Тәу етер жалғыз кием | «Айқын» газеті

0

Тәуелсіздік жылдары ел болып қол жеткен жетістіктерді тізгенде, ойыма Қазақстанның дербес мемлекет ретінде бүкіл әлемге танылғаны, Арқа төсіне Астананы салғанымыз және төл әліпбиімізді қабыл­дағанымыз оралады.

Астана тек сәулетті шаһар ғана емес, еліміздегі ең «қазақы» қалаға айналды. Қызылорда мен Атыраудан кейін қазақылығы ерекше бас қаладағы көше атауының 92 пайызы қазақ тілінде екені көңілге қуаныш ұялатады. Қазақ мектептерінің, жоғары оқу орындарындағы қазақ топтарының саны артып, дәстүрлі ән, мемлекеттік тілдегі төл туындылар мен телебағдарламалар көбейді. Тарихымыз бен ұлыларымызды ұлықтаған жаңа айдарлар мен бағдарламалар, шығармалар жарық көрді.
Президент «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласын «Әлі де өз тарихымыздың кереметін ұғына алмай жүрген азаматтар мойын бұрсын, «мен – қазақпын, қазақстандықпын» деп мақтансын» деген игі мақсатпен жариялады. «Рухани жаңғыру» мақаласының заңды жалғасы болған «Ұлы даланың жеті қырында» айтылған ұсыныстар түгел орындалса, дала әуені, дәстүрі, тарихи тұлғалары халық жадында жаңғырса, тәуелсіздіктің ең үлкен жетістігі – сол болар еді деп ойлаймын.
«Тәуелсіздік деген тәу етер жалғыз кием» деп Әбіш Кекілбаев айтқандай, тәуелсіздіктен, азаттықтан артқан бақыт жоқ. Сондықтан барды бағалап, әрбір қазақстандық тәуелсіздіктің тұғырын мықты етуді өзінен, отбасынан бастауы керек.

Оразгүл АСАНҒАЗЫҚЫЗЫ,
қоғам қайраткері

Дереккөз: Айқын