білезігі бар әр науқастың «жеке кабинеті» бар, ол жерде ол өзінің фотосын байланыс ақпараттарын өзгерте алады. Мысалы, науқас ауырып қалып жедел жәрдем шақырған кезде дәрігер келіп білезікті сканерлеген соң, «жеке кабинетте» мәліметтер көрсетілген хабарлама науқастың туғандарына бірден келеді. Бес-алты нөмірге дейін көрсетуге болады. Болашақта геолокация қосамыз, науқастың туғандары науқас қай жерде ауырып қалғанын білетін болады», — деді Abi.kz IT-компаниясының өкілі Артем Игнатұлы.

Білезіктің қалай жұмыс жасайтыны туралы жобаға қатысушы 9 емхананың пациенті Шолпан Еликеева айтып берді.

«Мен 2012 жылы қатты сырқаттанып қалдым. Маған осы білезікті берді. Мен мұнымен суға да түсе берем. Білезікте менің қандай дәріге аллергиямның бары, қандай дәрі ішетінім, туғандарымның телефон нөмірі көрсетілген. Тексеріп те көрдік, нәтижесінде 6 минуттан соң балам, ал 15 минуттан соң інім хабарласты. Тексеріп жатырмыз дедік», — дейді Шолпан Еликеева.

Пилоттық жоба үшін жүйені жасаушылар білезіктің бір партиясын тегін берген. Жобаны 2019 жылдың наурыз айында толық жүзеге асыру көзделген. Егер ол тиімділігін дәлелдейтін болса, қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы өнім ұсынушыны іздейді. Қазіргі таңда нарықта бар бірнеше компания осындай қызмет көрсетуге дайын. Болашақта есті жоғалту сияқты белгілері бар ауруларымен диспансерлік есепте тұратын науқастарға бұл денсаулық білезіктері тегін берілуі мүмкін. Қамалжан Надыровтың айтуынша, Астанада диспансерлік есепте тұрған 120 мың науқастың шамамен 60 мыңы – қант диабеті, артериалды гипертензия, созылмалы жүрек ауруына шалдыққандар.


















Біздің Telegram-парақшамызда Қазақстанның маңызды жаңалықтары. Жазылыңыздар!

Дереккөз: BAQ.KZ