Экс-президенттің тиіспеушілік құқығы талқыға түсті

0

ЗАҢДА НЕ ӨЗГЕРМЕК?

Желтоқсанның 13-і Жогорку Кенеш депутаттары заң жобасын алғашқы оқылымда қарап, дауыс берді. Өзгерістерді 100 депутат қолдап, екеуі қарсы шыққан.

Заңға өзгеріс енгізу елдің экс-президенті Алмазбек Атамбаев пен оның орнын басқан қазіргі президент Сооронбай Жээнбековтің арасы ушыққан сәтте талқыланып жатыр.

«Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы» заңның 12-бабына («Қырғызстан экс-президентіне тиіспеу») өзгеріс енгізуді депутат Исхак Масалиев пен Курманкул Зулушев ұсынған. Олардың пайымдауынша, 12-бап – ел конституциясындағы «барлық азаматтар заң алдында тең» деген ұстанымға қайшы.

Жогорку Кенеш отырысында депутаттар заңдағы 12-баптың күшін жою туралы ұсынысты бірінші оқылымда қолдады.

«Қырғызстан президентінің қызметіне кепілдік беру туралы» заңның 3-бабын да өзгертуді бірінші оқылымда мақұлдады. Бұл бапқа сай, қазіргі президент тиіспеушілік құқығына ие және жауапқа тартылмайды. Заң өзгерсе қазіргі президентке импичмент жарияланып, оған Жогорку Кенеш пен бас прокуратура қандайда бір айып тақса, заң алдында жауап береді.

Бұған қоса, экс-президенттің ар-намысы мен қадір-қасиетін қорғауға кепілдік беретін 18-бапты да өзгертуді бірінші оқылымда қолдады. Өзгеріс енгізілсе президент қызметінен кеткен соң ар-намысы мен абыройына нұқсан келген жағдайда сотқа өзі шағымданады.

Жогорку Кенеш заң жобасын әлі екі оқылымда талқылайды. Заң біржола мақұлданса, Алмазбек Атамбаев жауапқа тартылуы мүмкін.

ЗАҢДЫ ӨЗГЕРТУГЕ НЕ СЕБЕП БОЛДЫ?

Заңға өзгеріс енгізу туралы талқы Алмазбек Атамбаевтың Бішкек ТЭЦ-ін модернизациялауға тікелей қатысы бары туралы мәлімдемеден кейін күшейген. Қырғызстан құқық қорғау органдар «ТЭЦ-ті модернизациялау кезінде сыбайлас жемқорлық қылмысы болған» деп күдіктенеді. Атамбаев айыпты жоққа шығарады.

Қазанның 4-інде Қырғызстан Жоғарғы сотының конституциялық палатасы экс-президентке тиіспеу нормасын конституцияға қайшы деп таныған.

«Бішкек ТЭЦ-ін модернизациялау» жобасын іске асыру кезіндегі ықтимал сыбайлас жемқорлық фактісін тергеу аясында Алмазбек Атамбаевтың үш серігі –бұрынғы премьер-министр Сапар Исаков, Бішкектің экс-мэрі Кубанычбек Кулматов пен депутат Осмонбек Артыкбаев қамалған. Бұл үш саясаткер де – Атамбаев басқаратын Социал-демократиялық партияның мүшесі. Искаков, Кулматов пен Артыкбаев өздеріне тағылған айыпты терістейді.

Постсоветтік Қырғызстанда қазір тек екі бұрынғы президент тиіспеушілік құқығын иеленіп отыр. Олар — Роза Отунбаева мен Алмазбек Атамбаев. Ақаев пен Бакиев Қырғызстаннан шетке қашқанда бұл құқықтан айырылған. Екеуі де «өкілетін асыра пайдаланды» деген айыппен сырттай ұзақ түрме жазаларына кесілген.

Дереккөз: Азаттық