«Астана» франциялық «Ренн» командасынан жеңіліп, Еуропа лигасымен қош айтысты
2018 жылғы 14 желтоқсан 01:50 163
АСТАНА. ҚазАқпарат — Бүгін футболдан Еуропа лигасының топтық кезеңі мәресіне жетті. Еуропа лигасында K тобында сынға түскен елордалық «Астана» сырт алаңда Францияның «Ренн» командасымен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Біз бұдан бұрын бүгінгі кездеудің екі команда үшін де маңызы зор екенін айтып өткен едік. Екі команда да соңғы турға дейін жарысты жалғастыру мүмкіндігінен қол үзген жоқ. «Астана» сегіз ұпаймен екінші орында тұрса, «Ренн» 6 ұпаймен үшінші орынға жайғасты. Біздің командаға тең нәтиженің өзі жарысты жалғастыруға жол ашатын еді. Ал «Ренн» үшін тек жеңіс қажет болды.
Аталмыш кездесуде алғашқы минуттан «Астана» сапында Ненад Эрич, Бактиер Зайнутдинов, Евгений Постников, Марин Аничич, Антонио Рукавина, Иван Маевский, Ласло Кляйнхайслер, Ричард Алмейда, Марин Томасов, Педро Энрике мен Джуниор Кабананга шықты. Оларға қарсы «Ренн» Абдулай Диалло, Рами Бенсебаини, Дамьен Да Сильва, Мешер, Амари Траоре, Бенжамен Буриго, Бенжамен Андре, Клеман Гренье, Исмаила Сарр, Теозон Сибачо, Хатем Бен-Арфа ойнады.
Сондықтан кездесу басталған сәттен алаң иелері шабуыл шебін күшейтті. Ойын тағдырын ертерек шешуге тырысты. Француз фтболшылары біздің қақпа маңында жиі бой көрсетті. Кейбір сәтте алаң иелері мүлт кетсе, ендігі бір сәтте «Астана» қақпашысы Ненад Эрич шеберлік көрсете білді. Мәселен, 43-минутта «Ренн» футболшысы Хатем Бен Арфа жойқын соққыны біздің қақпаға бағыттады. Бұл сәтте Ненад Эрич өз орнынан табыла білді.
Екінші кезеңде «Астана» қорғаныс шебін күшейте түсті. Жартылай қорғаушы Ричард Алмейданың орнына қорғаушы Абзал Бейсебеков шықты. «Ренн» ойыншылары тағы да біздің қорғанысты мазалай түсті. Ал 67-минутта «Астана» қорғаушысы Бактиер Зайнутдинов қарсыластар ойыншысын өз айып алаңында шалып жықты. Төреші ойланбастан пенальти белгіледі. «Ренн» футболшысы тепкен допты Ненад Эрич қайтарған еді. Дегенмен алаң иелері оның қайтарған добына ертерек жетті. Осылайша алаң иелері гол соғып кетті. Ол Исмаил Саррдың еншісіне жазылды. Ол 72-минутта осы кездесудегі өзінің екінші голын соқты. Бүгінгі кездесуде «Ренн» 2:0 есебімен жеңіске жетіп, жарыстың келесі сатысына шықты.
Бұдан кейін «Астана» ойыншылары ес жиғандай болды. Алаң иелері қақпасы маңында бірнеше қауіпті сәттер ұйымдастырды. Дегенмен оның бірінде біздің жігіттер мүлт кетсе, ендігісінде француз қақпашысы шеберлік көрсетті.
Айта кетелік, «Астана» былтыр Еуропа лигасы топтық кезеңінен жарыстың 1/16 финалдық кезеңіне тұңғыш рет жолдама алған еді. Ол жолы соңғы турда Чехияның «Славия» командасынан 1:0 есебімен басым түскен еді.
«Астана» биылғы Еуропа лигасы топтық кезеңіндегі ойындарын сәтті бастаған еді. Алдымен 20 қыркүйекте Киевте жергілікті «Динамомен» 2:2 есебінде тарқасты. Одан кейін өз алаңында 4 қазанда бүгінгі қарсыласы — Францияның «Ренн» клубын 2:0 есебімен жеңсе, сыртта 25 қазанда Чехияның «Яблонец» клубымен 1:1 есебімен тең ойнады. Аталмыш «Яблонецпен» 8 қарашада елорда төрінде қарымта ойын өткізіп, бұл кездесуде елордалық клуб 2:1 есебімен жеңіске жетті. Ал 29 қарашада біздің футболшылар Киевтің «Динамосынан» 0:1 есебімен ұтылып қалды.
Еуропа лигасының 1/16 финалдық ойынының жеребесі 17 желтоқсанда тартылады. Жарыстың бұл сатысы 2019 жылдың 14 және 21 ақпан күндері ойналады.
Дереккөз: https://www.inform.kz/kz