«Балғынбек пен Дәулеткерей лақтырып кетті»: Серікзат Дүйсенғазы студенттік жылдарын есіне алып, көпшілікті күлдіртті

0

Белгілі ақын, сазгер Серікзат Дүйсенғазы студент кезінен сыр шертіп, өнерді бірге бастаған үзеңгілес достарын көрсетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі жазды.
Әдебиет маманы танымал айтыскер ақын Балғынбек Имаш пен Дәулеткерей Кәпұлымен бірге оқыған.

  “Біраз оқырманым менің гитара тартатыныма таңданыс білдіріп жатыр екен. Түсініктеме беріп кетейін. Студент кезде гитараға құмар болғанмын. Кейін бірыңғай домбыраға көшіп кеттік қой. Мына сурет 1996 жылы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың филология факультетіндегі 301-аудиториясында түсірілген. Дәулеткерей Кәпұлы екеуміз тарихшы-ғалым Мәмбет Қойгелді ағамызбен кездесу болып жатқанда барып, Кентау Назарбек ағаның «Бір бәйтерек, бір шынар» деген ата-анаға арнаған әнін айтқанбыз. Әжептәуір КазГУ-градқа танымал дуэт едік, Дәулеткерейдің жеке орындаушы боламын деп қиғылық салып, бөлініп кеткені болашағымызға балта шапқан жоқ па?! Астанаға келген соң Балғынбек Имашпен дуэт болып, мені лақтырып кетті ғой, деп екеуін жамандап кетсең, иә. Қалжың ғой. Студент кезден бірге келе жатқан достарыммен көп қызық кеш бастан өтті ғой. Гитараға да сол кезден қалған аздап ебіміз бар. Анда-санда аккордтарын ұмытып қалмайын деп тартып-тартып қоямын», – деп жазды ақын.

Сонымен қатар ақын досы Дәулеткерей Кәпұлына ерекше тоқталып, достықтың үлгісі деп бағалады.

“Ол кәдімгі Алтайдың Баянөлгейінде туып,  Абыралының Мыржық тауында қозы баққан, Үржардың Көкөзегінде көкбөріні көгендеген өзіміздің көкжал Дәулеткерей. Сол көкжалды мен  бөлтірік күнінен білемін. Есін жиып, етегін жапқаннан еті тірі, мақсаты ірі болды. Қиыннан қиыстырып жол табатын,  шаруаға мығым жігіт . Ұстазымыз академик Рымғали Нұрғалидың «иттің бір жерінен инені табатын Дәулеткерей» деп әспеттегені бекер емес шығар.  Әулетімен іскер,  шетінен қолөнер шеберлері”, – деді айтыскер ақын.