«Қазфосфат» басшылығы кешірім сұрады: жұмысшылардың намысына тиген компания өкілі қызметінен кетті

0

Жамбыл облысы әкімдігінің еңбек инспекциясы басқармасы Таразда «Қазфосфат» жұмысшыларының наразылыққа шыққанына қатысты түсініктеме берді.

«2022 жылдың 23 қарашасы сағат 11:40 шамасында «Қазфосфат» қызметкерлері арасында түсінбеушілік туындады. «Қазфосфат» ЖШС-ға қарасты цифрлық трансформация басқармасының басшысы әріптестеріне дөрекі сөйлеген. Соның салдарынан түсінбеушілік болған», — деп хабарлады басқарма.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржан Календеров, облыс әкімінің орынбасары Қанатбек Мәдібек, облыс прокурорының орынбасары Нұрбек Ұласбекұлы қызметкерлермен кездесіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Қазфосфат» ЖШС-ға қарасты цифрлық трансформация басқармасының басшысы әріптестерінен кешірім сұрады. Ол жұмыстан шығарылды, — делінген ақпаратта.

Еңбек инспекциясы басқармасының хабарлауынша, шамамен 200-ге жуық қызметкер жиналған.

«Осы оқиғаға қатысты зауыт ішінен ерікті 20 адамнан құралған жұмысшы топ құрылды. Топ құрамына әр цехтың басшысы және кәсіподақ өкілдері еніп, өзекті мәселелер бойынша жұмыстар жүргізіп жатыр. Қазір кәсіпорындағы ахуал тұрақтанды. Жағдай облыс әкімінің тікелей бақылауында», — деп хабарлады еңбек инспекциясы басқармасы.

Айта кетейік, 23 қарашада жүздеген қызметкер «Қазфосфат» ЖШС-ға қарасты «Жаңа Жамбыл фосфор зауыты» филиалы маңында жиналды. Қызметкерлердің айтуынша, мекеме басшылығы жұмысшыларды балағаттаған.