Судья Бишімбаевтың екі адвокатын сотқа кіргізбей қойды

0

Қуандық Бишімбаевтың сот отырысында судья Айжан Күлбаева экс-министрдің адвокаттарын сот залына кіргізбей қойды, — деп хабарлайды Dalanews.kz.

Бүгінгі сот отырысында Бишімбаевтың қорғаушысы Ерлан Ғазымжанов қана қатысып отыр. Адвокат Лейла Рамазанова мен Назкен Құсайынова сотқа кешігіп келгендіктен судья оларды сот залына кіргізбей қойды.

Құсайынова 10 сәуірде өткен сот отырысында бүгінгі сот отырысын сағат 10.00-да бастауды сұраған. Алайда судья оның өтінішін қанағаттандырмай, сот отырысы әдеттегідей сағат 9.30-да басталатынын ескерткен болатын.

«Бұған дейінгі сот отырыстарында сотқа кешігіп келуге болмайтыны бірнеше рет ескертілген болатын. Сот тікелей эфирден көрсетіліп жатқандықтан сот отырысы 9.30-да басталатынын біле тұра қорғаушылар кешігіп келді. Сондықтан олар сот залына кіре алмайды. Сот үзіліс жариялаған кезде олар сотқа қосыла алады», — дейді судья Күлбаева.