Дана Қайратқызы: «Біздің жүрегіміз қазір еліміздегі су тасқынынан зардап шеккендермен бірге»

0
Біздің жүрегіміз қазір еліміздегі су тасқынынан зардап шеккендермен бірге. Бұл көпшілігіміз үшін қиын кезең болғандықтан, бір-бірімізге қолдау көрсетіп, ынтымақтастықта болу маңызды.
Қазіргі таңда еліміздің бірнеше аймағын су басып, халық әбігерге түсуде. Елдің он аймағында су тасқынына байланысты төтенше жағдай жарияланды. Табиғи апаттан халқымыз зардап шегіп, үй-күйі малынан айырылып, дүрбелеңге түсіп жатқанын көріп, естіп отырмыз. Бұл өте қиын жағдай. Әрине, «тас түскен жеріне ауыр» деген. Дегенмен, бұл бүкіл Қазақстан халқының басына түскен ауыртпалық. Өйткені, су алған аймақтарда туысқандары, таныстары тұратын болғандықтан, бұл жай ешкімді бей-жай қалдыра алмасы анық.
Табиғи апаттың қарқыны өте күшті. Қардың күрт еруіне байланысты аймақтарда су тасқыны болып жатыр. Бұл – табиғи апат. Мұндай ахуал ұзақ жылдан бері болмаған. Бұл көлемі жағынан соңғы 80 жылдан бергі ең ірі табиғи апат екен.
Су басқан аумақтарды қолдау әр елдегі нақты жағдайға сәйкес жасалады. Экономикасы мен инфрақұрылымы дамыған елдерде мемлекет әдетте зардап шеккен аймақтарға көмек көрсету үшін ресурстар мен мүмкіндіктерге ие. Бұл қалпына келтіру жұмыстарын қаржыландыруды, уақытша тұрғын үй мен гуманитарлық көмек көрсетуді, сондай-ақ су тасқынының алдын алу және қорғау жүйелерін әзірлеуді және енгізуді қамтуы мүмкін. Дамушы елдерде ресурстардың шектеулі болуына және инфрақұрылымның жеткіліксіздігіне байланысты жағдай күрделене түсуі мүмкін. Мұндай жағдайларда халықаралық қауымдастық гуманитарлық ұйымдар, қаржылық көмек және техникалық сараптама арқылы қолдау көрсете алады.
Сондай-ақ су тасқыны салдарынан үйлері мен күнкөрісінен айырылған адамдарға әлеуметтік қолдау көрсету маңызды. Бұл медициналық көмек көрсетуді, психологиялық мәселелер бойынша кеңес беруді, сондай-ақ жаңа тұрғын үй мен жұмыс табуға көмектесуді қамтуы мүмкін.
Бүгін де еліміздегі ахуалға байланысты үкімет бар мүмкіндіктерді пайдаланатындықтарын жеткізгенде көпшіліктің көңіліндегі күпті ойларды ыдыратқандай болды. Бұл еліміздің су басқан өңірлеріндегі азаматтарымыз үшін күш-жігер береді деп ойлаймын. Осындай сын сағатта халыққа көпшіліктің қолдауы өте қажет.
Белгілі болғандай, елдегі осы жағдайды күрделеніп кетпей, тез арада мәселені шешуге қарулы күштердің де мамандары жұмылдырылып жатқаны қуантады. Шыңдалған, мықты сарбаздар ең мықты күш болмақ. Бүгінде су басқан аймақтарда Премьер-Министр басшылық ететін республикалық штаб, төтенше жағдайлар министрлігі, ішкі істер министрлігі, Ұлттық гвардия, Қарулы Күштер және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің барлық ресурстары мобилизацияланған күштердің қатысуымен жедел әрекет етуде. Әсіресе жергілікті тұрғындар мен бірнеше мың волонтерлардың көмегі ерекше.
Иә, су басқан аймақтардағы халықтың қазіргі жағдайын қалпына келтіріліп, маңызды шешімдер қабылданып, қалай болғанда да халықтың көңілінен шығуы үшін жұмыс істелінуде. Бірде-бір азамат ескерусіз қалмай, барлығының шығыны өтеліп берілетіні айтылуда. Бұл табиғи апат, сондықтан түсіністікпен қараған жөн. Ең бастысы – азаматтардың амандығы. Азаматтар аман болса, дүние қалпына келер.
Сонымен қатар, ақпарат таратарда да өте сақ болған жөн. Онсызда қиыншылыққа тап болып отырған азаматтардың үрейін көтеріп, одан әрі ушықтыру адамгершілікке жатпайды. Әсіресе, осындай қиын кездерді пайдаланып, өз пайдасын ойлағандар, халыққа ешқандай жағдай жасалып жатқан жоқ деп, түрлі ақпараттар таратушылардың ертең халық алдында жүзі сынып жүрмесін. Тек су басқан аймақтың халқының басына түсіп отырған ауыртпалық емес, бұл бүкіл қазақстандықтардың да жанына батып отырған оқиға. Сондықтан, ауызбіршілігіміз мықты болып, барынша бірге болуға, қолдап, жәрдем беруге атсалысайық!
Осындай қиын сәтте, тек елдің ертеңге деген үміті оянып, ертеңге деген сенімі сөнбесін деп тілейік. Сонымен бірге жіберілген олқылықтарды ескеріліп, сабақ алсақ ол да болашақта қандай жағдай болмасын төтеп беруге дайындығымызды шыңдайды.
Біздің халық небір қиыншылықтарды бастан кешірген. Бұл жолы да қанға сіңген қасиет бірлігіміз, ынтымағымыздың арқасында бұл қиыншылықтан шығамыз. Қандай да болсын сын сәттерде халқымыз «жұмыла көтерген жүк жеңіл» деп жатады. Өйткені, «бір жеңнен қол, бір жағадан бас» шығарып, қиындықты еңсере білген елміз. Бұл қиындықты да жеңетінімізге күмән жоқ. Ендеше, ертеңге деген сенім мен үміт өшпесін! Тек береке-бірліктің арқасында бұл қиындықты да жеңетінімізге сенейік!
Дана Қайратқызы