Мигранттар ағымы дамыған елдерден орташа дәулетті елдерге ойысты

0
73

Бірнеше күн бұрын жарияланған БҰҰ мәлімдемесінде әлемде босқындардың саны 25,4 млн адам екені мәлім болған. Алайда, дүние жүзінде мигранттар ағысында 164 млн адам бар екені анық болды. Бұлардың арасында құрылысшылар, банкирлер, музыканттар, жүргізушілерді қамтыған көптеген мамандық иелері де бар. Бұлар еңбек мигранты ретінде әлемдік миграцияның басым бөлегін ұстап отыр.

Мигранттардың үштен екі бөлегі экономикасы қуатты, бай елдерге ағылған. Кейбір елдерде әр бесінші жұмысшы шетелдік болып саналады. Бұндай мемлекеттерде мигранттардың жұмыс иеленуімен жергілікті тұрғындардың жұмыссыздық мәселесі туындауда. Бұл үрдіске қарсы үкіметтер миграция саясатын қатаң ұстауда. Бірақ, жұмыссыздықтың басты себебі миграция емес екенін мойындайды. Қазіргі технологиялар революциясы жұмысшыларға деген мұқтаждықты барған сайын азайтуда.

Дүниежүзілік Еңбек ұйымы жария еткен мәліметіне қарағанда, АҚШ бастаған батыс елдерінің миграцияға қарсы қатаң саясатынан кейін бай елдерге миграция ағымы біртіндеп тоқтаған. Алайда, мигранттардың беталысы орташа дәулетті елдерге қарай бұрылды. Бұл елдердің қатарында Қытай мен Бразилиядан тыс, Қазақстан, Әзербайжан, Беларусь және Түркіменстан қатарлы елдер бар.

Қазірде де басым көпшілігі дамыған батыс елдеріне басымдық беруде. Әлемдегі шетелдік жұмысшылар ең көп аймақ тағы да Еуропа мен Солтүстік Америка болып отыр. Себебі, осы өңірлердегі бизнес-климаты, финанс және ғылыми база шетелдік жұмысшыларды өзіне тартып отыр. Жергілікті жұмыс берушілер болса, табыс пен жетістік үшін талантты, қолынан іс келетін қызметкерді іздейтіні анық. Бұған мысал жеткілікті, айталық Англия Банкті канадалық Марк Карни басқарса, Германияның мемлекеттік балет театрына испаниялық Начо Дуато жетекшілік ететіні секілді.

Бір сөзбен айтқанда еңбек мигранттарының басым көбін дамыған елдер иелеп отыр. Дамыған елдерде еңбек күшінің 18,5 пайызы шетелдік жұмысшыларда. Соның өзінде бұл әлемдік еңбек мигрантының 5 пайызы шамасында. Яғни, әлемдегі ширек миллиардқа жуық мигранттардың 60 пайызы еңбек мигранты. Ал, мекендерін түрлі себептермен тастап шығып, күнкөріс үшін бас сауғалаған босқындар болса 7 пайызын ғана иелеген. Еңбек мигранттарының өсімі барған сайын артуда. Зерттеу басталған соңғы төрт жылдың өзінде 10 пайызға дейін көбейген.

Әлемді шарпыған еңбек мигранттарының 90 пайызы 25 пен 64 жас арасындағы еңбекке жарамды адамдар. Осыған қарап-ақ, кейбір елдердің жұмысқа жарамды азаматтарын шетелге жіберіп алып жатқанын байқауға болады. Бұл болашақта сол елдің экономикалық өсіміне кері ықпалын көрсетуі мүмкін деп болжайды әлемдік ұйымның мамандары. Дегенмен, екінші жағынан олар табыстарын өз елдеріне аудару арқылы экономиканың өсіміне үлес қосып жатқанын айтады.

Жұмыс күшінің 18,5 пайызын мигранттар құраған дамыған елдердің тұрғындары статистикаларды алға тарата отырып наразылықтарын білдіріп келеді. Себебі, өзге елдерде бұл көрсеткіш 1,4 пен 2,2 пайыз шамасында болады. Сонымен бірге мигранттардың жұмысқа орналасу мүмкіндігі жоғары болатыны тағы бар. 70 пайызынан астамы жұмыспенен қамтылған. Жергілікті тұрғындарда бұл көрсеткіш 60 пайыз шамасында болады. Алайда, дамыған елдердің үкіметтері үшін ел тұрғындарының жұмыссыздық проблемасын шешу қиыншылығы туындағанымен, жұмыс берушілер талантты, іскер және жұмысқа жарамды шетелдік қызметкерлерге ынталы болып отыр.

“The Qazaq Times”