Тәуелсіздік жылдарындағы тарихи жаңғырулар
1991 жылдың 1 желтоқсан күні Қазақстанда бүкілхалықтық Президент сайлауы өтті. Халық тұңғыш рет демократиялық жолмен өз еркін білдіруі арқасында Н.Ә.Назарбаев Президент болып сайланды.
Елбасы сайланғаннан кейін Республикада көптеген өзгерістер болды. Ең әуелі Қазақ КСР-ы атауы Қазақстан Республикасы болып өзгертілді. 1991 ж. 16 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің жетінші сессиясында парламент депутаттары «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Заң қабылдады. Заңның бірінші бабында Қазақстан Республикасы тәуелсіз мемлекет деп жарияланды. Ол өзінің жеріне, ұлттық табысына жоғары иелік ету құқы бар, тәуелсіз сыртқы және ішкі саясатын жүргізеді, басқа шет мемлекеттермен халықаралық қүқықтық принциптері негізінде өзара байланыс жасайды деп көрсетілді. Республиканың барлық ұлттарының азаматтары Қазақстанның біртұтас халқын қүрайды, олар республикадағы егемендіктің бірден-бір иесі және мемлекеттік биліктің қайнар көзі болып табылады. Республика азаматтары өздерінің ұлтына, ұстайтын дініне, қандай қоғамдық бірлестікке жататынына, тегіне, элеуметтік және мүліктік жағдайына, шұғылданатын қызметіне, тұрғылықты орнына қарамастан бірдей құқықтар иеленіп, бірдей міндеткерлікте болады делінген. Заңда Қазақстан Республикасы өз тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын қорғау мақсатында өзінің Қарулы Күштерін құруға хақылы екендігі, республика азаматтарының әскери міндетін өтеу, оның тәртіптері мен талаптары жөнінде айтылған. Сөйтіп, 1991 жылғы 16 желтоқсан республиканың тәуелсіз күні ретінде бүкіл әлемге танылды.
Осыдан кейін Қазақстан тәуелсіз, егемен мемлекет ретінде дами бастады.Қазақстандық қоғамның әлеуметтік-мәдени өмірінде тарихи сананы жаңғыртып қалыптастыру тәрізді маңызды міндетті іске асыруда біздің мемлекетіміз бірқатар маңызды іс-шараларды атқарды. Қызыл қырғын мен жаппай қуғын-сүргіннің алпыс жылдығына орайластыра отырып, 1997 жылдың «Қоғамдық келісім және саяси қуғын сүргін құрбандарын еске алу жылы» болып жариялануы, келесі 1998 жылдың «Халық бірлігі мен ұлттық тарих жылы» деп аталуы, ғасырлар тоғысындағы 2000 жылдың «Мәдениетті қолдау жылы» деп жариялануы, 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы нәтижесінде тарихи әділет үстемдік алып, зерде жаңарып, сана сауыққандай болды. Төл тарихымызды, елдік дәстүр, халықтық тағдыр-талайымызды танып білуде, ескерткіш мұрағаттарымызды жинастыру мен сараптауда біраз жетістіктерге қол жетті. Жинақталған мәдени мұра мен рухани қазынаның дәнін тауып, сөлін сүзіп ұлттың кәдесіне жарату зиялы қауым мен ғылымдарға жүктелетін шаруа. Бұл маңызды да өзекті мәселеге Қазақстанның елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың да қалам тартып, көлемді еңбектер жазғаны белгілі.
Оның ішінде «Тарих толқынында» кітабын ерекше атап өтуге болады. Бұл еңбекте халқымыздың тарихи өзіндік санасының ерекшеліктеріне мынадай баға берілген: «Қазақ болмысының келесі бір ерекшелігі – оның тарихшылдығы. Қара халықтың тарихтан хабардарлығы мейлінше жоғары болған. Керек десеңіз, білім институттарының дамыған жүйесі бар бүгінгі күннің өзін бұрынғы қазақтардың санасындағы жаппай тарихшылдықпен салыстыруға болмайды»
Біз бұл еңбекте қазақ халқының тарихи санасының қалыптасуын тәуелсіздік идеясымен байланыстырып отырмыз, өйткені кез келген халықтың тарихи өзіндік санасындағы қатпарлы ақиқаттарда туған жерді, ата мекенді немесе отанды жатжерліктерден қорғап, еркіндікті сақтап қалуға қатысты тарихи уақиғалар мәңгіге орын алып қалады. Тәуелсіздік түсінігі әрбір халық үшін мейлінше қастерлі ұғым болып табылады. Оның тағлымы терең астарларын тарихтың қойнауынан, ата-бабамыздың өткенінен, оның сан ғасырлық арманынан іздеген жөн. Сонау сақ заманынан немесе әлімсақтан бері ата қонысты парсылардан, түркілердің жужандардан қорғаудан, бертінде қазақ хандығының тұтастығын сақтаудан, оның ішінде жоңғарлармен, қоқандықтармен, ресейліктермен болған шайқастардан осы тәуелсіздікке деген ұмтылысты байқаймыз. Ұлт-азаттық күрес тарихынан бір Ресей отаршылдығының өзіне қарсы 300-ге жуық көтерілістер белгілі. Ақырында «ақтабан шұбырындыдан» асып түскен «қызыл қырғынды» бастан кешіп барып, ата-бабамыздың аңсаған арманы ХХ ғасырдың соңында жүзеге асты.
Сонымен қатар, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев тарихи сананы жаңғырту мақсатында былтыр «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын жариялаған еді.
Бұл мақала — ел дамуының жарқын үлгісі мен нақты қадамдарын көрсететін келелі ой, салиқалы пікір, батыл шешімдерге құрылған маңызды құжат. Бұл мақалада сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселе көтеріліп отыр. Онда ел Президенті Қазақстан үшін қайта түлеудің айырықша маңызды екі үдерісі – саяси реформа мен экономикалық жаңғыруды қолға ала отырып, Біртұтас Ұлт болу үшін болашаққа қалай қадам басатынын және бұқаралық сананы қалай өзгертетіні жөнінде алысты болжайтын көзқарастарымен бөліседі.
Мемлекет басшысы аталмыш жаңғырудың негізгі қызметі мен ерекшеліктеріне ой жүгіртіп, бұл жаңғырудың маңыздылығына тоқталады: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды». Саяси, экономикалық реформаларда егеменді еліміз бірқатар жақсы нәтижелерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Ол адами құндылықтар, рухани қазына, жастарды тәрбиелеу, олардың бойына патриоттық рухты сіңіре білу жұмысында рухани салаға басымдық берудің қажеттілігін алға қойып отыр. Бұл дегеніміз – ұлтымыздың барлық ұлттық салт-дәстүрлерін, мемлекеттік тіліміз бен әдебиетімізді, мәдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту деген асыл ұғымға келіп саяды. Елбасымыздың рухани жаңғыруға, руханиятқа, білім, ғылымға маңыз беруі – үлкен көрегендік пен ұлттың алға ілгерлеуін жылдам қарқынмен жылжытатын қозғаушы күш. Бұл – тәуелсіз еліміздің бақытты болашағы мен алаңсыз келешегі үшін жасалып жатқан жұмыс. Өйткені, рухани байлықтың кемел болғаны бұл жеке азаматтарымыз үшін де, әрбір жеке тұлғадан құралған қоғам, туған еліміз үшін де өте маңызды үдеріс.
Н.Ә.Назарбаев бұл ретте, тұтас қоғамның және әрбір қазақстандықтың санасын жаңғыртудың бірнеше бағытына жеке-жеке тоқталады. «Сананы жаңғыртудың» мазмұнын негіздей отырып, Президент жаңғырудың алты бағытын белгілейді:
1.Бәсекеге қабілеттілік;
2.Прагматизм;
3.Ұлттық бірегейлікті сақтау;
4.Білімнің салтанат құруы;
5.Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы;
6.Сананың ашықтығы.
Аталмыш бағыттардың бәрі барынша өзектендірілген және уақыттың талаптарына нақты жауап береді. «Мәңгілік ел» болуымыз үшін бізге ауадай қажетті қасиеттер мен құндылықтардың қайнары тоғысып, ақыл-парасаты толысқан, ғаламдық ғылымды игерген адамдар көп болса, еліміз өркениетті, бәсекеге қабілетті болатыны ақиқат.
Осы мақаланың жалғасы ретінде, жуырда “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақала жарияланды. Зиялы қауым өкілдерінен қолдау тауып, талқыға түскен бұл мақаланың да негізі – тарихи сананы жаңғыртуға бағытталған.
Ұлы даланың жеті қырының кез келгені қазақ елінің өміріндегі ерекше мұра. Атқа міну мәдениеті, ежелгі металл өндіру мен өңдеу технологиясы, өз жазуы мен мифологиясы бар озық мәдениетті Қазақ Елінің рухани байлығының айшықты белгісі – «аң стилі өнері», бүкіл әлемді тамсандырған Дала өркениетінің жәдігері — «Алтын адам» жауынгері, түркі әлемінің бесігі саналатын Алтайдан бастау алатын Түркі тарихы, әлемдік экономиканың өркенденуіне септігін тигізген — Ұлы Жібек жолы жүйесі, Қазақ Елінің ұлттық брендіне лайықты алма мен қызғалдақтар, еліміздің аумағында орын алған тарихи жәйт қана емес, сонымен қатар әрбір Қазақ үшін де аса қымбат құндылықтар болып табылады.
Жаһандану кезеңінде, ұлт тарихының мәдениеті мен құндылықтарын білу, насихаттау, әрі сақтау елді бекемдеудің тікелей кепілі. Айтылып өткен мәдени құндылықтарымыздың қоғам санасының тарихи жаңаруы үшін Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ұсынып отырған жобалар толықтай жауап беретіні анық. Оның ішінде, ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі кезеңді қамтитын барлық отандық және шетелдік мұрағаттар дүниесіне елеулі іргелі зерттеулер жүргізу үшін «Архив-2025» жеті жылдық бағдарламасын жасау еліміздің тарихын түгендеуге мүмкіндік береді. Түркі әлемі ежелден Қазақстанды — күллі түркі халықтарының қасиетті «Қара шаңырағы» ретінде мойындайды. Ал, Түркістан халқымыздың рухани орталығы ғана емес, сондай-ақ, бүкіл түркі әлемі үшін киелі орын болып саналады деген сөздер әрбір қазақтың жүрегіндегі мақтаныш сезімін оятады деп ойлаймын. «Түркі өркениеті: түп тамырынан қазіргі заманға дейін» атты жобаның аясында Түркістан қаласында, тарихи мұраларымыздың негізінде Түркі әлемінің орталығын – музейін ашу, өткенмен қазіргі уақыттың тығыз байланысын көрсетумен қатар, келесі ұрпақ үшін де маңызы зор болар еді.
Abai.kz
Дереккөз: https://abai.kz/