Атырау облысында 2018 жылдың үздік кәсіпкері анықталды
Атырау облысы әкімінің қолдауымен облыстық кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасы мен Өңірлік кәсіпкерлер палатасы бірлесіп ұйымдастырған шараға жеке кәсіпкерлермен бірге шағын және орта бизнес жетекшілері қатысты.
Атырау облысының дамуына қосқан үлестері үшін Атырау облысы әкімінің алғыс хатымен аймақтағы 22 кәсіпкер марапатталды, ал 10 аталым бойынша жүлдегерлер анықталды.
«Үздік стартап жоба» аталымы бойынша «Нұр Риза» ЖШС жетекшісі Нұрлыбек Бисембаев, «Үздік жас кәсіпкер» — «Dental Angels» ЖШС директоры Парасат Болатов, «Туризм саласының үздігі» — «Планета-KZ» компаниясының директоры Роза Бекенова жүлдегер болып танылды. «Үздік бизнес тренер» ретінде Арман Азаматов, «Үздік отбасылық бизнес» атылымында «Жер Ана» ЖШС басшысы Жұмабек Шәменов, сауда саласындағы үздік кәсіпкер «Держава-К» ЖШС басшысы Бақытжан Төлеуов марапатталды. Қызмет көрсету саласындағы үздік мекеме – «The Chief» журналының бас редакторы Әлия Бекқожиева болса, жылдың үздік өндірушісі «КазПако» ЖШС директоры Азамат Аманжолов аталды. Жылдың үздік әйел кәсіпкері аталымында Айжан Ізімова жеңімпаз болып танылды. Ал «Жыл кәсіпкері» атағын «Амангелді» ЖШС басшысы Мұрат Әміралиев жеңіп алды.
Айта кетейік, қазір Атырау облысында 57 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі тіркелген, олардың бәрі де белсенді қызмет етуде. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы іске аса бастаған 9 жыл ішінде 1186 кәсіпкерге жалпы сомасы 82,1 млрд теңгенің қолдауы көрсетілді. Осының арқасында аймақта 6 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды.
— Атырау облыстық әкімдігі Өңірлік кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп бизнес жүргізу талаптарын жетілдіру бойынша кең көлемді шаралар атқарды. Соның нәтижесінде қазір шағын және орта бизнес шығаратын өнім көлемінде өсім байқалады. Қазіргі уақытта Атырау облысының кәсіпкерлері 1 триллион теңгенің өнімін өндірді, бұл бұрынғы көрсеткіштерден 65 пайызға артық, Елбасы жергілікті атқарушы органдарға бизнестік климатты жақсартып, кәсіпкерлікті дамыту тапсырмаларын алға қояды. Біз өз тарапымыздан бұл тапсырманы орындау бағытында бар күшімізді саламыз. — деп атап өтті құттықтау сөзінде Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев.
Дереккөз: http://egemen.kz/