Қыздар университетінде тұрмыстық әлімжеттікке қарсы жиын өтті
Нәзікжандылардың лайықты өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасау, құқықтық сауаттылықты арттыру орайында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу де осы акция аясында қарастырылды.
Әйелдерге қатысты әр түрлі әлімжеттік түрлерін жою туралы Конвенцияға сәйкес Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықсыз 16 күн» атты акция өтті. Бұл туралы zakon.kz, университеттің Баспасөз орталығының басшысы Жандар Асан берген ақпаратқа сілтеме жасап хабарлайды.
Оның айтуынша, университет жанындағы Әлеуметтік және гендерлік ғылыми-зерттеу институты ұйытқы болған шараның мақсаты – әйелдердің теңдігіне, қауіпсіздігі мен бостандығына қатысты құқықтар мен қағидаларды жан-жақты талқылау және нақты шаралар қабылдау.
Нәзікжандылардың лайықты өмір сүруі үшін қолайлы жағдай жасау, құқықтық сауаттылықты арттыру орайында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу де осы акция аясында қарастырылды.
Институт мамандарының деректеріне сүйенер болсақ, акция барысында жалпы саны 15-ке жуық түрлі жиын мен шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында үкіметтік емес ұйым өкілдері, азаматтық қоғам белсенділері және ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен кездесулер, кураторлық сабақтар, психологиялық тренингтер, ақпараттық түсіндіру дәрістері мен флешмобтар бар.
– Бұл іске Қыздар университетінің барлық студенттері түгелдей жұмылдырылды десек болады. Біз тек басқосулар мен бір күндік акцияларды өткізуді көздемейміз. Тұрмыста кездесетін күрмеуі қиын түйіткілді мәселелерге басымдық беріп, оны құзіретті органдармен, мамандармен бірлесіп шешуге ықпал етуді мақсат етеміз. Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық әлемнің барлық аймағында таралған және кез келген қоғамда кездесетін жағдай. Нәзікжандыларға қатысты зорлық-зомбылық жасау мәселесі тек нәсілдігін, әлеуметтік ортасын, шығу тегін ғана қозғап қоймай, сонымен қатар басқа жағдайлардан туындайды. Тұрмыстағы әлімжеттілік мәселесін дамыған мемлекеттердің өзі жеңе алмай келеді. Бұл құбылысты тоқтату жолдарын қоғам шешуге тырысады. Аталған өзекті жайт туралы тек акция қарсаңында ғана емес, күнделікті айтылуы керек, – дейді институт қызметкерлері.
Мамандардың айтуынша, қоғамда осы тақілеттес маңызды мәселені кеңінен талқылап, себептеріне тыңғылықты зерттеу жасап, осы олқылықты жайттың қалай алдын алуға болады, нендей ұйымдармен етене жақын жұмыс істеуіміз қажет деген сауалдар турасында ойланған ләзім.
Telegram арнасындағы маңызды жаңалықтар «zakon.kz». Жазылу!
Дереккөз: https://kaz.zakon.kz/