Су тасқыны: Табиғатпен үндесе өмір сүруді ұмыттық

0
Қазір қазақстандық БАҚ беттерінде су тасқынына қатысты материалдар өте көп беріліп, өте көп айтылып та жүр.
Бірі бұған жергілікті әкімдікті кінәлайды, екіншісі Төтенше жағдай министрлігінің ылғи ештеңеге дайын болмайтынын айтады, ал кейбірі мұның басты себебін жемқорлық пен су саласындағы білімсіздікпен байланыстырады. Әрине, аталған пікірлердің бәрі дұрыс, бәрі жөн. Десе де осы тақырыпты бұған дейін зерттеген саладағы ардагерлер тасқын судың елдімекенді шайып кетуі бүгін ғана болып жатқан үдеріс емесін жиі айтады. Олардың сөзінше, «ақпа құлаққа айтқан сөз – құмға құйған судай» ғана болып отыр.
Осыған байланысты  Aikyn.kz  редакциясы ауыл шаруашылығы, геология, гидрогеология саласындағы (берісі 80 жаста, әрісі 90 жаста) ардагер кәсіби мамандарға хабарласып, аталған мәселені сараптап көрді. Олар – Нариман Қыпшақбаев, Медетхан Заппаров, Ғазез Хаймулдин.

Ресми дерек не дейді?

Қазір ел аумағында қауіп төндіріп тұрған тасқынның бірі – Жайық өзенінің көтерілуі. Себебі ол Батыс Қазақстан, Атырау облыстары арқылы өтіп, Каспийге барып құяды. Су деңгейі біртіндеп көтеріліп те жатыр. Күні кеше жария болған мәлімет бойынша, соңғы 4 сағат ішінде Жайық суы Январцев ауылы тұсында — +1 см-ге, Орал қаласында — +1 см, Көшім маңында — -2, Тайпақ ауылы тұсында — +9 см-ге көтерілген. Ал Орал қаласы тұсында Жайық деңгейі 7 метрден сәл асты.

(Сурет: ural56.ru сайты)

Сонымен қатар Ресейдегі Ирикла су қоймасын арқылы ағызылып жатқан су көлемі 8 сәуірдегі дерек бойынша, секундына 1670 кубометрді құрап, суды Қазақстан тарапына ағызу үдерісі айтарлықтай бәсеңдей қоймаған. Мәселен, Орсктегі су деңгейі 9 см-ге түсіп, 963 см болды. Ал біздегі болжам бойынша, Жайықтың деңгейі әлі 8-9 метрге дейін көтерілуі мүмкін.

Сондықтан тасқынға байланысты көзқарасты білу үшін әуелі өңірдегі ауыл шаруашылық маманы, Батыс Қазақстандағы өзен-көлдерге қатысты экологиялық мәселелердің басы-қасында жүрген Ғазез Хаймулдинмен тілдестік. Оның айтуынша, қазіргі келіп жатқан тасқынның болуы – заңды құбылыс. Әрі оны жақсы қырынан да қабылдауымыз керегін айтады.

БҚО-дағы тасқынның ахуалы

— Батыс Қазақстан облысына биыл су көп мөлшерде жақсы келді. Әсіресе жергілікті кішкене өзендерге. Әрине, тасқынға дайындықтың болмауы тұрғындар үшін қауіпті, бірақ оның болуы – шаруалар үшін қуанатындай жаңалық. Былтыр күзде жаңбыр көп жауды, тоң қалың болды. Соның нәтижесінде, күн райының тез жылынуына байланысты қар ерте кетіп, жергілікті өзендер тасыды. Соның ішінде БҚО, Қаратөбе ауданындағы Қалдығайты мен Жақсыбай өзендері тасып, сол арқылы өтетін көпір құлады. 120 үйі бар ауылдың, 45-і суға кетті. Бергі жақтағы аудандарда да су тасқыны болды. Мәселен, мұндай жағдай Теректі ауданындағы Аңқаты ауылында болды. 40 шақты үй суға кетті. Орал қаласының маңайында да су басу қаупі сейілген жоқ. Бізде бастауын Еділ өзенінен алатын Деркөл өзені бар. Оның да қазір көтеріліп бара жатқанын байқаймыз. Қалада Шаған өзені бар, ол бұрын мұншалық көтерілмейтін. Оның да суы көбейді. Жайықтың қазір мұзы толық кетпесе де, іргесі сөгілді,-дейді  эколог, Ауыл шаруашылығы саласының маманы Ғ. Хаймулдин.

(Сурет: inform.kz сайты)

Десе де сарапшы қазір Ирикла су қоймасынан келетін судың мөлшері көбейгендіктен, жергілікті елдімекенді су басу қаупі жоғары екенін, тіпті су басатынын сенімді түрде айтып отыр. Әрі әңгіме барысында 1994 жылы өңірді су басқанда, қаланың шетіне қайықпен қатынағанын еске алды.

1994 жылы қайықпен қатынадық…

— Енді су Орынбордағы «Ириклинское» су қоймасынан келеді. Ол жақтан бізге жылдағыдан 2-3 есе көп су келіп жатыр. Жайық өзеніне су 1994 жылы көп келіп еді. Ол кезде қаладан 12-13 километр жердегі Подстепное ауылына дейін қайықпен қатынағанымыз есімде. Бұл – адам үшін әлі қауіпті. Ресми болжам бойынша, одан да көп келсе, онда Теректі ауданындағы Пойманың бәрі түгелдей суға толады. Облыс әкімі оларға орын дайындап қойды. Өздері халық суға әзірленіп жатыр,-дейді ол.

Одан кейін апаттық жағдайда қалай әрекет етуіміз керек екенін білу үшін гидрогеолог, Қ. Сәтбаев университетіндегі «Инженерлік және мұнай-газ геологиясы» кафедрасының профессоры Медетхан Запаровпен сөйлестік. Оның сөзінше, мәселенің түп төркіні – тасқын кезінде мәселеге жауапты министрліктің болмауынан.

Жауапты мекеме жоқ

— Мұндай апатты жағдайлардың алдын алуымыз керек, болжауымыз керек. Бізде сол болжау аса жөнді болмады. Соның салдарынан осындай жағдай орын алып отыр. Қазгидромет қауіпті айтқанымен, оған жауапты ешкім жоқ. Бізде мынадай «қызық» мәселе бар. Ел ішін су баса қалса, әкімдік жауап береді дейміз, басқалар су шаруашылығы жауап береді дейді. Ең әуелі жауапты мекеме осы уақытқа дейін белгіленбей жатыр ғой. Кейде ойлаймын, әкімнің құзыретінде не бар деп. Мысалы, аудан әкімі болсын, ауыл әкімі болсын – олардың қолында не бар? Қаламынан басқа ештеңе жоқ. Қазір барлығы –  жекеменшік. Менің ойымша, бұның бәріне жауапты Төтенше жағдайлар министрлігі болуы керек те. Соның ішінде су мамандары, гидротехник, гидрогеологтар ғылыми тұжырым жасауы керек. Бізде олар тек қана селге ғана жауапты. Мына ТЖМ-ге қарасты «Қазселденқорғау» деген мекеме бар.  Селге, қар көшкініне, тастың құлауына, сырғымаға жауап береді. «Ал суға біз жауап бермейміз»,-дейді олар. Сол себепті төтенше жағдайлар министрлігіне жазып, барлық құзырлықты соларға беруіміз керек,-дейді гидрогеолог М. Заппаров.

Келген суды қолдануымыз керек

Одан соң маманнан тасқынды болдырмау амалын сұрадық. Пікірінше, жергілікті әкімдік елдімекеннің бас жоспарын бекітерде бас жоспарға мән бермейтін көрінеді.

— Ал болашақта тасқынды болдырмау үшін кез келген елдімекен, ауыл-қала болсын, оның бас жоспарын түзеп, нақты бекітуіміз қажет. Басқаша айтқанда, оны «ген.план» дейміз. Сол бас жоспарды жасаған кезде, мамандар мәселені егжей-тегжейіне жеткізіп қарап, қай жақтан су мол келеді, соның алдына тоғандар қалай салу керек екенін ойлауы қажет. Мұны елдімекеннің бас жоспарына кіргізу керек, кейін сол жоспар арқылы ақшаны бөліп, жұмыс істелуі керек. Жазда су жоқ, құрғақшылық дейміз. Енді қазір келген суды бір жерге жинақтап, тоспа жасауды тағы да қолға алуымыз керек қой. Келіп жатқан суды жинап, тоспа жасаса, онымен жазда жерді суғаруға болады. Бірақ тоспа жасағанда жабайы тоспа емес, жоспары бар тоспа жасауымыз керек. Егер су соншалық қатты келсе, «апаттық жағдайдағы су төгу» орын алуы мүмкін. Сондықтан суды ағызу, сақтау процесінде жүйе болуы қажет. Бірақ келген суды міндетті түрде әрі қарай қолдануымыз керек,-дейді профессор Медетхан Заппаров.

Тағы да су қоймасы қажет

— Тағы да айтайын. Мысалы, Қазақстанда су тапшылығы бар, су жетпейді демйіз ғой. Өйткені біздің Қазақстанның климаты сондай, қысы суық, жазы ыстық дегендей. Су ресурстары да әртүрлі орналасқан. Шығыс жақта суымыз көп болса, ал Батыс облыстарда су жетіспейді. Ал Қазақстанға су жетпеуінің себебі: біздегі үлкен өзендердің су артериясының барлығы бастауын шет жақтан алады. Оны трансшекаралық өзендер деп атайды. Жайықтан бөлек, біздегі Іле өзенінің, Ертіс өзенінің де жағдайы өзге мемлекеттің қас-қабағына тәуелді. Содан біздің өзімізге жазда су керек болса, суды бермей қояды. Көктем қар  суы жиналып, өзен тасыса, ағыза салады. Мемлекетаралық келісім шарт бар, бірақ орындалмай жатыр,-дейді.

Маманның сөзінше, су қыспағынан шығу үшін өзіміздің Қазақстанның ішіндегі су көздерін пайдалануымыз керек. Өзіміздегі өзендерге тағы да су қоймасын салуымыз керек.

— Мәселен, Жуалы ауданының тау жақ бөктерінде «Мыңбұлақ» деп аталатын жер бар. Сол жерге су қоймасын салып, өзімізге пайдалануға болады. Келісімдер бар, бірақ орындалмай жатады,-деп сөзін түйіндеді ол.

Бұдан соң мәселенің негізгі себебіне үңілу үшін инженер-гидротехник, су саласының маманы, су шаруашылығының экс-министрі Нариман Қыпшақбаевпен байланыс орнатып, біраз тілдестік. Су маманының сөзінше, тасқынның алдын алуға да, болжауға болады.

(Сурет: Zhasalash.kz)

Әр өзеннің мінезі бар…

 Неге мүмкін емес? Өзеннің суы бар. Әр өзеннің өз мінезі бар… Біреуі үлкен өзен, біреуі кіші өзен. Біреуі ерте қатады, біреуі ерте тасиды. Біреуі солтүстікке қарай ағады, біреуі оңтүстікке қарай ағады. Мұны зерттейтін мамандарды гидролог дейді. Қазгидромет қызметі деген бар. Метереологиялық бақылау жүргізеді. Қардың қалыңдығы қанша, сулылығы қанша екенін біледі. Кейбір қар үлпек қар болады, қазанға салсаң, су жоқ. Ал кейбір қарды жұдырықтап салсаң, су көп. Соған дейін анықтап отырады. Биыл түскен қардың сулылығы мынадай, ол ерісе, мынадай қар шығады дейді. Бұл – олардың ісі, менікі емес,-дейді ол.

Судың да сұрауы бар

Н. Қыпшақбаевтың пікірінше, қазір әлемде судың азайып жатқаны, ал оны тұтыну көлемі ұлғайған. Аталған мәселе ақсақалды қатты алаңдатып отыр.

— Су деген бар, содан кейін су ресурсы деген бар. Суды табиғат жаратты, енді оны пайдалану керек. Пайдалану дегеніміз: адам суды ішеді, егістікті суарады, қалаға береді, зауытқа береді. Бұл енді су ғана болған жоқ, су ресурсы болды. Мен сол жағынан маманмын. Оны қалай ұстайды, су қоймасын салады, канал салады, содан кейін оны жоспарлайды дегені бар, одан кейін мөлшерлейді, әркім сұрағанға су бермейді, мақта егесің бе, металл өндіресің бе, сол. Судың да сұрауы бар дейді ғой, сол жағынан маман менмін.

Су көбеймейді, адам көбейеді

— Неге қазір су ресурсы үлкен мәселеге айналды? Өйткені су ресурсы тұщы суды айтамын, мұхиттың я теңіздің суын айтып отырғам жоқ. Тұщы судың мөлшері шектеулі. Мынау Сырдария, анау Іле, Ертіс, қалай жаратылды, оның мөлшері сол. Оны гидрологтар жақсы біледі. Әр жылда қалай келгені, қанша келгені, қай уақытта келгенін жазып отырады. Әуелі осыны түсініп алуымыз керек, тұщы су көзі мөлшерлі, шектеулі. Азаюы мүмкін, бірақ көбеймейді. Неге мәселеге айналды? Себебі сұраныс жылдан-жылға көбейді. БҰҰ әр адамның ішетін суға деген құқығын қабылдады. Бірінші кезекте, адам су жеті күннен кейін өліп қалады. Сонда жаңа туған адамға күніне минимум жүз литр су беру мына үкіметтің мойнында. Міне, осының салдарынан жер жүзінде кризис. Жоқ, тұщы су шектеулі. Оған сұраныс жылдан жылға көбейеді. Қазақстан бүгін 20 миллион дейік, енді он жылдан кейін 30 миллион болады. Су өспейді, адам көбейеді. Адамның тамағы бар, киімі бар, зауыты бар, фабрикасы бар, жұмысы бар – бәрі су сұрайды. Сондықтан суға баланың ойыншығы сияқты қарамауымыз керек,-дейді гидролог Н. Қыпшақбаев.

Одан кейін маман Жайық өзеніндегі ахуалға үңілді. Айтуынша, мұндай ситуацияның болуына жергілікті әкімдіктер кінәлі. Себебі әкімдік өзеннің жағасы мен салалары ағатын тұстың бәріне жер алып, үй салуға баяғыда-ақ рұқсат беріп қойған.

— Мысалы, Жайық өзенін алайықшы. Кейінгі 5 жыл не одан көп уақыт тасқын болмады. Қуаңшылық жылдар болды. Жыл сайын тартылып жатыр деп айғайлайды. Енді су келді, тағы қазаққа ұнамады. Су басып кетті дейміз. Осыны бақылайтындар айтып отыруы керек қой. Мысалы, әкімдер. Ауылдың, ауданның, облыстың әкімдері. «Оу, ағайындар, көшеміз неге таза емес? Қоқысты неге көшеге тастап жатсыңдар? Ана үйіңнің қасындағы сайды неге қоқыспен бітеп тастағансың? Ертең қар ерігенде, сол саймен жүретін судың арнасы ғой» деген сөзді неге олар айтпайды? Кей жылдары өзен қатты тасиды. Оны қазақтар біледі. Оның жалпы деңгейі былай, жағадан шығуы былай деп анықтайды. Су қорғау аймақтары мен су қорғау белдеулері деген заң бар. Біздегі өзендер сол заң аясында қорғалуы керек. Орысшалағанда, «земли водного фонда» деген бар. Мына жер судың жері деген. Өйткені жер жағасы қайтып, өзгеріп тұрғанда, аталған жер қорғалуы керек. Ал бізде керісінше сол жерге қазақтарға жер алып, үй сал дейді. Заңды оқымайды. Мынау судың жері, егер бұны саған берсем, бір күні сенің үйіңді су басады деуі керек. Міне, басып жатыр ғой. Осыны білмегеннен кейін бәрі зардап шегеді.

Құдды адамның көк тамыры сияқты

— Кез келген ауылдың жанында өзеннің арнасы бар, оған келетін сай-салаға жылғалар бар. Сондай жерге әкімдер «судың жолын жаппаңдар, қар ерігенде жылға арқылы өз арнасына түседі, оны жапсаң, сенің үйіңді басады» дегенді айта алмай отыр ғой. Бұл – өте қарапайым нәрсе ғой. Содан кейін де қазір саяжай көбейіп кетті. Жұрттың арманы – өзеннің жағасынан үй салу. Мысалы, Жайықта барлық саяжай «поймаға» кіріп алған. Енді су келгенде, «ойбай, мені басып кетті» дейді. Басады, өйткені су өзінің тарихи жүріп өткен жолымен жүреді. Бұл Оралда болып жатқан бірінші тасқын емес, 100 жыл бұрын да, 200 жыл бұрын да болған шығар. Әлі бола да береді. Табиғатпен тіл табыса өмір сүруді қазақ білген. Ал қазір қазақтар білмейді, мән бермейді. Бәрінің көксегені – ақша. Анау сайды сатсам дейді. Гидрологиялық желі деген бар. Оны картадан да көруге болады. Сай-сала арқылы судың жүріп өтетін жолы дейміз. Ол құдды адамның көк тамыры сияқты. Соны бұзуға болмайды дегенді айтқым келіп отыр,-дейді су маманы.

Бұдан бөлек ақсақалдан су саласындағы қазіргі жағдай жайлы, елдегі тасқын жайлы да тереңірек сұрап көрдік. Сөзінше,  қордаланған мәселе жеткілікті.

Үлкен қате кетті

— Үлкен қате кетті. Айғайла, ұрыс. Бірақ алдағы уақыттағы мәселе – осыны қайталамау. Халықты қиын жағдайға қалдырмау дегенді қазір әкімнен бастап, бәрі де ойлауы қажет. Қай жерде айналып өтетін арық жасаймыз, өзеннің қай жерінен дамба жасаймыз, оның биіктігі қанша деген мәселелер ғой… Биыл өзеннің жағасында тұрып, зерттеген біреу болды ма? Егер жарты метр су келсе, дамба бір метр болуы керек деген сияқты өлшемдер қажет. Соны ойлайтын бір қазақ жоқ.  Келесі жылы ел суға кетіп, үйін тасқын баспауы керек қой. Одан кейін су қай жақтан келіп, қай жаққа кеткенін бағдарлап, қазірден бастап жоба жасап, жоба бойынша іс жүргізу қажет. Оны орындау мәселесін ойлап, енді тасқын болмайтындай өмір сүрмеуіміз керек. Адамдарға обал. Шынын айтқанда, егер су маманы екенімді ескерсек, тасқынға қуанамын. Ата-бабамыз да кезінде тасқынға қуанатын. Ол дегеніміз – шөп, малға жайылым. Құрғап кеткен көлге де пайда. Қазір Каспийдегі жан-жануарлар қырылып та жатыр. Ал келген су сондағы тірі жәндікке керемет жағдай жасайды. Оған қуануымыз керек. Жайықтың негізгі суы Каспийге барады,-дейді ол.

«Қазақстанда сумен айналысудың қажеті жоқ»

Айтылған мәселелерден өзге бізді халықаралық су ресурсына қатысты этикалық мәселе де қызықтырды. Кәсіби маманнан «Ресей тарапының Қазақстанға кез келген уақытта суды ағыза салуы қаншалықты дұрыс?», «Жалпы су саясаты қалай жүзеге асуы керек?» деген сұрақтарды да қойдық.

— Менің Қазақстан мемлекеті алдында, Қазақстан халқының алдында істеген бір ісім бар еді. Трансшекаралық өзендердің суын реттеу жөнінде мемлекетаралық су келісімі деген бар жер жүзінде. Соны мен Кеңес үкіметі құлағаннан кейін жасап беріп кеттім. Қазақстан Үкіметі атынан деп қол қойдым. Тәртіп бар. Сол тәртіп бойынша, тасқын келген кезде су қоймасын қалай ашады, қанша су келеді деген мәселелер екі елдің екіжақты келісімімен жүзеге асуы қажет. Мынау кейінгі жылы ғана су министрлігі құрылды. Ал сол отыз жыл бойы су саласын құрттық қой. Менің түсінігімде, бұрынғы президентте «Қазақстанда сумен айналысудың қажеті жоқ» деген позиция болды. Қазақстан территориясының 70-80 пайызы – шөлейт. Сонда бұл ақымақ адамның тұжырымы болды. Елдің келешегі сусыз болмайды. Мемлекеттің негізі тек екі ресурстан тұрады: жер мен су. Мемлекеттің негізі мұнай емес, алтын емес, олар да керек шығар, бірақ жер мен су – ең, ең бастысы. Отыз жол осы екі табиғи ресурсқа қатысты ғылыми негіздің бәрін құрттық. Біреуге бір гектардан, келесісіне бес, одан кейінгісіне жүз гектардан беріп, бәрін саудалап қойдық. Ауыспалы егістік, жайылым, қыстақ, жайлау және тағы басқасы… Қазір соларды қалпына келтіру керек. Сонда жердің құнарлығы сақталып, өнімі артады. Бәріне тек қана ғылыми тұжырымның негізінде қарауымыз керек. Ғылымсыз су да жоқ, апат та көп бола береді. Кезінде Ғылым академиясын да жауып, жойып тастадық. Күні кеше ғана аштық,-деді Нариман Қыпшақбаев.

Қазақстанның ауруы – салаға маман емес, белсенділердің келуі

Нариман Қыпшақбаевпенн біраз тілдескеннен кейін, оның қазіргі құрылған су министрлігіне, жалпы елдегі су саясатына деген көзқарасы туралы да сұрадық. Су саласында біраз жыл еңбек еткен ол былай деп жауап берді:

— Қазір су қанша жерді басты, қалай көтерілді, қайда кетті – бәрін, бәрін жазып-сызып, соған сәйкес қорғаныс ғимараттарын салуымыз керек. Оның бәрін сәл миды жұмыс істетсек, жасауға болатын дүниелер ғой. Түк те қиындығы жоқ. Қазір су басқан аймақтарға депутаттар барып, уәдені беріп жатыр. Ал ол жерге мамандар баруы керек. Гидротехник, гидролог жоқ маман жоғын айтып жатыр. Ауданда, облыста су шаруашылығы мекемелерін жаңғырту керек. Қазақстанның бір үлкен ауруы бар, ол – министрлікке ылғи өз саласының маманы емес, жұмыс істемейтін белсенділердің келуі. Жалақысы пәленбай миллион, астында қымбат көлігі бар. Сосын есеп береді. Ауылдағы, аудандағы мамандар сумен айналысатын мекемесі жабылған соң, кетіп қалды. Сондықтан қазір шұғыл түрде облыстық, аудандық су шаруашылығы мекемелерін қайта қалпына келтіру керек. Оны мен бүгін айтқан жоқпын, баяғыдан бері қақсап келемін. Жазып та бердім. Алдыңа жылқы, қой, сиырды алып келсе, соларды шатастыратындар да министр болды ғой. Рас айтамын. Солар Астанада отырып, бәрін жапты, ыдыратты. Өңшең сауатсыздар кабинетте отыр. Әркім елге өз қолынан келгенше қызмет етуі керек, меніңше. Саланы білмей ме, жұмысын босатсын. Ол да керісінше елге еткен үлкен көмек, пайда, ешқандай жаулық емес.  

P. S.  Aikyn.kz   редакциясы тілдесіп, әңгімеге тартқан үш маманнан да ұққанымыз: қазір су саласына ғылыми көзқарас ауадай қажет. Себебі ғылыми танымсыз қауіптің тағы да келуі, апаттың тағы да болу ықтималдығы жоғары. Мұны барлық сарапшы растап отыр. Ал салаға жауапты министрлік тарапынан болған олқылықтар үшін әлі нақты кімнің жауап беретіні, алдағы уақытта тасқыннан зардап шекпес үшін нақты қандай шаралар жасалатыны белгісіз. Бірақ бір белгілісі: қазақ қоғамы мемлекет ретінде үлкен өзгерісті қалап отыр.