Әр адам қақылы…
— Бірінші тұлғаның толыққанды функциясы деген не, яғни шартты түрде қалыпты деп қабылдайтын тұлғаның сипаттамасын ашып алайық: егер тұлға өзінің әлеуметтік рөліне сай күнделікті функциясын тиімді атқара алса, күнделікті тәжірибесінен қанағаттану сезсе, ол шартты түрде тұлғалық ауытқуы жоқ, психикасы қалыпты адам. Мынадай сфераларда адам өзіне көңілі толып, қанағат сезуі керек: жұмыс, махаббат пен секс, әлеуметтік өмір және шығармашылық. Жалпы жұмыс істей алса, әріптестермен, өзінен мансабы жоғары, төмен адамдармен тұрақты қарым-қатынасты игере алса, жұмыс істеу қабілетіне көңілі толса, өзінің серігімен эмоциялық, рухани, сексуалды байланысты қатар сезіне алса, неше түрлі сексуалды перверсиялар болмаса (партнер келіспеген, басқа адамның өміріне, денсаулығына зияны бар сексуалдық қалаулар), жалпы жыныстық өмірінде проблема болмаса, әлеуметтік өміріне көңілі толса, туыс, дос-жаранмен тұрақты қарым-қатынас құра алса, өзінің отбасымен жылы, сенімді байланысы болса — тұлғаны «сау тұлға» деп аламыз. Осыдан келіп, гомосексуал болсын, гетеросекусал болсын, адам жалпы тұлға ретінде спектрдың қалыпты деген өлшемінен бастап, патология деген шегінің арасында бола алады. Гомосексуализм кейде патологиядан пайда болады, кейде қалыпты тұлғалық дамудан пайда болады. Гомосексуал, трансгендер, бисексуал болсын тұлғаның қалыпты даму жағдайында ол адам эмоциялық байланыс пен сексуалды қалауын біріктіре алса, сол арқылы тұрақты, жылы қарым-қатынас құра алса, отбасылы бола алса, бала тәрбиелей алса, белгілі бір мамандықты игеріп, жұмыс істеп, еңбегінің нәтижесін көре алса ол адамды неге «ауру» дейміз? Неден емдейміз? Мен мұны тек өз тәжірибемнен айтып отырған жоқпын. Осы жазда доктор Отто Кернбергтің тұлға диагностикасына қатысты семинарында дәл осы гомосексуализм тақырыбы айтылды.
— Адамдардың дәстүрлі жыныстық бейімділігінен өзгеше болуының себебі не?
— Зигмунд Фрейд бала саналы таңдау жасайтын жасқа жетпей тұрып бойында бисексуалды бейімділік болады деген. Өсе келе таңдауын қалыптастырады. Ежелгі гректерде гомосексуализм, оның ішінде ер адамның гомосексуалдығы күшті мен әлсіздің қарым-қатынасы болған. Яғни, ер адам қоғамда бай, мансапты болса, жазылмаған ереже бойынша оның ер көңілдесі болған. Әрине, одан бері қанша уақыт өтті. Біздің еліміз де, тарихымыз да басқа. Бірақ адам жаратылысы түпкілікті өзгеріп кетті дей алмаймын. Гомосексуализм әлі де агрессияның, басқа адамның алдында «мықтылықтың» нәтижесі болуы мүмкін. Қатерлі нарциссизм деген тұлғалық ауытқу бар, ондай ер адам анасына жасырын жеккөрініш сезінгеннен, жалпы әйел затын құнсыздандырып, гомосексуал болады. Әкесі өте агрессив, тиран болса, бала кішкентайынан, әсіресе 4-5 жасар эдип кезеңінен бастап бейсаналы түрде «анамды жақсы көрсем, әкем ашуланады, одан да жалпы әйел затына қызықпайын» деген ұстаным қалыптастыруы мүмкін. Әйел адамдардағы гомосексуализм керісінше, анасымен қарым-қатынас бұзылуының нәтижесі. Одан кейін идеализация процесі де жыныстық бейімділікке әсер етеді — әке ерте қайтыс болып, бала үшін кішкентайынан әкенің образа тым идеал болса, өсе келе сол образды басқа ер адамдардан іздейді. Әке шартты түрде бар, бірақ уақытының көп бөлігін басқа отбасына арнаса, тағы да, тым жоғары идеал образ, әкені іздеп табуға деген құлшыныс — гомосексуализмге әкелуі мүмкін. Жыныстық бейімділіктің ешқандай нақты бір рецепті жоқ, әкесі жастай қайтыс болса, міндетті түрде гомосексуализм пайда болады айтуға болмайды. Генетиканың да, ортаның да әсері бар. Әлеуметтік орта — отбасы, туыстары ер баланың әйелдік қасиеттерін көбірек қолдауы мүмкін. Сонымен қатар адамға табиғи орта да әсер етеді. Қазір биологтар мұхиттардағы пластик қоқыс дельфин, кит сияқты сүтқоректілердің репродукциялық қызметіне алапат зардап әкелді деп дабыл қағып жатыр. Пластиктің белгілі бір мөлшерін біз су, жеміс-жидек, дәнді-дақыл арқылы ішіп-жеп жатырмыз да. Ер бала организмі 3 айдан бастап анасының жатырында тестерон бөле бастайды. Тестестерон жыныстық гормон, яғни жыныстық бейімділікке тікелей әсер етеді. Кейбір дереккөздердің айтуы бойынша пластик организмдегі тестестеронның мөлшерін азайтады. Соның салдары ретінде болашақта жыныстық бейімділігі өзгерген адамдар көбейе береді деген болжам бар.
— Азамат Сексенбаев жүргізген Mental health and suicidality among gay and bisexual men in Kazakhstan зерттеуінде Қазақстандағы гомосексуал және бисексуал еркектердің 55,4% өзіне қол жұмсау туралы ойлайды деген тұжырым жасаған. Бұл жағдайдың себептері қандай деп ойлайсыз?
— Өкінішке қарай мен бұл зерттеуді және осыған ұқсас басқа елдердегі зерттеулерді оқымадым. Нақты айта алатыным, қоғам көбірек толерантты болса, гомосексуал және гетеросексуал адамдар арасындағы алшақтық азаяды, керісінше қоғам консервативті болса, арада тым қатты бөлініс пайда болады. Ақпарат таратушы адамдар, билік иелері, қоғамда пікірі бағаланатын адамдар неғұрлым «гомосексуализм — ауру, ауытқу, сұмдық» дей берсе, суицидке таңқалуға болмайды деп ойлаймын. Бізде кеңес заманынан қалған ой: көпшіліктен ерекшеленетін, «ауру» адамды «оларды не істейміз, қайда жібереміз» деп ойлаймыз. Қазір керісінше «қалай көмектесуге болады» деп ойлау керек. Суицид — адамның жан қиналысының шарықтау шегі. Ортамыздағы басқа адамды ең қымбат нәрсесі — өмірінен бас тартуға әкелетін қоғам болғанымыздан қорқуымыз керек. Екінші жағынан, көп адам басындағы мәселе тек өзінде бар деп, тек өзі ғана басқалардан өзгешемін деп түсініп, содан жапа шегеді. Жалпы психологиялық, жыныстық сауаттылық артса, психологпен жұмыс істеуден тартынбаса, көп нәрсені түсіну арқылы, суицид, отбасындағы агрессия, кикілжіңді азайтуға болады.