2022 жылдың үздіктері анықталды
«Адырна» ұлттық порталы 2022 жыл бойынша өз саласында үздік деп танылған майталмандарды анықтады. «Жыл үздіктерін» анықтау әлеуметтік желі парақшаларындағы дауыс беру арқылы жүргізілді. Бірнеше бағыт бойынша ұйымдастырылған тартысқа толы «сауалнама сайысында» үздіктер нақтыланды, деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы.
Сонымен, биылғы жылдың үздіктері төмендегідей:
«2022 жылдың үздік министрі» ретінде Асхат Аймағамбетов танылды. Министр оқу үрдісін ұлттық танымға сай жасақтауда және сапалы білім қалыптастыруда табанды қызмет етіп келеді. Оның ең басты жетістігі — қазақ тілінде білім беру ісінің өрісін кеңейтуі болды.
«2022 жылдың үздік әкімі» Берік Әбдіғалиұлы болды. Әкім өз қызметінде Ұлт Ұясы — Ұлытау өңірін дамытудың тиімді тұстары мен нақты қадамдарын белгілеумен ерекше көзге түсті. Өндіріс саласын қайта жандандырып, тұрғындар әлеуметін арттыруға күш салды.
«2022 жылдың үздік депутаты» болып Еділ Жаңбыршин танылды. Депутат мінберде өзінің тікмінезі, батыл шешімдері және шыншыл, турашылдығымен есте қалды. Ескі жүйені өзгертіп, әділетті Қазақ қоғамын құруды талап етті.
«2022 жылдың үздік журналисі» болған азамат — Мақсат Толықбай. Журналист тікелей толқында әлеуметтік мәселелерді ашық көтеріп, Қазақ еліндегі көптеген проблемаларды ашық айта алды. Оның хабарлары көптеген Қазақ елі азаматтарының есінде сақталып, қоғамдық пікір тудырды.
«2022 жылдың үздік халық блогері» болып Қуаныш Еділхан танылды. Әлеуметтік желіде белсенділігімен, терең пайымы және ашық санасымен көзге түскен азаматты оқырман қауым жақсы таниды. Оның саяси сипаттағы жазбалары ұлттық мүддені көксеп, оқырмандардың cаяси санасының өсуіне игі ықпал етуде.
«2022 жылдың үздік ұлт жанашыры» есебінде Арман Шораев есте қалды. Кейіпкер ұлттық мүддені, қазақылықты, қазақ халқының қауіпсіздігін қашан да бірінші орынға қояды. Оның өткір сөздері мен өтімді сұхбаттары қалың қазаққа рух беріп, қоғамдық сананы серпілтті. Сыртқы және ішкі геосаясаттағы ұстанымдары көпшілік көңілінен шықты.
«2022 жылдың үздік тіл жанашыры» ретінде Асылы Осман ханым көпшіліктің қалың ықыласына бөленді. Жаны қазақ қызы мәйекті тілі, ақ жүрегі, кең пейілінің арқасында халықтың сүйіктісіне айналған.
«2022 жылдың үздік заңгері» болып Айгүл Орынбек таңдалды. Оқырмандар заңгерді қоғамдағы келеңсіздіктерге бел шешіп, білек сыбана араласуымен, өткір жазбалары, нақты ұстанымдары арқылы жақсы таниды.
«2022 жылдың үздік ұстазы» болып Өмір Шыныбекұлы тандалды. Үздік ұстаз мектеп өміріне, еліміздегі білім саласының өркендеуіне шын жанашыр, білім саласындағы келеңсіздіктерді бұқпай айтады әрі өз ісінің білгірі.
«2022 жылдың үздік спортшысы» болып Жәнібек Әлімханұлы таңдалды. Оның Қазақ еліне жеңіс сыйлаған шуақты сәттері, қазақтың рухын көтерген шақтары халық жадында. Төрткүл дүние Жәнібектің ықпалымен қазақ тілінің құдіретін сезінді, қазақ ұлтына деген құрметі артты.
«2022 жылдың үздік қаржы сарапшысы» болып Дәулет Мұқаев таңдалды. Ол экономикалық құбылыстарды қарапайым тілде оқырмандарға жеткізіп, қазақ халқының әлеуетін арттыруға үлес қосып жүр.
«2022 жылдың үздік саяси сарапшысы» ретінде Асхат Қасенғали таңдалды. Автордың талдамалы, сараптамалы жазбалары оқырман қауымның жіті назарында. Саясаттанушының басты ерекшелігі, кез келген саяси құбылыстың тереңіне үңілуінде және оны сараптамалық сипатта жеткізуінде.
«2022 жылдың ұлт батыры» болып Асқар Забикулин таңдалды. Халқының амандығы жолында өртке оранып, жанын қиған азаматтың көзсіз ерлігі қалың көпшіліктің жадында жаттаулы. Асқар өзінің мәнді ғұмырында халқын қалай шын сүю қажет екендігін танытып, көрсете білді. Батырдың есімі мәңгілік халқының жүрегінде сақталады.
«2022 жылдың ұлт қайраткері» болып Балташ Тұрсымбаев таңдалды. Үздік қайраткердің қазақ мүддесі үшін жан беріп, жан алысып күрескені көпке үлгі. Кейіпкер саясаттағы шыншылдық, адами қасиеттердің хас кескіні мен турашылдықты ту етті.
«Жыл адамы-2022» болып Берік Әбішев таңдалды. «Қаңтар қырғыны» кезінде қазақтың бөрілі байрағын құлатпай, туын жықпай, ерен ерлігімен көзге түсті. Оның халықшыл, ұлтшыл мүддесі көп қазақтың мерейін өсіргені рас.
«Ақпараттың сұрмергені — 2022» ретінде Оңғар Қабден таңдалды. Кәсіби журналист Украина мен Ресей қақтығысына қатысты нақты ақпарат ұсынып, Екібастұз халқын саршұнақ аяз қысқанда, елдің ішінен, халықтың ортасынан табылды. «Ақ қар, көк мұзда» ақпарат таратты.
«Адырна» ұлттық порталы барлық майталмандарды шын жүректен құттықтайды. Жаңа жыл баршаңызға табыс, береке, бақ пен молшылық әкелсін.
«Адырна» ұлттық порталы