Тегін көмектің жаңа үлгісі | «Айқын» газеті
Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің кеңейтілген отырысында денсаулық сақтау мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізетін жаңа заң жобасы қаралды.
Құжат өзгерістері кепілдендірілген тегін медициналық көмектің жаңа үлгісін енгізуді, медициналық ұйымдардағы корпоративтік басқару жүйесін жаңғыртуды, денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытудың бірыңғай перспективалық жоспарын енгізуді, қоғамдық денсаулықты сақтау мәселелерін, сондай-ақ медициналық білім беру жүйесі мен ғылымды жетілдіруді, медициналық кадрларды дайындау сапасын арттыруды, донорлықты дамытуды көздейді.
Мәселен, онда көрсетілетін медициналық көмек көлемін келесі топтамалар бойынша бөлу ұсынылады: ең төмені – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі. Базалық – «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» заңына сәйкес ұсынылатын міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмек. Сондай-ақ «Сақтандыру қызметі туралы» заңға сәйкес ерікті медициналық сақтандыру шеңберіндегі медициналық көмек, Қазақстан заңнамасына қайшы келмейтін ақылы қызметтер көрсету мен өзге де көздердің есебінен ұсынылатын медициналық көмекті қамтитын медициналық көмектің қосымша көлемі.
Жобаға сәйкес, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі ел азаматтарына, оралмандарға, Қазақстан аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға бюджет қаражаты есебінен ұсынылады, ол барынша дәлелденген тиімділігі бар профилактикалық, диагностикалық және емдік медициналық көрсетілетін қызметтерді, сондай-ақ дәрілік көмекті қамтиды. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін ел Үкіметі бекітеді.
Заң жобасында білім беруді, зерттеулерді және клиникалық практиканы ұштастыру арқылы медициналық кадрлар дайындауға, медициналық қызметтер сапасын арттыруға, бірқатар әкімшілік және қылмыстық құқықбұзушылықтар құрамын қайта қарауға, донорлық және Трансплантология институтын жетілдіруге, туберкулезбен және АИТВ-мен ауыратындарға медициналық көмек көрсетуге, сондай-ақ денсаулық сақтау жүйесі мәселелері бойынша қолданыстағы заңнамадағы олқылықтарды жоюға бағытталған нормалар көзделген.
Сонымен қатар сенаторлар «Кейбір заңнамалық актілерге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын қарады. Енгізілетін түзетулер шекті бағаларды бекіту арқылы 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап барлық дәрілік заттарға арналған бағаларды реттеуді енгізуді, әкімдердің құзыретінен фармацевтикалық қызметті жүзеге асыруға арналған лицензияларды беру жөніндегі функцияларды алып тастауды, азаматтардың жекелеген санаттарын тегін немесе жеңілдікпен амбулаториялық қамтамасыз ету үшін кешенді бағалаудың негізінде дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдардың ұлттық формулярлық тізбесін қалыптастыруды қарастырады.
Бұдан бөлек, құжат дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды электрондық сатып алуға көшуге, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы заңнаманы жетілдіруге бағытталған басқа да нормалардан тұрады.
Мұның сыртында отырыста «Кейбір заңнамалық актілерге халықтың жұмыспен қамтылуы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды. Құжат бейресми жұмысқа тартылғандардың қызметін заңдастыруына және бірыңғай жиынтық төлемді төлеудің есебінен зейнетақымен қамсыздандыру, әлеуметтік және медициналық сақтандыру жүйесінің толық мүшесі болуына мүмкіндік беретін жүйелі шараларды енгізу арқылы шарттастыруға және оларды еліміздің экономикасына тартуға бағытталған.
Барлық құжаттар комитеттің қолдауына ие болды және алда палата жалпы отырысында қарауға ұсынылды.
Дереккөз: Айқын