Иордания астанасы көшелерінің біріне Астана атауы берілді

0
Амман
Фото: Астана әкімінің баспасөз қызметі

Бақыт Сұлтанов Амманға ресми сапары барысында Иордания астанасының орталық көшелерінің біріне “Астана” атауы берілді. Бұл туралы Астана әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Әкімдіктің мәліметінше, бауырлас қалалар – Астана мен Амман экономика және мәдениет салаларындағы ынтымақтастығын нығайтып отыр. Амман көшелерінің біріне Қазақстан астанасы атауының берілуі – осының айғағы. Көшенің ашылу салтанатына Астана әкімі Бақыт Сұлтанов пен Амманның мэрі Юсуф әл-Шауариба қатысты. Бақыт Сұлтанов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иордания королі ІІ Абдолла арасындағы достық қарым-қатынастың өзгелерге үлгі екенін айтты. Ол аммандықтарға Қазақстан Президентінің қызметіне деген ықыласы үшін алғысын білдірді. 2010 жылы Иордания астанасындағы орталық көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілген еді.

Біз аммандықтарға Елбасымызға көрсеткен құрметі үшін өз алғысымызды айтамыз. Жаңа ғана жоғары мәртебелі әл-Шауариба мырзамен бірге Нұрсұлтан Назарбаев атындағы көшеде болып, оның дамуын көріп қайттық. Ал енді Қазақстан астанасының атымен аталатын көшені ашып отырмыз. Бұл оқиға жас Астананың 20 жылдығы тойланып жатқан жылы болып отыр. Ол біздің қалалар мен елдердің тұрғындары арасындағы қарым-қатынастың нығая түсуіне жаңа импульс беретініне сенімдімін, – деді Бақыт Сұлтанов.

Амман мэрі Юсуф әл-Шауариба екі ел астаналары арасындағы ынтымақтастықтың алдағы уақытта да жемісті болатынына өз сенімін білдірді.

Біздің халықтардың арасындағы қарым-қатынас пен екі ел басшыларының арасындағы саяси достық өзгелерге үлгі. Астана – заманауи қаланың үздік эталоны. Одан әлемнің басқа қалалары үлгі алады. Сол себепті Иорданияның бас қаласында Астана атындағы көшенің ашылғаны – біз үшін үлкен құрмет. Ол мемлекеттеріміздің арасындағы достық пен жемісті ынтымақтастықты бейнелейді, – деді Юсуф әл-Шауариба.

Бақыт Сұлтановтың Иорданияға жасаған ресми сапары барысында мегаполис басшылары екі елдің алдағы уақыттағы түрлі сала бойынша ынтымақтастықты арттыру мүмкіндіктерін де талқылады.

Біздің Амманға іссапармен келуіміз урбанистикалық даму саласындағы екіжақты ынтымақтастықты арттыруға зор мүмкіндік береді. Амманда көлік, көгалдандыру, құрылыс, смарт-технологиялар, әкімшілік үрдістерді жеңілдету, автоматтандыру, бизнес-ортаны жақсарту салаларында көптеген ірі реформа мен жобалардың жүзеге асырылып жатқанын білеміз. Астанада да осы бағыттардағы жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр. Бұл салаларда біздің бір-бірімізге үйретеріміздің аз болмайтынына еш күмәнім жоқ. Біз тәжірибемізді, білімімізді бөлісуге дайынбыз, – деді Бақыт Сұлтанов.

Ол Амман мэріне Қазақстанның бас қаласында жыл басынан халықаралық “Астана” қаржы орталығының жұмыс істеп жатқанын айтып, иорданиялық бизнесмендерді оның жұмысына қатысуға шақырды. Астана көшесінің ашылу салтанатында қазақстандық және иорданиялық музыканттардың сүйемелдеуімен ұлттық әуендер шырқалып, дәстүрлі халықтық билер орындалды.

Еске салайық, 2012 жылдың қаңтарында Астанада Иордания королі марқұм Жоғары мәртебелі Хусейн бен Талалдың құрметіне көше атауы берілген еді. Астана әкімдігі мен Амман муниципалдық органы арасында туыстық қарым-қатынас орнату туралы келісімшарт 2005 жылдың 8 қарашасында бекітілген.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!

Дереккөз: Baribar.kz