Сахабалардан сыр сыңғыры-47

0

Ъирбәд ибни Сәрияһ рһ.

Алғашқы мұсылмандар қатарына енетін Ъирбәд, сахабалардың әйгілілерінен және Суффалықтардың озаттарынан еді. Лақаб аты Әбу Нәжиһ болып Суләйм руынан еді. Көзі жасы көл сахабалардан еді. Жихадқа шығу үшін мінерге көлік таппай жылаған және Арда елшіге сол үшін жолыққандар арасында болған еді. Төмендегі аят осы кісілерге арналып түскен:

«(Жихадқа бару үшін) Сенен көлік сұрай келгенде: «Сендерге мінгізетін көлігім жоқ»- дедің. Оларда жұмсарлық нәрсе таба алмағандығынан, көз жастарын төгіп, қамыға (үйлеріне) қайтты, міне бұларда айып жоқ» (Тәубә сүресі 92 – аят).  Діннің бір әмірін орындай алмаған адам, тіпті мұны қандай бір себеппен атқара аласа да жылауға және қайғыруға болатынына осы аят дәлел болады.

Ъирбәд ибни Сәрияһ кейінірек Сирия, Хумусқа мекен етті. Абдуллаһ ибни Зубәйр бастаған оқиғалар тұсында хижри 75 жылы қайтыс болды. Қайтқан кезде жасы недәуір шау тартқан болатын. Өмірінің соңғы кездеріде өлімді соншалықты қалап бұл қалауын былайша тілге келтіретін:

«Аллаһым! Жасым ілгерледі, қуатым азайды, мені Құзырыңа ала көр!».

Тап болған жағдайын өзі былайша баяндап береді:

«Бір күні Димашқ мешітінде намаз өтеп және өлімді тілеп дұға етіп жатыр едім. Аяқ астынан, еркектің көріктісі бір бозбала, үстінде жасыл әрі қалың бір киімімен шыға келді де маған:

—         Былайша қалай дұға етіп жатырсың? деді. Мен де оған:

—         Енді қалай жасаймын, ей көкемнің баласы? деп сұрадым. Былай деді:

—         Аллаһым! Амалымды көркем ет, ажалымды да жеткізе көр, де. Мен де:

—         Аллаһтың мейіріміне бөлеңгір, сен кімсің? дедім.

—         Мен момындардың жүректерінің қайғысы болған Ратбәбил есімді періштемін деді. Сосын оған жақындауға тырыстым, бірақ ешкімді көрме алмадым».

Ъирбәд, Арда елшіден отыз бір хадис риуаят еткен.

Аллаһ ол кісіден разы болғай! 

(Риядус-Салихийн Пейгамберимизден Хаят Өлчүлери, 1 том, 554-555 б.)

Аударған: Әбдікерім Әбу Мақтау әл-Баяни