Келер жылы цифрлық хабар таратуға қандай өңірлер көшеді?

0
Цифрлық телехабар
Фото: Ysia.ru

ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінде қазақстандықтарды цифрлық телерадио хабарларын таратумен қамтамасыз ету барысы талқыланды.

Цифрлық телерадио хабарларын таратуды енгізу жобасы сонау 2010 жылы цифрлық спутниктік таратуды енгізумен басталған еді. Егер 2010 жылы “Отау ТВ” брендінде небәрі 6300 абонент болса, 2018 жылы бұл көрсеткіш 1,4 миллион абонентке жетіп отыр. Келесі кезең – халықты барынша жоғары сапалы бейнелермен және дыбыспен қамтамасыз етуге бағытталған цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуды енгізу. Қазақстандықтардың облыс орталықтары деңгейінде 30 телеарнаға дейін, өңірлік деңгейде 15 арнаға дейін көруіне мүмкіндік бар, – деді ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаментінің директоры Бекзат Рахимов ақпарат, АКТ және мемлекеттік қызмет көрсету салаларын дамыту мәселелері жөніндегі қоғамдық кеңес отырысында.

Оның айтуынша, қазіргі уақытта министрлік Маңғыстау, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкентті цифрлық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшірудің бірінші кезеңін жүзеге асыруды аяқтады.

2019 жылдың 1 шілдесіне дейін Алматы, Павлодар, Қостанай облыстарын, 2020 жылдың 1 шілдесінен бастап Атырау, Қызылорда облыстарын цифрлық телерадио хабарларын таратуға көшіру жоспарланып отыр. Соңғы кезеңде – 2021 жылы Батыс Қазақстан, Ақмола, Ақтөбе облыстары және Астана мен Алматы көшеді. Барлық әкімдікке тиісті ақпарат берілген. Дайындық жұмысы жүргізіліп жатыр, – деді департамент директоры.

Оның айтуынша, 22 қазанда Маңғыстау облысы цифрлық хабар таратуға көшті. Бұл өңірде инфрақұрылымдар толықтай дайындалып, 21 радиотелевизиялық станция салынды. Цифрлық хабар тарату 600 мың адам тұратын 48 елді мекенді қамтып отыр. 26 қарашада Жамбыл облысы, 27 қарашада Түркістан облысы цифрлық хабар таратуға көшті.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz