Партия жұмысының айнасы немесе ашық әрі жедел әрекет ету – басты талап

0

«Нұр Отан» партиясының халықпен кері байланысын қамтамасыз етіп, елмен етене жұмыс істейтін қоғамдық қабылдау бөлмелері екені белгілі. Бұл жерге күніне жүздеген жан келіп, өзінің мұң-мұқтажын айтып, көмек сұрайды. Сондықтан аталған қабылдау бөлмелерін партияның айнасы ретінде де қарастыруға әбден болады. Осыған орай, жыл сайын партия «Ең үздік қоғамдық қабылдау бөлмесін» анықтау үшін республикалық байқау жариялайды. Өткен сәрсенбіде байқау жеңімпаздары анықталып, салтанатты түрде марапатталды. Аталған іс-шараға партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты.

Үздіктерді құттықтаған ол қоғамдық қабылдау бөлмелері партияның маңызды құралы екендігіне, халықпен кері байла­нысты қамтамасыз етіп, мемлекеттік орган­дармен өзара іс-әрекетте тиімді тетік саналатынына және партияға өтінішпен келетін азаматтардың өзекті мәселелерін шешуге үлкен септігін тигізетініне назар аударды.
Соңғы кездері халықтың партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп, өз өтініштерін білдіруі айтарлықтай артқан. Бұл азаматтардың партияға деген сені­мінің күшейе түскенін білдіреді. Талдау нәтижелеріне сүйенсек, өткен жылы еліміз бойынша 97 мыңнан астам азамат қоғамдық қабылдау бөлмелеріне келіп, партиядан көмек сұраған. Ал биылғы 11 айдың өзінде бұл көрсеткіш 132 мыңды құрап отыр. Осы уақыт аралығында 30 мыңнан астам қабылдаулар өтіп, оған 53 мың­нан астам азамат келіп, жеке мәселе­лері бойынша өтініш білдірген. Аталған өтініштердің 39 пайызы оң шешімін тапты. Ал қалғандары бойынша тиісті түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Өз сөзінде «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары саяси ұйымның имиджі негізінен қоғамдық қабылдау қызметкерлерінің жұмысына байланысты екенін атап өтті. Осы инсти­тут­тың жұмысында ашықтық пен айқын­дық­тың маңызды іс екеніне тоқталған ол әріптестерін халық арасында туындаған мәселелерді барынша тез әрі тиімді шешуге шақырды.
– Бүгінде Елбасы, партия Төрағасы­ның тапсырмасына сәйкес, партия­мыздың қызметін жаңғырту жұмыстары қарқынды әрі жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Осы жұмыстар арқылы партияны заманауи, бәсекеге қабілетті, тиімді, жоғары техно­логиялы саяси ұйымға айналдыруды көз­деп отырмыз. Ең бас­тысы, біз елмен етене жұмыс істейтін нағыз халықтың партиясы екенімізді үнемі есте ұстауымыз керек. Бұл ретте қоғамдық қабылдаулардың маңызы зор. Өйткені партиямыздың қоғам­дық қабылдау бөлмелерінің қыз­мет­керлері күн сайын халықпен тығыз жұмыс істеп, қоғамдағы өзекті мәселелерді нақты бі­леді. Сол арқылы олар партияның имид­жін қалыптастыруға игі әсерін ти­гізеді. Тіпті халықтың бізге деген көзқа­расы да, көп жағдайда осы қоғамдық қабылдаулар жұмысының нәтижесіне байланысты екені сөзсіз. Сондықтан бізге ашық және тиімді түрде жұмыс істеу аса маңызды. Партияға үлкен үмітпен келген әр азамат үнемі қолдау тауып, көмек алуы тиіс, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол партияны жаңғырту шең­берінде қоғамдық қабылдау қызмет­керлері үшін ең өзекті деген кейбір мін­деттерге тоқталды. Мәулен Әшімбаев оң шешілген мәселелердің деңгейін ұстап тұруды, ал қалған өтініштер бойынша түсініктемелер мен кеңестер беруді ұсынды.
Жұмыстың екінші маңызды бағыты – қоғамдық қабылдауларды цифрландыру. Әр адам өзінің партияға жасаған өтінішіне байланысты қолға алынған жұмыстарды бақылап отыруға жағдай жасалуы тиіс. Одан бөлек, өтініштерді электронды түрде тапсыру және оны интернетте қадағалау қолжетімді болуы керек.
Партия Төрағасының Бірінші орын­басары «Цифрлы әлеуметтік мониторинг картасы» жобасына да назар аударды. Соған орай, қоғамдық қабылдаулар – қазақстандықтардың әлеуметтік ахуалы туралы маңызды және тиімді ақпарат көзі.
Халықтың партиядан көмек сұрап келгендегі көтеретін мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік түйткілдер, жұмыспен және баспанамен қамту, сондай-ақ тұрғын үй коммуналдық шаруашылық салала­рына қатысты. Солардың көпшілігі ізін суытпай, партияның қоғамдық қабылдау бөлмелерінде өткізілген мемлекеттік органдардың бірінші басшыларының, депутаттардың және заңгер мамандардың қабылдауларында шешілетінін де ай­рықша атап өткен жөн.
Сонымен қатар биыл республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің базасында «Заңгерлік көмек» партиялық жобасы сәтті жүзеге асырыла бастады. Бұл жоба бойынша әлеуметтік аз қамтылған жан­дарға кешенді түрде өтеусіз заңдық кө­мектер ұсынылады. Мұндай жоба еліміз бойынша алғаш рет қолға алынып отыр. Аталған бастама әдеттегі заңдық көмек­терден өзгеше. Себебі, мұнда мамандар­дың кеңестерінен бөлек, істің басынан соңына дейін мұқтаж азаматтарға кешенді қызмет көрсетіледі. Соның нәтижесінде тек Астана қаласында адвокаттың қыз­метіне ақы төлеуге мүмкіндігі жоқ 57 азаматтың өтініші бойынша іс сотқа дейін жеткізіліп, мәселе оң шешімін тапты.
Қазіргі таңда еліміз бойынша 230-дан астам қоғамдық қабылдау бөлмесі жұмыс істейді. «Үздік қоғамдық қабылдау бөл­месі» байқауына солардың бәрі қатысты. Нәтижесінде, аймақтық партия фи­лиалдары арасында бірінші орынды Алматы қалалық филиалы алды. Екінші орынға Павлодар облыстық филиалы табан тіресе, үздік үштікті Астана қалалық филиалы түйіндеді.
Ал аумақтық филиалдар арасында бас жүлде Түркістан облысы Мақтаарал аудандық филиалына бұйырды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысы Семей қалалық филиалы алса, үшінші орыннан Қостанай облысы Федоров аудандық филиалы көрінді.
Айта кетейік, жеңімпаздар өтініштерді өз мерзімінде қарау, оларды өз уақытында тіркеу, оң шешілген өтініштер үлесі, аза­маттарды қабылдау және бірыңғай ақ­параттық жүйеге енгізу талаптары бойын­ша анықталды.Сонымен бірге, өзге де номинациялар бойынша жеңімпаздар белгілі болды. Атап айтқанда, «Ең үздік депутат» номи­нациясы бойынша Мәжіліс депутаттары, «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшелері Айзада Құрманова мен Артур Платонов жеңімпаз атанды. «Ең үздік мемлекеттік орган» аталымында Инвести­циялар және даму министрлігі топ жарды. Ал «Қоғамдық қабылдау бөлмесінің ең үздік қызметкері» атағына Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің сарап­шысы Бауыржан Қасабеков лайық деп танылды.

Е.МҰРАТБЕК

Дереккөз: Айқын