«Шығыста күнде жиын» азаймай тұр

0

«Ха­лық­қа бір тиын пайдасы жоқ» деп кесіп айтуға болмас, дегенмен Мөңке би бабамыз жыр­лағандай, «ай сайын бас қос­қан жиынның», ай емес-ау, апта, күн сайын бас қосқан ша­раның азаяр түрі көрінбейді. Елбасы жиналыс мәселесін айтқан сол жиында Қазақстан Рес­публикасы Президенті Кең­сесінің бастығы Махмұд Қа­сымбеков Мемлекет басшысына Үкімет пен мемлекеттік ор­гандар жетекшілері бір жыл­дың 2380 сағатын, яғни 365 күннің 100 тәулігін жиналыс­та өт­кі­зетін­дігін, тіпті, сенбі, жек­сен­бі күн­дері де жи­на­лыс­тың ты­йыл­май­ты­нын айт­қанда, Пре­зи­дент: «Заң бойын­ша мем­ле­кет­тік қыз­меткер 7 са­ғат жұ­мыс істеу керек. Түнгі са­ғат 12, 1-ге дейін отырмау ке­рек жұ­мыс­та. Тәжірибелі мем­лекет­тік қызметкер ретінде жақ­­сы білемін, дайындалған жиын­ды жарты сағатта, күр­де­лі, түйін­ді мәселелер болса бір са­ғатта өткізуге болады. Бю­ро­кратизмді қысқарту керек. Адамдарға жұмыс істеуге мүм­­кіндік беріңіздер», деген-ді.

Өскемен әкімдігі аптасына 125 жиналыс өткізеді

Жиналыс өткізуден, қыз­мет­­кер­­лерді жұмыстан тыс­ уа­қыт­та жұмыста қал­дыру­дан Шы­ғыс Қазақстан облысы да қалыс­пай тұрған тә­різді. Жуықта Мем­лекет­тік қы­змет істері және сы­байл­ас­ жем­қорлыққа қарсы іс-қи­­мыл агенттігінің облыстық де­­­пар­таментіндегі жиында ­әсі­­ре­се өңірдің Өскемен, Се­мей қала­лары мен Үржар, Бес­қа­рағай, Ая­гөз, Шемонайха аудан­дары әкім­дерінің ап­па­рат­­тарында жиналыс­тың көп болатындығы сөз етілді.

«Тіп­ті, бір күнде жеті рет жиналыс өт­кені белгілі болды. Сонда қыз­меткерлер қай кезде жұмыс іс­тейді?! Құжат айналымы әлі де сол қағаз тү­рінде, көп мекемелер­де бас­­шы­лар материалдың түп­нұс­қасын қағазға шығарып алып қарағанды жөн көреді», дей­ді департамент басшысы, Әдеп жө­ніндегі кеңес төрайымы Жанна Қабдолдақызы.

Департамент облыстағы жи­налысты ең көп өткізетін әкім­дік­терге сарап жасапты. Үш фор­маттағы – мекеменің өзін­де, басқа мекемеде өтетін және бей­нережімдегі жиналыстарды есепке алыпты. Қараңыз, Өскемен қаласы әкім­дігі бір аптада – 125, Се­мей әкімдігі – 56, Үржар ауда­ны – 56, Шемонайха ауда­ны­ – 50, Бесқарағай ауданы­ 103 жә­не Аягөз ауданы 51 жина­лыс өткізеді екен. Атал­ған департамент 5 мың мем­ле­кеттік қызметкердің арасында арнайы сауалнама жүр­гі­зіпті. Сонда Өскемен қа­ла­сы әкімі аппараты мен оған қарасты бөлімдердегі 191­ қызметкердің 112-сі (59%) жұмыста бөгелетіні, ал Ү­ржар ауданы әкімінің ап­­параты мен оған қарасты бөлімдер, ауылдық округ әкімдерінің ап­паратындағы 193 қызметкердің 92-сі (48%) үйіне кеш қайтатыны анық­талыпты. Басқармалар арасында облыстық денсаулық сақ­тау, ауыл шаруашылығы, құ­рылыс, сәулет және қала құ­ры­лысы, кәсіпкерлік және индус­триялық-инновациялық даму, қаржы басқармалары «көш бас­тап» тұр деуге болады. Мәселен, Денсаулық сақтау басқармасы 18 қыз­мет­кердің 11-ін (61%), құры­­­лыс, сәулет және қала құ­ры­лысы басқармасы 28 қыз­мет­кердің 12-сін (43%), қар­­жы басқармасы 19 қыз­мет­кердің 8-ін (42%), ауыл ша­руашылығы мен кәсіпкерлік және индустриялық-инно­ва­ция­лық даму басқарма­лары 29 қызметкердің 11-ін (38%) үйіне уақытында қайтармайтын көрінеді. Де­пар­таменттер арасында білім саласын бақылау депар­таменті 7 қызметкердің 4-уін (57%), ал мемлекеттік кіріс де­партаменті 626 қызмет­кердің 271-ін (43%) сағат 6-дан кейін де жұмысқа жегетіні бел­гілі болыпты. Айта берсек, осын­дай фактілер көп.

Жиналыс дегеннен шыға­ды, бұ шеті мен о шеті 600-700 шақырымға созылатын, тіпті одан да асып кететін, жол­­дарының көп бөлігі шұ­рық-тесік біздің облыс үшін жи­налысқа қатысу емес, жи­налысқа келудің, жетудің қиын­дығы өз алдына бір әңгіме. Мә­се­лен, Жарма ауданының әкі­мі облыс орталығы – Өске­мен­дегі бір жиынға қатысу үшін (Қал­батау мен Өскеменнің ара­сы 110 шақырым) 2 сағат жол жүретін бол­са, әрідегі Аягөз әкімі 4-5, түк­пірдегі Үр­­­жардың әкімі 7-8 са­ғат кө­лік­те отыруға мәжбүр. Бір са­ғаттық жиналыс үшін бір күн уа­қыттарын жоғалтады. Зайсан мен Күршім, Катонқарағай, Абай аудан­дары әкімдерінің ба­сында да осы кеп. Ауыл әкім­дерінің қыс­қа күнде қырық рет ауданға сал­пақтайтынын қосып қойыңыз бұ­ған. Былтыр жұмыс сапарымен Өскеменнен шамамен 500 шақырым қашық­тық­та орналасқан Аягөз ауданына қарасты Шұбартау өңіріне барғанбыз. Сол кездегі Байқошқар ауылының әкімі Саятбек Шымыровтың: «Ая­гөз­дегі сағат 10-дағы жи­на­лыс­қа бару үшін таңғы сағат 3-4 кезінде жолға шыға­мыз. Әйтіп-бүйтіп үйге жеткенше ымырт үйіріледі. Аудан орталығына 250 шақырым жердегі Емелтау ауылының тұрғындарына тіпті қиын. Олар бізден де қашықта жатыр ғой. Жол жақсы болса, 175 шақырым дегенің 2 сағат­тық ­жол емес пе?!»,  дегені есте қа­лыпты.

Жиналысты былай қой­ған­да, мемлекеттік қыз­мет­тің жү­гін сүй­реп жүрген әкім­дерге ғана емес, нашар жолмен Өскемен мен Семейге жету шалғай аудан­да­р­дың тұрғындары үшін де оңайға түс­пейді. Сырқаттанған жан­дар­­ға мүлде қиын. Айтайын де­геніміз, қазір – техниканың, тех­­нологияның дамыған дәуі­рі. «Цифрлы Қазақстан» бағдар­ла­масы жүзеге асырылып жатыр. Аса маңызды, үл­кен, ауқымды жиындар болмаса, Күршім, Үржар, Аягөз, Зай­сан, Тарбағатай, Абай секілді облыс орталығынан шал­­­­ғай жатқан аудандардағы мем­лекеттік қызметкерлерді (әкімі бар, маманы бар) қалаға сабылтпай-ақ, жиынды неге онлайн немесе бейнережімде өткізбеске? Аудан әкімдері де ауыл әкімдеріне осы тәжі­ри­бені қолданса. Әрине, облыс орталығына жақын аудан­дардың жарасы жеңіл.

Бір сөзбен айтқанда, жи­на­лыс­тың өзіне бір реформа керек секілді.

 

Азамат ҚАСЫМ,

«Егемен Қазақстан»

Шығыс Қазақстан облысы

 

Дереккөз: http://egemen.kz/

Загрузка...

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікіріңізді енгізіңіз!
мұнда сіздің атыңызды енгізіңіз