«Қойшының қызы қой келгенде кесте тігер». Елдің шетін су алғанда жазушылар жиын өткізді

0

Қазақстан Жазушылар одағының әдеби жыл қортындысы жиыны биыл елдің басым бөлігін әуре-сарсаңға салған су тасқынымен тұспа-тұс келді. Жиында бірқатар қаламгерлер марапатқа ие болды. Басқосуға қатысқандар онда әдебиет мәселесіне басымдық берілгенін айтса, әлеуметтік желіде қаламгерлерді сынап жатқандар да бар деп хабарлайды Адырна ұлттық порталы тілшісі.

19-сәуір күні Қазақстан Жазушылар одағының әдеби жыл қортындысы жиыны «Көркем әдебиет: талап пен талғам» деген атпен өтті. Дегенмен зиялылар бас қосқан жиында су тасқыны туралы ешқандай сөздің болмағаны айтылды.

ҚОЙДАЙ ҚОҢЫР, ҚОЗЫДАН МОМЫН ЖИЫН

Салтанатты жиынды Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының бірінші орынбасары, белгілі жазушы Нұржан Қуантайұлы жүргізіп, жиын барысында 2023 жылдағы жаңалықтарға шолу жасалды.  Елдің қамын ойлап, қалам тербейтін жазушылар жиналған мәжілісте әдебиеттегі жанрлар бойынша он үш баяндама жасалған.

Белгілі ақын Байбота Қошым-Ноғаймен тілдескенімізде жиынның арнайы әдебиет мәселесіне арналғанын айтты.

— Жиынның мақсаты бір жылдық әдебиетті талқылау ғой, әдеби қорытынды. Ол жерде басқа тақырып жоқ. Жиында баяндамаларда әдебиет туралы айтылды. Осы аптада «Қазақ әдебиеті» газетінде сол баяндамалар, қортындылар жарық көреді, — деді қаламгер.

Бір жылдық қорытынды кеште әдебиеттің сай-саласына тоқталған он үш спикердің бірі ақын, аудармашы Саят Қамшыгер. Көркем аударма жанрына тоқталған ақын да жиын барысында тек әдебиет саласындағы өзекті тақырыптардың талқыланғанын атап өтті. Қоғамдық мәселе, елдегі тасқын қатері назарға алынбаған.

— Мен – Одақтың  жай мүшесімін. Ол жерде таза әдеби мәселелер айтылды. Өйткені жылына бір рет қана бас қосылатын жиында әдебиеттің жанрлары бойынша 2023 жылы шыққан кітаптарға шолу болды. Біреуі поэзияға, біреуі прозаға, біреуі балалар әдебиетіне , драматургияға, сол кітаптың сапасы қалай, іліп аларлық дүниесі қандай, минус-плюсы не, сол туралы әңгіме өрбіді, негізінен, — деді Саят Қамшыгер.

«АЛАШҚА» ТАЛАС БОЛДЫ МА?

Қазақстан Жазушылар одағының ғимаратында өткен жиын барысында Қазақстан Жазушылар одағының халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы табысталды.

Бұл сыйлыққа биыл ақын Ғайсағали Сейтақ, жазушы Өмір Кәріпұлы, ақын Сұраған Рахметұлы, жазушы Жарасбай Сүлейменов, ақын Мұрат Шаймаран, әдебиеттанушы Жұмат Тілепов, ақын Нұртас Исабаев, жазушы Төрехан Майбас, ақын Әлия Дәулетбаева, жазушы Серік Елікбай, ақын Ербол Алшынбай, сатирик жазушы Берік Садыров, ақын Әубәкір Смайылов, жазушы Тынымбай Төлепбай, ақын Егеухан Мұхамәдиқызы, жазушы Болатбек Төлепберген, ақын Ғайни Әлімбекова, жазушы Жалғасқали Дүтмағамбетов, ақын Дариға Мұштанова, жазушы Момбек Әбдәкімұлы және жазушы Александр Карлюкевичтер лайықты деп табылған екен. Сонымен бірге бірнеше қаламгер «Қазақстанның құрметті жазушысы» атағына ие болған. Бұл атақтың белгіленгеніне көп болған жоқ.

Жазушылар одағының әдеби жыл қортындысы жиынының төралқасы құрамында Қазақстан Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасарлары Нұржан Қуантайұлы, Қасымхан Бегманов, Ғалым Қалибекұлы, Бауыржан Жақып, Бейбіт Сарыбай және басқарма хатшылары Тұрысбек Сәукетай, Әлия Бөпежанова, Жүсіпбек Қорғасбек, Қансейіт Әбдезұлы, Маралтай Райымбекүлы, Дәурен Қуат, Бигелді Ғабдуллин, Қали Сәрсенбай, Ерлан Жүніс, Фархат Тамендаров, Әлия Дәулетбаевалар болды.

ЖЕЛІ ҚОЛДАНУШЫЛАРЫНЫҢ СЫНЫ

Әлеуметтік желіде Жазушылар одағы жиыны, қаламгерлер қауымы сыйы жайында құттықтап жазғандар да, сынап, мінегендер де болды.

Сынап жазғандардың ішінде мынандай пікірлер назар аудартты.

«Байқасаңыздар, желідегі жұртқа Жазушылар одағындағы интрига да қызық емес. Кім алды сыйлық, кімдер әділетсіздікке ұшырады, бәрібір. Оқырманға мүлдем маңызды емес екен.Бәлкім, жұрт жастанып оқитын шығармаларды өмірге әкелу керек шығар?» — деп жазды журналист Бауыржан Карипов желідегі парақшасында.

Ал Ғанибет Ғалымбекұлы:

«Бұрын халықаралық «Алаш» сыйлығын әдебиетте әбден мойындалған, сақа қаламгерлер алатын еді, иә?.. Ешкім тыңдамаса да менен бір ұсыныс: алыс-жақын шетел ақын-жазушыларын қосып, еліміздің барлық қаламгеріне сыйлықты үлестіріп берсін! Сонда одақ та тыныш, қазақ та тыныш болады», — деп ұсыныс білдірді.

Ал желі қолданушылары «марапаттың құны кетпей ме?», «сыйлық алғандарды танымайды екенбіз», «маған да қызық емес», «идеология о бастан жоқ жерде, кімнің атағы, кімге керек, жаны ашыса, осы Одақ бірдеңе дейтін еді ғой» деп толассыз пікір жазуда.

«ОДАҒЫМ – БАҚЫТ ОРДАСЫ ЕҢ…»

Баршаға белгілі, былтыр мамыр айында өткен Қазақстан жазушыларының кезекті XVI құрылтайында Жазушылар одағының жаңа басшысы сайланған. Сонда жаңадан сайланған бас жазушы Мереке Құлкеновтің ешкім сұрамаса да, саяси пікір айтуы назар аудартқан.

«Ешқашан біздің жазушылар оппозиция болмайды деп есептеймін. Болмауы керек деп есептеймін. Өйткені оппозиция деген — мемлекет басшысына қарсы болу деген сөз. Мен оған келісе алмаймын. Қазіргі президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев өнер адамдарына, ғалымдарға, жазушыларға өте ерекше көңіл бөліп отыр…» — деген сонда Мереке Құлкенов.

Соңынан мистик жазушы Қойшыбек Мүбарак төрағаның мұндай мәлімдемесіне наразылық білдіріп, Жазушылар одағы мүшелігінен бас тартқан. «Қара шаңырақ Одақты қаншалықты қадірлесем де қарамағындағы мүшелеріне мұндай цензура жасайтын төрағасы бар ұйымға мүше болғым келмейді», — деген жазушы Қойшыбек Мүбәрак.

Одан кейін жас жазушы Есбол Нұрахмет те Жазушылар одағының мүшелігінен шыққан. Ада жазушы-драматург Думан Рамазан осы оқиғадан кейін одаққ қарасты «Жұлдыз» журналы мен Жазушылар одағының Драматургия кеңесіндегі қызметтерін аяқтағанын мәлімдеген.  «Жаңа әділетті Қазақстан құрамыз деп жарияға жар салып жатырмыз ғой. Соған сеніп, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасын сайлау әділ өтетін шығар деп ойладық. Қателесіппіз. Қалай өткенін өздеріңіз көрдіңіздер… Оны қайталап жатудың өзі артық. Болары болды, бояуы сіңді.  Әр адамның өз өмір сүру дағдысы, өзіндік көзқарасы, таным-түсінігі, өмірлік ұстанымы болады. Азаматтық абырой-беделі мен адамдық дәреже-мәртебесі де сонымен өлшенеді»,- деген сонда Думан Рамазан.

Ал былтыр күзде ақын Бақыт Беделхан да желіге «Бүгіннен бастап демалам!» деп Жазушылар одағынан кеткенін тұспалдап өлең жазған. Сол кезде ол «Өтініш жазып кеттім. 18 жыл одақта болған адамға, екі айда жұмыс істей алмадың» дегеннен соң не сұрайсың?» — деген ақын. Оның өлеңі

Одағым — Бақыт ордасы ең..!

Демалсын! — десе, демалам…- деп келетін.

1925 жылы құрылған Жазушылар одағы мүшелерінің саны қазір 800-ден асады. 100 жылға таяу уақыттың ішінде Одақты басқарған жазушылар саны – шамамен 20.

 

Сымбат Наухан,

«Адырна» ұлттық порталы