Ораз Алимбеков: «Бас мүфтидің інісі қымбат машинаны қайдан алды?»
Ағасы бардың — Lexus 570-і бар ма?!
Бас мүфтидің інісі қымбат машинаны қайдан алды?
Бас мүфти Наурызбай Тағанұлы Өтпеновтің інісі Мелс Таған қымбат көлікке (суретте) мініп алды. Мұндай Lexusтің жаңасы 80-90 млн теңге тұрады.
Мелс молда Алматы мешіттерінің бірінде имам қызметін атқарады. Әрине, МЭЛС (Маркс-Энгельс-Ленин-Сталин) десең, Бас мүфтидің ондай інісі жоқ деп бетбақтырмайтындар бар. Мелс молда өзінің шын атын жасырып, былайғы жамағатқа «Мұсабекпін» деп танысады. Әлеуметтік желіде өзін Мұсабек Тағанұлы деп жазады. Өзін кім деп атаса да, бұл оның жеке шаруасы. Ал 50-60 мың теңге жалақы алатын Мелс имам мініп алған қымбат көліктің қандай ақшаға алынғаны, оның Бас мүфтиге қатыстылығы жөнінде бір гәп бар.
Құрметті, оқырман. Кеше осы парақшада Алматы облысы, Жамбыл ауданының бас имамы Қалжан Исламхановтың өзіне тиіскен бір адаммен сөйлескен әңгіменің аудиосы жарияланған еді. Сол аудиодағы әңгіме желісі мынандай ғой: Қалжан имамның үстінен аудандағы молдалар жоғарғы жақтағы ішкі саясат секторына «бізден ақша жинай береді, жинай береді» деп шағымданған. Ал Қалжан имам жиналатын ақшаны қалтасына басып жатпағанын, мұның бәрі мүфтияттың, мүфтилердің тапсырмасы екенін айтып басын арашалап алмақ болып талпынып, мүфтиятқа лағнет жаудырды, қызды-қыздымен шапыраштылардан да бұдан былай қорықпайтын айтып жіберді.
Әркез «айран ішкен құтылатын, шелек жалаған тұтылатын» заман емес пе?! Мүфтияттағы осы қағидаттың мәнісін енді ғана түсінген Қалжан имам егер өзі «су түбіне» кетіп бара жатса, мүфтиді өзімен бірге тұңғиыққа тартып кететінін айтты.
Әбден ашынған Қалжан имамның жанкешті осы әрекетіне қарап отырып, бүгін-ертең Бас мүфтиге қарсы бір компроматтың әлемторға лақтырылатыны жөнінде болжам айта салып едім. Сол болжам рас болып шықты. Жетісу молдаларының чатында Бас мүфти Наурызбай Тағанұлының інісі Мелс Таған мініп жүрген Lexus 570-тің алдынан түсірілген суреті жарқ ете қалды…
Енді мені «Осы Lexus 570-ті сатып алуға ай сайын ақша жинайтын Жамбыл ауданының молдалары үлес қосты ма, үлес қоса алмады ма?» деген сұрақ мазалап жатыр… Эх, бірі кем дүние-ай!
Жазба Ораз Алимбеков Facebook парақшасынан алынды.