Жеңілдетілген ипотека Қазақстан халқының 15%-ына ғана тиімді болып тұр
Мемлекет жыл сайын ипотека талаптарын жеңілдетіп жатыр, соның өзінде ипотека бағдарламалары қазақстандықтардың 42%-ы үшін ғана тиімді болып отыр. Бұл – Қазақстан халқының 15%-ы. Бұл туралы Finprom.kz сарапшылары хабарлады.
Сарапшылардың мәліметінше, ипотекалық қарыз алуда кредитор-банктердің талабына сай келмеген қазақстандықтар үшін жалғыз жол – тұрғын үй құрылысы жинақтары. Тәртіппен жүретін салымшыларға төлем қабілетін дәлелдеу қажет емес.
Соңғы бірнеше жыл бойы мемлекет қазақстандықтардың баспана алу мүмкіндіктерін жақсарту үшін көп шара қабылдады. Тұрғын үй құрылысы жинақтары жүйесі мен арнайы қор арқылы тұрғын үй құрылысына кепілдік беру жүйесі жасалып, сәтті енгізілді, “Нұрлы жер”, “7-20-25” мемлекеттік бағдарламалары іске асырылып жатыр. Бағдарламалар бір-бірін толықтырып, баспана нарығына оң әсерін тигізіп отыр. Дегенмен ипотеканың ең оңай әрі ыңғайлы деген шарттарының өзі қазақстандықтардың бәріне бірдей қолайлы болып отырған жоқ. Мысалы, ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің қараша айындағы мәліметі бойынша елімізде баспананың бір шаршы метрінің орташа құны – 265,7 мың теңге, яғни бір бөлмелі пәтер (35,5 шаршы метр) орташа есеппен 9,4 миллион теңге тұрады.
20% көлеміндегі ең төменгі бастапқы жарна (несиелендірудің жеңілдікті бағдарламасының шарты) – 1,9 миллион теңге, қарыз сомасы (баспана құнының 80%-ы) – 7,5 миллион теңге. 7% болатын жеңілдікті мөлшерлемемен мұндай қарыз бойынша ай сайынғы төлем 53,3 мың теңгеге тең.
Бір жағынан бұл – аса үлкен емес әрі мейлінше оңтайлы сома. Екінші жағынан бүгінде Қазақстан банктері әдетте түрлі скорринг жүйесіне қарай қарыз сомасы табыстың 50%-ынан, кейде 30%-ынан аспауы керек екенін талап етеді.
Банктің ең қатал талабы бойынша сондай пәтерді несиеге алған қазақстандық 177 800 теңгеден кем емес, ал ең жұмсақ талап бойынша 106 700 теңгеден кем емес табыс табуы керек болады.
Finprom.kz сарапшыларының есептеуінше, мұның бәрі бағып отырған адамы не төлейтін басқа несиесі жоқ жұмыс істейтін қазақстандықтарға тиесілі. Ал асырауында адамы бар қазақстандықтардан банк тағы да жоғары табыс талап етуі мүмкін. Төлем қабілеті бағаланған кезде азаматтың табысынан бұрыннан бар қарыз бойынша төлемдері де шегеріледі.
Демек, мейлінше тиімді амал бойынша (қарыз мөлшері табыстың 50%-ынан аспайтын деңгейде болғанда) бір бөлмелі пәтерді ипотекамен алу тұрақты жұмыс істейтін қазақстандықтардың 42%-ына тиімді. Анағұрлым жоғары талап қойылғанда (қарыз мөлшері табыстың 30%-ынан аспайтын деңгейде болғанда) жеңілдетілген ипотека тұрақты жұмысы бар қазақстандықтардың 22,5%-ына ғана тиесілі болады. Кәмелетке толмаған балалары немесе асырап отырған басқа да адамдары және ақшалай немесе тауарлай несиесі бар қарыз алушылардың есебінен ипотекаға қол жеткізетіндердің саны одан да аз болуы тағы ықтимал. Себебі екінші дәрежелі банктер қоятын міндетті талап – Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорына тұрақты қаражат аудару және несие тарихының жақсы болуы.
Статистика комитетінің мәліметінше, жалданып жұмыс істейтін қазақстандықтардың 49,3%-ы 105 мың теңгеден аз, тағы 8,2%-ы 105 мың теңгеден 120 мың теңгеге дейінгі жалақы алады. Жалдамалы жұмысшылардың 77,5%-ы айына 180 мың теңгеден аз табыс табады.
Қазақстанның 18 миллионнан асатын халқының еңбекке жарамды бөлігі – 9,2 миллион адам, оның 8,7 миллионы – жұмыс істейтіндер, 440 мыңнан астамы – жұмыссыздар. Жұмыс істейтін азаматтардың 6,6 миллионы – жалдамалы жұмысшылар (халықтың 36,1%-ы), 2,1 миллионы – тұрақты, қалыпты, тиянақталған табысы жоқ өзін-өзі еңбекпен қамтушылар.
Банктердің төлем қабілеті бойынша қоятын талаптарына сай келмейтін қазақстандықтар мен бастапқы жарнаны бірден төлей алмайтын азаматтарға тұрғын үй құрылысы жинағы жүйесінің көмегіне жүгінуге тура келеді.
Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне салынатын жинаққа мемлекеттен сыйлықақы қосылады (200 АЕК-тен аспайтын сомаға 20% сыйлықақы), ол салымшыларға аз жалақымен де бастапқы жарна жинауға мүмкіндік береді. Бұған қоса, тәртіппен жүретін салымшылар 3,5%-дан басталатын жылдық мөлшерлеме бойынша заем ала алады.
Дереккөз: Baribar.kz